Қазақстандағы Украина елшілігі жыл сайын 6 желтоқсанда атап өтілетін Украина Қарулы күштері күнін мерекеледі. Бұл туралы елші Виктор Майко өз парақшасында хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
«6 желтоқсан, Украина Қарулы күштері күні – соғыс жылдарындағы әрбір күн тәрізді біздің барлық ойымыз алғысқа толы. Біз бұл күнді өз қорғаушыларымызға арнаймыз», – деп жазды дипломат.
Оның айтуынша, елшілік ұжымы бұл күнді отандастарымен бірге еске алу үшін жиналған. Майко әріптестеріне жолдаған сөзінде Украинаның тарихы - еркіндік, тәуелсіздік және өз жерінде өмір сүру құқығы үшін күрес екенін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі әскердің дәстүрі украин казактарының әскери мұрасымен байланысты екенін жеткізді.
Украина Қарулы күштері 1991 жылы құрылған. Әскердің белсенді жаңғыруы 2014 жылғы оқиғалардан кейін басталды, ал 2022 жылдан бері Украина қарулы күштері толыққанды соғыс жағдайында негізгі қарсылық күші ретінде әрекет етіп келеді.
