Ақтөбе облысында тағы да жантүршігерлік жол апаты болып, 5 шетелдік қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
7 желтоқсанда сағат 08:40 шамасында республикалық маңызы бар Самара–Шымкент тасжолының 1024-шақырымында автобус аударылып кеткен.
"Алдын ала мәлімет бойынша автобус жүргізушісі Самара–Шымкент тасжолымен Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай келе жатып, Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында көлік құралының қозғалыс бағыты бойынша оң жаққа аударылуына жол берген. Автобус салонында Пермь–Ташкент бағытында жол жүрген Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған", - деді полиция.
Жол апаты салдарынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтекеби аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр.
