Басқа аймақтардағыны былай қойғанда, Жетісу өңіріндегі алапаттар ойға оралған сайын бір қиырда жатқан Қарқара мен Ереуілтөбе аумағын алып жатқан ендіктердегі еліміздің бастан кешкен қанды шеңгелдегі оқиғалары санаңнан қылтиып шыға бастайды. Олай болмай қайтсін. Санасында сәулесі бар адам баласының көкірек көзінен мұражай құжаттарын ақтарып-төңкеріп қарамағанның өзінде, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі мен тарихты зерттеушілер Тұрлыбек Ілиясұлы мен Жұмәділ Қарабайұлының «Қарқара көтерілісі», «Қарқара айбаты» кітаптарын және қоғам қайраткері Сейдәлім Тәнекеевтің «1916 Қарқара – Албан көтерілісі» шығармашылық еңбегін оқымаудан тысқары қалған адам кемде-кем шығар деген тоқтамға тірелесіз.
Көп еңбекпен жарыққа шыққан осы бір дүниелерді ой елегімен сүзбелеп отырғанда, сол кездегі патша жарлығының қаһарының қатты болғанын, өрімдей бозбалаларды қойдай көгендеп, қиян-кескі ұрыстарға салу үшін солдатқа алмақ болу және қара жұмысқа салу екендігі халықтың қаны мен ашу-ызасын қазандай қайнатып-ақ жібереді. Сонда жұдырықтай жұмылған қара халық:
– Баласы мен туысынан безген адам жоқ. Көген көздерді жапан далада өлтіріп, қарға-құзғынға жем қыла алмаймыз. Соры қайнаса боздақтарынан айырылған, қолбасынан айырылған ата-аналардың соры қайнайды. Патшаның несі кетеді! Қырылса, біздің балаларымыз қырылады. Ақ патша әділеттен тайды. Оның ойраншыл жарлығын орындамаймыз. Сондықтан бала бермейміз! – деп жалтармас жауабын кесіп-пішіп, бір-ақ айтады.
Қарақұрым халық алдында осы бір ойға қонарлық шешімтал жауабын айтып отырған кім деген ойдың жетегінде қаларыңыз анық. Әрине, ол қарабайыр халықтың қатарындағы жай адам емес. Ол халықтың өзі сайлап алған он алты болыс билерінің бірі – Құдиярбек би Шотаманұлы. Сондағы ұлт-азаттық көтерілісі көшбасшыларының беткеұстар қаймақтарының бірі екендігі ол жайында жоғарыда атап кеткен кітаптарда ғана емес, мерзімдік басылымдардағы мақалалар барысында да әділдік пен ақиқатты ту етіп ұстап өткен би болғандығы жиі тілге тиек болып жатады. Қара қылды қақ жарып айтатын, халықтың қамын ойлайтын би болғандықтан оны төбесіндегі төрелер мен айналасындағы халықтың алдында абыройы мен мәртебесі дараланып тұрады. Оның дуалы ауыз шешендігі де, істің ығын білер көсемдігі де көптің көңілінен шығып жүрсе керек.
Құдиярбек биге берілген қысқа әрі нұсқа мына бір мінезді байыптама да көп жайдан хабардар ете алады. «Құдиярбек би Шотаманұлы 61 жаста. 1855 жылы дәулетті шаңырақта дүниеге келген. Руы Досалы – Шоған. Иванов болысынан. Жұртқа әділетті би болған. Ұзын бойлы, таңқы мұрын, қалың қас, терең көз, қалың ерін, ұяң мінезді қара кісі». Оған берілген осынау сыртқы сипаттама оның табиғи жаратылысы қандай болғанын қаз-қалпында айнытпай айтып тұр емес пе?! Елдің беткеұстарына айналған жағалы бидің сол бір қиын-қыстау күндердегі өмірлік іс-қимылы да оны білгісі келген адамды бей-жай қалдыра алмайды. Ол үшін тарихи деректердегі мына бір көріністерге көңіл аударсақ, артық болмайды.
