Илон Маск Еуроодаққа “шабуылды” үдетті

Көркем Алдабергенова 08 жел. 2025 09:37

Еуроодақты таратып, мүше елдерге толық егемендік қайтару қажет. Мұндай пікірді X әлеуметтік желісінде миллиардер Илон Маск айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, «үкіметтер өз халықтарының мүддесін жақсырақ қорғай алуы үшін» ЕО-ны жою керек. Тағы бір жазбасында кәсіпкер «Еуроодақтың бюрократиялық жүйесі Еуропаны баяу тұншықтырып жатыр» деп сын айтты.

Маск бұған дейін де ЕО жұмысына жиі күмән келтіріп, мүше мемлекеттерге бірлестіктен шығуды ұсынған. Ал бұл жолғы пікірталас Еурокомиссияның X компаниясына €120 млн айыппұл салуынан туындады. Айыппұл цифрлық қызметтер туралы заң (Digital Services Act, DSA) талаптарының орындалмауына байланысты кесілген.

Еуроодақ билігінің қорытындысына сәйкес, X әлеуметтік желісі дәстүрлі түрде ресми аккаунттарды растауға арналған «көк белгі» жүйесін дұрыс ұйымдастырмаған. Қолданушылар бұл белгіні сатып ала алады, ал бұл өз кезегінде басқа адамдарды шатастыруы мүмкін. Сонымен қатар, сервистің жарнамалық мәліметтерді ашық жарияламауы және ортақ деректерге реттеушілерге қолжетімділік бермеуі заңбұзушылық ретінде көрсетілді.

 
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар