Блогер Ерболат Жанабылов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы полиция хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Эльмира Төлегенованың Threads платформасында жариялаған жазбасы анықталған. Видеода ол жұбайымен арада жанжал болғанын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, тексеру жүргізген. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғаны белгілі болған. Алайда Төлегенова полицияға ресми арыз жазудан бас тартқан.
Соған қарамастан, Ерболат Жанабыловқа қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалып, іс материалдары сотқа жолданған.
Сондай-ақ полиция Жанабыловтың бұған дейін де пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, 28 тамыз күні сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген мекенжайда болмаған. Осы жайт бойынша жиналған материалдар да сот қарауына жіберілген.