“Аш балаға ұйықтатын дәрілер береді”. Қазақстандық журналистер Ауғанстандағы ахуалды көрсетті

Қаракөз Амантай 08 жел. 2025 13:02

Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтіп, қиын сәтте бауырлас елге қол ұшын созуға тырысты. Көмек керуенімен бірге SayahatTime YouTube арнасының журналистері де барды. Олар Кабулдағы жағдайды көзбен көріп, ондағы ахуалды өз арналарында баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арна жүргізушілерінің сөзінше, көршілес елдердегі түсініспеушіліктер мен саяси шиеленістердің салдарынан Ауғанстанға күн сайын мыңдаған босқын ағылып жатыр. Сонымен бірге биыл бірнеше рет болған жер сілкінісінен 1500-ден аса адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалған. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жөнелтті. Әскер ұшағында дәрі-дәрмек пен медициналық құралдармен бірге 13 қазақ дәрігері де барған.

“Бұл жолы гуманитарлық жүктің басым бөлігі медициналық бағытта болды. Оның ішінде төсек-орын, көрпелер, дәрі-дәрмек, антибиотиктер бар. Үлкен жүк ұшаққа әрең сыйды. Мұнда бізді жылы қарсы алды”, — дейді SayahatTime YouTube арнасының журналистері.

Ауған билігінің алғысы

Ауғанстанның табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ұлттық басқармасының бөлім басшысы Бурхануддин Хан Қазақстанға ризашылығын білдірді.

“Бұл - Қазақстанның бізге алғаш көмектесуі емес. Мұны өте жоғары бағалаймыз. Өйткені ең ауыр күндері көмек қолын созу жай күндердегі қолдаудан әлдеқайда маңызды. Қазақстан халқына және Үкіметіне алғысымыз шексіз”, — дейді ол.

Босқындар лагері

Ақпаратқа сүйенсек, Кабулда 5 миллионға жуық адам тұрады. Көшеде кептеліс көп, қайыр сұраған бала мен қарт та жетерлік. Әр бұрышта қарулы тәліптер күзетте тұр.

SayahatTime тобы барған батыс ауданындағы босқындар лагері ахуалдың қаншалықты ауыр екенін көрсетті.

“Лагерь елдегі ахуалдың қаншалықты мүшкіл екенін бірден аңғартты. Жалаңаяқ жүгірген балалар, барарға жер таппаған ары-бері сабылған қарияларға қарап, көзге жас келеді. Киімдері жұпыны, жылы аяқ-киімдері жоқ. Жататын жерлері де нашар. Тастың үстіне қапшық төсеп қойған. Мұның бәрі жүрекке ауыр тиеді. Дәрі-дәрмек жоқ, тамақ жеткіліксіз. Дәрігер аз”, — дейді олар.

Айтуларынша, бұл лагерьде жүргендер кезінде Иран мен Пәкістанға көшіп кеткен ауғанстан азаматтары. Арадағы түсініспеушілікке байланысты көрші елдер оларды жаппай шығарып жатыр.

“Мұнда күніне 7 мыңдай адам келіп түседі. Барлық тексеруден өтіп, жәрдемақы алғаннан кейін туысы барлар туысына, туысы жоқтар өңір-өңірге жіберіледі. Келіп-кетіп жатқан автобус көп. Іші толған адам”, — дейді олар.

Ауғанстандағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің өкілі Чарли Гудлейк биыл Пәкістан мен Ираннан 2,5 мыңнан астам адам, ал кейінгі екі жылда 4 миллионнан астам адам қайтарылғанын жеткізді.

“Бұл халықтың 10%-ы. Келгендердің 70%-ы — әйелдер мен балалар. Олардың жаңа жағдайға бейімделуі өте қиын”, — дейді ол.

Қазақстанның көмек көрсетуі

ҚР Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ғазиз Ақбасов гуманитарлық көмектің себебін түсіндірді.

“Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Ауғанстанға көмектесіп келе жатыр. Гуманитарлық көмек жіберудің ең басты себебі көршілес, бауырлас ел болғаннан кейін қиындықты көріп жатқаннан кейін біздің Үкімет те, халық та оған қол қусырып қарап отыра алмайды. Саяси жағынан 40 жылдан астам уақыт Ауғанстан соғыс орталығы болды. Сол жағдайға қайта тап болмау үшін, аумақта тыныштық-бейбіт өмір болуы үшін осы аумақтағы барлық мемлекет бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы заңды деп санаймын. Сондай-ақ оған қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысып жатырмыз”, — деді ол.

Ал елшілік кеңесшісі Айят Елеусінов көмектің нақты қайда жұмсалып жатқанын атап өтті.

“Жіберілген көмектің әр жастығы мен әр дәрісі елшіліктің бақылауында. Оның жартысы дәрі-дәрмек, жартысы лагерьге керек заттар. Балалардың жағдайы өте ауыр. Көмектің барлығы соларға арналған. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, жер қандай суық. Жерге ештеңе төселмеген. Кішкентай балалар жалаңаяқ жүгіріп жүр. Мұның бәрі 40 жылдық соғыстың салдары”, — дейді ол.

Айтуынша, бұл елдің халқы өте талантты, алғыр және еңбекқор.

“Бұл мемлекеттің жағдайы өте жаман. Халқының жартысы күнде аш оянады. Алайда қиын жағдайларына қарамастан, ешқашан түңілмейді, жыламайды”, — дейді ол.

Аш балаларға ұйықтататын дәрі беріледі

БҰҰ-ның мәлімдемесіне сәйкес, Ауғанстандағы аш балалардың саны күрт өскен. Әрбір үшінші бала уақытылы тамақтанбағындықтан, дұрыс дами алмайды. Кей отбасылар асқазаны шұрқырап жылайтын балаларына седатитвті және ұйықтатын дәрі беруге мәжбүр екен.

“Халықаралық ұйымдардың ақпараты бойынша, 15 миллионға жуық ауған аш. Бұған соңғы екі жылда гуманитарлық көмек көлемінің қысқаруы тікелей әсер етіп отыр. Құрғақшылық, су тапшылығы, құнарлы жерлердің азаюы және апаттар жағдайды ушықтырып жатыр”, — дейді арна жүргізушілері.

Ауруханалардағы жағдай

Қазақ дәрігерлері барған Кабул ауруханаларында да адам көп.

Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология орталығының директоры Олжас Бекарысов ондағы жай-күйді баяндады.

“Науқастардың жағдайы ауыр. Бірнеше сынық, ауыр ми жарақаттары көп. Біз әріптестерімізбен бірге операцияларға қатысып, тәжірибемен бөлісіп жатырмыз. 10 күндей бірге жұмыс істеп, жақсы нәтиже болады деп ойлаймыз”, — дейді ол.

Ауғанстандағы жағдай — тек бір елдің емес, бүкіл аймақтың проблемасы. Аштық, босқындар легі, медициналық дағдарыс пен табиғи апаттар елді өте әлсіз күйге түсіріп отыр.

SayahatTime түсірген репортаж Ауғанстанның бүгінгі шындығын, миллиондаған адамның тағдырын және көршілес елдердің қолдауының қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар