Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында 9 мамырға дейін созылатын денсаулық айлығы басталды. Тегін медициналық тексерулер мен консультациялық-диагностикалық көмек емханаларда да, үйде де ұйымдастырылуда. Дәрігерлердің мобильді бригадалары аталған шарада 1500 астам тыл ардагерін қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мәселен, жуырда құрамында хирург, терапевт және невропатолог мамандары бар медициналық бригада Ескелді ауданы Жетісу ауылында тұратын тыл еңбеккері Балшекер Тайжановаға барды.
Жасы ұлғайғандықтан ардагерге ауруханаға бару қиынға соғады. Сондықтан медицина қызметкерлері тұрақты түрде үйде көмек көрсетеді.
«Біз ардагерге жылына бірнеше рет келіп тұрамыз. Ол үлгілі пациент, біздің айтқан ақыл-кеңестерімізді әрдайым уақтылы орындайды», - дейді Ескелді ауданының орталық аудандық ауруханасының меңгерушісі Саят Тікенбаев.
Айта кетсек, Балшекер Тайжанова – нағыз қарапайым еңбек адамы. Олар туралы ел Президенті: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын.
Жас кезінде Балшекер апа қызылша алқабында жұмыс істеді. Кейін сауыншы болып, күніне 44 сиыр сауды, мал бақты. Лайықты демалысқа шыққаннан кейін ол туған ауданының дамуына, жастарды тәрбиелеуге үлес қосуын жалғастырды. Көп балалы ана жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Қазір 22 немересі, 44 шөбересі бар.
- Менің басты қағидатым – адал еңбек ету, сол арқылы лайықты өмір сүру. Тек сонда ғана біз адамгершілікті сақтап, ізгі қасиеттерді болашақ ұрпаққа жеткізе аламыз. Мемлекетіміздің бізге, қарттарға қамқор болғаны өте жақсы. Жылы сөзге, жайдары көңілге не жетсін, - деді ол.
Жалпы Жетісу облысында Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында соғыс ардагерлеріне, мүгедектеріне, оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне кешенді әлеуметтік қолдау көрсету көзделген.
- Биылғы жылы өңірде Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген 3 215 адамға біржолғы материалдық көмек көрсетуге 393,8 млн.теңге бөлінді. Бұл ретте майдангерлерге 5 млн. теңгеден төленетін болады. Жанқиярлық еңбегі үшін берілген наградалары бар тыл қызметкерлеріне 100 мың теңгеден төленеді. Материалдық қолдаудан басқа ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін коммуналдық шығындарға ай сайынғы өтемақы түрінде жеңілдіктер беріледі, ардагерлер техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жылына бір рет тегін санаторлық-курорттық жолдамалар алады. Атап айтқанда, биыл өңірде 243 ардагерге санаторлық-курорттық емделуге 50 млн. теңге бөлінді, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Жалпы Жетісу облысында Ұлы Отан соғысына тікелей қатысушы 2 ардагер бар. Олар Төлеубай Чектыбаев пен Ысқақ Құсайынов, ардагерлер бүгінде 100 жастан асты. Сол сияқты 1598 тыл еңбеккерлері тұрады.