Қазақстанның банк секторында бірқатар өзгерістер орын алады деп жоспарланып отыр. Өзгерістерді қамтитын “Банктер және банктік қызметтер туралы” заң жобасы бүгіндері Мәжіліс талқысына ұсынылған. Ондағы өзгерістердің біріне сәйкес, енді еліміздегі қатардағы банктер де шариғат қағидаттарына сүйенетін "исламдық терезе" форматында жұмыс істей алатын болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Исламдық терезе" моделін енгізу үшін банктерге қандай талап қойылады?
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл тәсіл инвесторлар, оның ішінде шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және нарығымызға исламдық банкингтің дендеп енуін жеңілдетеді. Бұл халық пен бизнеске исламдық банктік қызметтердің қолжетімді бола түсіне сеп болмақ.
Агенттік халықаралық тәжірибені зерделеп, шет мемлекеттердің орталық банктерімен және реттеушілерімен кеңесе келіп, "исламдық терезе" либералды моделін таңдағандарын айтады.
"Бұл модель дәстүрлі банктер қолданысына жарамды. Мұндайда "исламдық терезе" мен банктің дәстүрлі бөлігі арасында неғұрлым тығыз өзара байланысқа жол беріледі, сондай-ақ банктің ішкі Ислам кеңестерінің дербестігі қамтамасыз етіледі", - деп нақтылайды реттеушінің баспасөз қызметі.
Агенттік "исламдық терезелер" моделін енгізудегі негізгі талап бұл бағыттағы жұмысты банктің негізгі қызметінен бөліп қарастыру керектігін айтады. Яғни, ислам банкингімен байланысты барлық операциялар бөлек есепке алынуы тиіс. Сондай-ақ банк кеңесі басшылары мен мүшелері үшін исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша біліктілікке қойылатын ең төменгі талаптарды енгізу де қарастырылуы керек.
"Бұдан бөлек ислами операциялар бойынша арнайы қаржылық нормативтер әзірленетін болады. "Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер банктерге шариғат қағидаттарын сақтай отырып, исламдық қаржымен тиімді жұмыс істеуге көмектеседі", — дейді ҚНРДА.
Исламдық құралдар қалай жұмыс істейді? Үстемеақының жоқтығы рас па?
Негізінен, ислам банктері қазақстандықтар үйренген әдеттегі қағидаттардан тыс жұмыс істейді:
- сыйақы мөлшерлемесіне тыйым салынған: мұндай банктер біз үйренген несиені ұсынбайды. Оның орнына олар тауарды сатып алып, оны тұтынушыға бөліп төлеуге ұсынады, әрине үстеме бағамен;
- біз үйренген депозитті де көрмейсіз: тұтынушыға сақтауға қойған ақшасы үстінен пайда көруге рұқсат жоқ. Оның орнына банк тұтынушы ақшасын бизнеске инвестициялап, шығын мен табысты бөліседі. Ал мұндайда табысқа кепілдік беру шариат заңымен тыйым салынады. Мұндай "депозиттерде" сақтау кепілдігі де болмайды.
- "таза емес" бизнесті қаржыландыруға тыйым салынады: ойын, алкоголь, табак, қару-жарақ және т.б.
Осы жағынан алғанда, біздегі барлық банк ислам қағидаттары бойынша жұмыс істеуге жаппай ден қояды деп айта алмаймыз.
Қазақстанда қандай исламдық қаржы құралдары бар?
Айта кетсек, Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді: ADCB Ислам банкі (бұрынғы Al Hilal Bank) және Zaman Bank.
"ADCB" Ислам банкі" АҚ (ADCB Islamic) 2024 жылдың маусым айының соңында активтері 167 млрд долларды құраған БАӘ-дегі ең ірі банктердің бірі - "Abu Dhabi Commercial Bank" ПАҚ-тың еншілес компаниясы болып табылады. ADCB тобы 2019 жылы БАӘ-де Al Hilal Bank-ті сатып алған кезде Қазақстандағы Al Hilal Ислам банкін де қоса еншілеген. Al Hilal 2010 жылы ҚР және БАӘ үкіметтерінің келісімі бойынша құрылған Қазақстан мен ТМД-дағы алғашқы ислам банкі болды.
Zaman Bank 1991 жылы Екібастұзда бас кеңсесі бар аймақтық банк ретінде құрылды. 2017 жылдың тамызында ол ислам банкінің лицензиясын алды. Банк шариғат қағидаттары мен нормалары бойынша кеңес беру саласындағы Shariyah Review Bureau халықаралық компаниясының серіктесі болып табылады.
Бұл ретте 2024 жылдың соңында Отбасы банк 2025 жылда ислами ипотеканы ұсыну туралы жоспарлары барын жариялағанын еске сала кетелік. Олар бұл ретте аталған заң жобасының қабылдануын күтіп отырған көрінеді.
Шариғат қағидаларына негізделген исламдық ипотекада пайыздар негізгі қарызға қолданыла алмайды. Сондықтан алдағы уақытта банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалана отырып, исламдық қағидаттар бойынша тұрғын үйді қаншалықты нақты сатып алуға болатынын қарастырады.
Отбасы банк CSQlaw Қазақстандағы филиалымен де меморандумға қол қойды. Бұл - малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалы. Ынтымақтастық аясында бұл компания Отбасы банк қызметкерлерін шариғатқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру бойынша кешенді оқытуды ұйымдастырады. Бұл банк қызметкерлерінің исламдық қаржы құқығы саласындағы кәсіби білімін арттырып, тәжірибесін кеңейтеді. Сонда банктің жаңа клиенттері ислам талаптарына сай сапалы қызмет алып, баспана мәселесін шеше алады.
Кейбір сарапшылар Отбасы банк пен еліміздегі екі ислам банктегі ипотекалық өнімдерді салыстырып та көріпті. Оған сәйкес, мемлекеттік бағдарламамен қарастырылған ипотека бойынша Отбасы ислам банктеріне бәсекеге қабілетті болып шыққан. Яғни, ислам банктері ұсынатын ипотекалық өнім мемлекеттік бағдарламалар аясындағы өнімнен сәл-пәл қымбатқа түседі, бірақ өзге екінші деңгейдегі банктердікінен арзанырақ, әрине.
Сондай-ақ 2025 жылы 27 наурызда KASE-де исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қоры пайда болды. Осылайша Рамазан айында елімізде шариғат нормаларын ұстанатын инвесторлар инвестициялаудың жаңа құралына ие болды.
Wardat al Hayat Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші эмитенттерінің сукук, яғни исламдық бағалы қағаздарына инвестиция салады. Күтілетін кірістілік - АҚШ долларымен есептегенде жылына шамамен 4%-ды құрайды.
Қордың инвесторлары жеке және заңды тұлғалар бола алады. Пайдың номиналды құны - 100 АҚШ доллары. Сонымен қатар, қор ережелеріне сай, табыстың 1%-ы садақа төлемін қамтиды, яғни ол қайырымдылыққа жұмсалатын болады. Бұл жоба - жаңа қаржы құралы ғана емес, мыңдаған инвесторлардың өз құндылықтарына сәйкес инвестициялау мүмкіндігі.
Айта кетсек, статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстан халқының 76 пайызы өзін мұсылманға жатқызады.