Құдиярбек би Шотаманұлы түлкі бөркін басынан алып, екі қолын арқасына ұстап, қырғыз өрме қамшысын беліне қыстырып, мәуіті шапанның алдыңғы етегін кері қатпарлап, жөткірініп алып жиын ортасына шықты. Ол – ақылға толған, тоқтамды сөзін баптап, салмақтап айтатын, халыққа жағымды ел билеуші. Үлкен төбеде біріне-бірі сығылысып отырған адамдарға үңіле қарап сөз сөйледі:
– 1854 жылы патшаға қарсы шығып, соғысып атысқанымыз жоқ. Әділ патша деп қарадық. Содан бері патшаға қарсылық қылып, атысып көрген емеспіз. Сондағы уәде бойынша, «қазақтан әскер алмаймыз, тек қана жиырма тиыннан түтінге рамат аламыз» деп келіскен. Соған тоқтам жасап, ант қағазға аталарымыз қол қойған. Енді міне, патша антын бұзып, уәдесінен тайып отыр. Зұлымдылығы басынан асқан ақ патшаның тақтан түсетін уақыты да алыс емес. Қазақтың қалың бұқарасы кең далада өскен. Оқығандары бірен-саран. Тізімге алынатын жігіттердің бәрі де күні бұрын әскерлік ісіне тартылып үйретілмеген. Бұл жағынан олар тіпті де түлей. Бұлар Германияның бастан-аяқ қаруланған әскеріне қарсы шығып, түгел қырылып, құрбан болса да патша мен ұлықтардың жаны ашымайды. Жігіттердің тізімін жүргізуді тоқтатамыз. Күнде ертеңге салып, приставтың басын қатырамыз. Жәмеңке мен Ұзақтан бөлектеніп шығарымыз жоқ. Бәріміз Жәкең мен батырдың айтқандарына қосыламыз және қуаттаймыз! – деп алқалы жиында айтқан осы сөзінің өзі-ақ Құдиярбек бидің ел ағаларына тән оңды көзқарас иесі болғандығын көрсетеді.
Патша тарапынан болған нұсқаумен қазақтарға жасалған айуандылықтың сол уақытта шеті мен шегі жоқ еді. Оның зорлығы мен құқайын Құдиярбек би Шотаманұлы да аз көрмепті. Мына бір көрініс сол сәттен айна-қатесіз сыр шертеді. «Іңірде қазақтар қамалған камераның екі терезесіне төрт солдат келіп, нарда жатқандарға бесатардан жалынды оқ жаудырды. Әр терезеде қос солдат, үсті-үстіне еселенген атыстың демі басылмады. Нардың терезеге тірелген жерінде бет-аузы айғыз-айғыз, жотасы қан-қан Құдиярбек етбетінен сұлап жатыр», – деп адам төзбестей ашына суреттелген. Сондағы бас көтерер қазақтардың көрген күні осылай болған. Патша солдаттары адам қорлаудың айласын асырып баққан. Аяушылық дегенді білмеген.
Замананың сол бір сейіле қоймайтын қара бұлтты қатері төніп тұрғанда, халықтың арқа сүйеп жүрген атпал азаматтарының қуғын-сүргінге түсіп, көрмеген теперіштері қалмапты. Одан бір болыстың биі атанған, ары мен жанының тазалығымен Құдиярбек би қалай тысқары қалсын. Сол зобалаңда ол халықтың қалқаны болып жүрген игі жақсыларымен әйгілі Қарақол түрмесіне үш-төрт мәрте қамалыпты. Тек тергеуді ғана емес, тепкінің астына алынғанын да тарихи деректер айғақтап бере алады. Ондай қорлық пен зорлықтан ол жасып қалған жоқ. Қайта одан әрі қаһарына мініп, қатерлі кезеңнің қайсар перзенті екендігінен қайтпайды.
