20 жыл бұрын зейнеткерді зорлап өлтірген қылмыскер енді ұсталды

Көркем Алдабергенова 08 жел. 2025 09:49

Қазақстандық полицейлер 20 жыл бойы ашылмай жатқан ауыр қылмысқа кінәлі адамды тапты. Заманауи технологияның арқасында 2006 жылы жасалған қатыгездік әшкереленіп, марқұмның ары алдында әділдік орнады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға осыдан 20 жыл бұрын Қарағанды облысында болған. Дүкеннен азық-түлік аламын деп шыққан 70 жастағы әжей сол күйі үйіне оралмаған.

Қария қараусыз тұрған атқораның жанынан өткен сәтте белгісіз адам шабуыл жасаған. Қаскөй дәрменсіз әйелді зорлап, артынша қатыгездікпен өлтіріп кеткен. Сол кезде оқиға орнынан биологиялық іздер алынса да, техникалық мүмкіндік шектеулі болып, қылмыскерді бірден ұстауға мүмкіндік бермеген.

Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Сергей Стихеевтің айтуынша, сол жылдары табылған айғақтарды адамның ДНҚ-сымен нақты сәйкестендіру мүмкін болмаған. Сондықтан іс ұзақ уақыт «ашылмаған қылмыстар» тізімінде қалған.

«Биыл біз жұмыс жүйесін толық жаңарттық. Бұрынғы істердегі айғақтардың бәрін қайта зерттеп, криминалистикалық базалар мен ДНҚ деректерін түгел салыстырдық. Соның нәтижесінде күдікті табылды. Қазір оның жасы 55-те», – деп мәлімдеді ол.

Тергеу мәліметінше, күдікті өз қылмысын толық мойындаған. Ол қазіргі кезде басқа іс бойынша колонияда жазасын өтеп жатыр. Қосымша тергеу жалғасып жатыр.

Мамандар айғақ дұрыс сақталса, ол ондаған жыл өткен соң да қылмыскерді әшкерелей алатынын айтады. Ол үшін биологиялық материал арнайы температура мен ылғалдылық сақталған камераларда ұсталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар