Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Бала ырысы» атты жаңа жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың шілдесінен бастап үш жасқа дейінгі әрбір балаға отбасының табысына қарамастан ай сайын 1200 сом төленеді.
Бұл бастама Орталық Азия елдеріндегі балаларға арналған әлеуметтік төлемдер жүйесін қайта талқылауға түрткі болды. QZ Economy сарапшылары өңірдегі жәрдемақылар көлемін салыстырып көрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғызстанда қандай төлемдер бар?
Қырғызстанда қазір бірнеше әлеуметтік төлем түрі қарастырылған. Соның бірі – жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақы.
Қалыпты босану кезінде әйелдерге 126 күнге (босануға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 56 күн) төлем жасалады. Егер босану асқынумен өтсе немесе егіз, үшем сияқты бірнеше бала дүниеге келсе, төлем 140 күнге беріледі. Ал таулы немесе қолжетімділігі қиын аймақтарда жұмыс істейтін әйелдерге және көпұрықты жүктілік кезінде 180 күнге дейін төленеді.
Жәрдемақының мөлшері де ерекше есептеледі: алғашқы 10 жұмыс күніне жалақының 100 пайызы төленеді, одан кейін ай сайын 2 мың сом беріледі.
Бұдан бөлек, бала туған кезде «Балага сүйүнчү» атты бір реттік төлем бар. Оның көлемі – әр балаға 4 мың сом.
Енді осы жүйеге «Бала ырысы» бағдарламасы қосылады. Ол бойынша үш жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1200 сом төленеді.
Валюта бағамына шаққанда:
-
1200 сом – шамамен 7 мың теңге;
-
2000 сом – шамамен 11,3 мың теңге;
-
4000 сом бір реттік төлем – шамамен 22,7 мың теңге.
Есеп бойынша, орташа жағдайда бір отбасы үш жыл ішінде «Бала ырысы» арқылы шамамен 250 мың теңге алады. Оған қоса жүктілік пен босануға байланысты төлем шамамен 50 мың теңге және 22,7 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы қосылады.
Осылайша, жалпы төлем көлемі шамамен 320–325 мың теңге.
Өзбекстандағы төлемдер
Өзбекстанда қазір бірінші бала туған кезде мемлекеттік бір реттік төлем беріледі. Оның көлемі ең төменгі жалақының 70,3 пайызына тең.
Бұл шамамен 893,5 мың сум немесе 36,5 мың теңге.
Екінші және одан кейінгі балаларға мұндай төлем тек ресми түрде аз қамтылған деп танылған отбасыларға ғана беріледі.
Жалпы алғанда, негізгі мемлекеттік төлем көлемі – 36 500 теңге.
Тәжікстандағы төлемдер
Тәжікстанда жәрдемақы көлемі айтарлықтай төмен. Соңғы деректерге сәйкес:
-
бірінші балаға шамамен 20 доллар;
-
екінші балаға 13 доллар;
-
үшінші және одан кейінгі балаларға 7 доллар төленеді.
Бұл теңгеге шаққанда шамамен 10 мың, 6,5 мың және 3,5 мың теңге шамасында.
Қазақстандағы жүйе қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда бала тууы мен оны күтуге байланысты жәрдемақылар жүйесі біршама қалыптасқан.
Алдымен бала туған кезде берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы төленеді:
-
бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 мың теңге;
-
төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 мың теңге.
Сонымен қатар бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы күтім жәрдемақысы төленеді. Жұмыс істемейтін аналар үшін оның мөлшері:
-
бірінші балаға – 24 мың теңге;
-
екінші балаға – 29 мың теңге;
-
үшінші балаға – 33 мың теңге;
-
төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 мың теңге.
Ал ресми жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босануға байланысты төлем жасалады. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа табысқа байланысты есептеледі.
Бұдан кейін бала күтіміне байланысты табысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлем беріледі. Оның көлемі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызына тең.
Есеп бойынша:
-
жұмыс істемейтін әйел бірінші баланы дүниеге әкелгенде шамамен 596 мың теңге алады;
-
егер әйелдің жалақысы 250 мың теңге болса, ол жүктілікке дейінгі табысын есептегенде шамамен 1,96 млн теңге төлем ала алады. Жалақы жоғары болған сайын жәрдемақы көлемі де өседі.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы
Қазақстанда балаларға арналған тағы бір маңызды бастама – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы.
Үш жыл ішінде бағдарлама бойынша балалардың шоттарына 2,5 млрд доллардан астам қаржы есептелген. Тек 2024 және 2025 жылдары әр баланың есепшотына 230 доллардан астам қаражат аударылды.
