Отандық нарықта тағы екі шетелдік банктің пайда болуы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 25 қыр. 2025 11:52

Арабтың Abu Dhabi Commercial Bank-і (ADCB) Қазақстанда әмбебап банк лицензиясын алғаннан кейін жаңасын өзінің осындағы "еншілесі" - ADCB Islamic Bank-пен біріктірмек ниетте, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) басшысы Мәдина Әбілқасымова Kapital.kz-ға берген сұқбатында айтты.

"Арабтың Abu Dhabi Commercial Bank-і (ADCB) Қазақстанда әмбебап банк лицензиясын алуға өткен жылы қызығушылық білдірген. Қазір оның Қазақстанда ADCB Islamic Bank атты еншілесі бар.  Әмбебап банк лицензиясын алу үшін тиісті дайындықтар жүргізілуде, құжаттарды жинау және т. б. дегендей", - дейді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы шетелдік банктің неге әмбебап банк лицензиясына таңдауы түсіп отырғанын да түсіндіре кетті.

"Банк өзінің бизнес-стратегиясын өзгертті, Қазақстан Орталық Азиядағы банктің қаржылық қызметтерін кеңейту үшін өсім нүктесі ретінде айқындалып отыр", - деп атап өтті ол.

Мәдина Әбілқасымова лицензияны алғаннан кейін ADCB жаңа әмбебап банк пен Қазақстандағы ислам банкті біріктіруді қарастыратын да нақтылайды.

"Бұл келесі жылы жасалуы мүмкін, сол кезде" Банктер туралы" жаңа заң қабылданады", - деген ол екі банк біріктірілгеннен кейін ADCB "ислам терезесін" аша алатынына назар аударды.

"Мұндай жұмыс форматының бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, капитал мөлшері. Бізде ислам банкі мен лицензиясы бар әмбебап банктер капиталына қойылатын талаптар бірдей. Сондықтан акционерлерге "ислам терезесі" бар бір банк ашып, оны капиталдандыру тиімдірек болады, яғни капиталды екі банкке "құйып" жатқаннан гөрі. Екіншіден, екі банктің орнына "ислам терезесі" бар біреуін ұстаған оңай болады. Бұл арада персоналдарды тарту, ақпараттық жүйелер және операциялық шығындар жайын айтып отырмын", - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ ол Шығыс Еуропа банктерінің бірі Қазақстанда ЕДБ сатып алуды жоспарлап отырғанын растады.

"Біз сатып алушы банктің атын атай алмаймыз, өйткені ол ақпаратты жария етуге рұқсат етілмеген. Бұл ақпарат 2025 жылдың соңында немесе 2026 жылдың басында жария болып қалады деп үміттенемін ", - деді агенттік басшысы.

"Шығыс Еуропа банктерінің бірі Қазақстанда сатып алғысы келіп отырған банк шағын  ба, әлде ірі ме" деген сауалға ол былай жауап қатты:

"Ірі банк. Біз бұл мәмілені асыға күтудеміз, өйткені ол Мемлекет басшысының Қазақстанның банк нарығына үш шетелдік ойыншыны тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Біздің елде екі шетелдік банк пайда болды, бірақ олар тым шағын: Bereke Bank (lesha Bank LLC (Public) еншілес банкі) және BNK Commercial Bank. Бірақ олардың өсу перспективалары бар".

Айта кетсек, 2024 жылы Al Hilal, кейінірек ADCB Islamic Bank деп өзгертілген ислам банкінің жалғыз акционері Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) болып табылады. Бұған дейін оның Қазақстандағы еншілесі Al Hilal арқылы ADCB тобына тиесілі болған. Кейінірек банк корпоративті компанияларға өнімдер мен қызметтерді ADCB брендімен шариғат қағидаттары бойынша ұсыну ниеті барын хабарлады. Қаржылық топ Қазақстанда Орталық Азия хабын құруға ниетті екендігі де айтылған. ADCB Group мажоритарлық акционері - Mubadala PJSC Investment Company (ол 60,2% акцияларға ие), ал ол – Әбу-Даби Үкіметінің тәуелсіз әл-ауқат қорларының бірі. Сондықтан, оның түпкілікті бақылаушы тарапы Әбу-Даби Үкіметі болып табылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар