Күні кеше БАҚ беттерінде Шығыс Еуропадағы банктердің бірі Қазақстандағы ірі банктің бірін сатып алуы мүмкін екендігі туралы ақпарат пайда болған. Иә, "ірі банк" деген сыбыс көпті кәдімгідей елең еткізіп, орнынан қозғап жіберді. Сарапшылар қауымы бұл ретте әртүрлі долбар жасауда. Ал танымал қаржыгер Ғалым Құсайынов бұл арада сатып алушы – мажарлық OTP Bank-і (Венгрия), ал сатылымға қойылғаны ForteBank болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) басшысы Мәдина Әбілқасымова Шығыс Еуропадағы банктердің бірі Қазақстанда ЕДБ сатып алуды жоспарлап отырғанын айтқан.
"Біз сатып алушы банктің атын атай алмаймыз, өйткені ол ақпаратты жария етуге рұқсат етілмеген. Бұл ақпарат 2025 жылдың соңында немесе 2026 жылдың басында жария болып қалады деп үміттенемін ", - деді агенттік басшысы.
"Шетелдіктердің Қазақстанда сатып алғысы келіп отырған банк шағын ба, әлде ірі ме" деген сауалға ол былай жауап қатты:
"Ірі банк. Біз бұл мәмілені асыға күтудеміз, өйткені ол Мемлекет басшысының Қазақстанның банк нарығына үш шетелдік ойыншыны тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Біздің елде екі шетелдік банк пайда болды, бірақ олар тым шағын: Bereke Bank (lesha Bank LLC (Public) еншілес банкі) және BNK Commercial Bank. Бірақ олардың өсу перспективалары бар".
Міне, осы арадағы бізде сатылмақ жұмбақ ірі банктің ForteBank болуы мүмкін екен.
"Егер еліміздегі ірі деген 10 банкті алып қарастырсақ, Халық тым үлкен, ал Каспий болса, тым қымбатқа түседі, керісінше олар өздері банк сатып алып жатыр, БЦК да емес, өйткені олардың акционерлерін мен жақсы танимын, Жусан болса, оны жуырда ғана саттық, Еуразиялық банк дейік десек, әй қайдам, олардың өз басында проблемасы жетерлік. "Берекені" қатарлықтарға бердік. Сонда РБК мен Форте қалады. Егер сатып алушы ОТР деп қарастырсақ, өйткені біздің нарыққа келуге ниетті сол ғана, ал ол бөлшек қызметпен айналысатын банк, демек, бұл HSB-ны сатып алған Форте болады", деп жазды маман Threads-тегі парақшасында.
Бұған дейін ForteBank Home Credit Bank-тің акционері атанғанын жазғанбыз. Онда да Болат Өтемұратовтың банкі Home Credit Bank-тің 26,8% акциясын сатып алғаны белгілі.