«Қолынан келіп тұрған, қонышынан басады» демекші, сол уақытта жаналғыш әзірейіл патшаның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, бас көтеріп қарсы шыққан қазақтардың халықты көтеріліске үндеген ұтқыр ұйымдастырушылары мен топ бастар жетекшілерін қинау мен атудан аянған жері болмады. Сол сияқты патша үкіметінің «Үкіметке қарсы қарулы күш жұмсамақ болғаны үшін, патшаның жеке басына нұқсан келтірерлік қылмысты іс істегені үшін, үкіметке қарсы елді қарулы күреске шақырғаны және үгіт жүргізгені үшін жауапқа тарту туралы» қаулы қабылдағаны одан әрі қатты соққы болып тиді. Осы қаулыны желеу еткен патша жендеттері болыс атаулыдан өздерінің көздеріне түсіп жүрген 66 белсендіні бірден түрмеге жабады. Олардың алдыңғыларының бірі болып Құдиярбек би Шотаманұлы да Иванов болысынан қауіпті қылмыскерлер қатарына тіркеледі. Сонда патша үкімі бойынша жазаға тартылғандардың алды атуға, арты 15 жылдан 25 жылға дейін қатырмаға (каторгаға) айдалады. 66 адамның бірде-біреуі сау қалмайды. Бәрі де жазықсыздан жапа шегеді. Құдиярбек би де екінші топтан ату жазасына кесіліп, арманда кетеді. Нақты дерекке сүйеніп айтар болсақ, сол оспадыр сойқанның салдарынан Қарқараға қатысты аумақтарда 373 үй өртеніп, 1905 адам оққа ұшып, 684 адам жараланып, 1105 адам тұтқындалып, кейіннен олардың мүлдем із-түзсіз кеткендерін тарих дәлелдеп отыр. Әттең, осыны ретке келтіруге тиісті орындар құлықсыз...
Дегенмен, халқы үшін қабырғасы сөгіліп, оқтан опат болған Қарқара көтерілісінің тарихи тұлғасы әрі қайраткері Құдиярбек би Шотаманұлының артында айшықты із қалды. Қақпақ ауылында оның атында көше бар. Райымбек ауданының орталығындағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларға арналған ескерткіште әдіптеліп жазылған аты-жөні тұр. Енді оның артында қалған ел-жұрты мен ұрпағы ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктер мен ҚР Президенті ішкі саясат бөлімі мақұлдап отырған Көкбел ауылындағы «Көксай» орта мектебіне баба атының берілуін асыға күтіп отыр. Оның да орындалары сөзсіз. Оған басқа да құрметтердің көрсетіле жатарына сенім мол.
Қалың қатпарлы сол сойқандағы «Бала өлгенше, шал өлсін» деп ұран тастаған Құдиярбек би бабасының аталы сөзін аузынан тастамайтын, пайғамбар жасынан асқан шөбересі Әбілахат Рысмендиев патша жендеттерінің жауыздығын өзінің жүрек сөзімен былай жырға қосыпты:
Бесіктегі баланы,
Емізіп жатқан ананы.
Жауыздығын көрсетіп,
Бәрін де жау санады.
Қарауылға қойып баланы,
Әскерлері жаттықты...
Тартып алып азығын,
Жасасты қолдан аштықты.
Жер бетінде естіп-пең,
Дәл осындай аштықты.
Патшаға қалай сенерсің,
Айтқанына қалай көнерсің?
Көріп тұрып жауыздығын,
Балаңды қалай берерсің? – деп 16-шы жылдың қасіретті күндерін көз алдыңызға тізбектетіп әкеледі. Әбілахат шөбересінің бізді бабасының аруағы мен рухына арлылық адалдығымен тағзым етіп, елі мен жас ұрпақты баба өмірінен таным мен тағылым алуға үндеуі сүйсіндірді. Оның мұнысы қуана құптарлық іс...
Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты