Разактың өзі, әулеті қамауға алынды. Дүние-мүлкі тәркіленді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жылдар бойы басшысының тойымсыздығына төзіп келген малайлықтар билікті бір күнде төңкерді осылайша. Бірақ бұдан сабақ алғандар табылар ма екен? Айталық, біздің билік бұдан не қорытты?
Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин осы турасында былай ой өрбітіпті:
«Әдетте өзге елдегі өзгерістерді алға тартқанда, «өй, салыстыратын себеп тапқан екенсің. Әр елдің салты басқа емес пе? Олармен он қайнасақ та сорпамыз қосылмайды», – дейтін әлдекімдер табылады.
Қателеседі. Салыстыратын, теңеуге тұрарлық дүниелер жетіп артылады, негізінде», – дейді Қажыгелдин.
Иә, дәп солай. «Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ» (Кекілбаев, ред.).
Экс-премьердің айтуынша, жемқорлықты жек көру, әділдікке ұмтылу жер жүзіндегі адам баласының бәріне тән. Ал жемқор елдердің бәрі бір-біріне ұқсас. Қиырдағы Малайзиядан бастап Қазақстанға дейін...
«Халық премьер Разак пен оның айналасы Ұлттық қордың қызығын көріп жүргенін естігенде талағы тарс айырылды. Қаны басына шапты. Анығында, малайлықтар Разактың қордың ақшасын өз игілігіне жаратып жүргенін осыдан үш жыл бұрын сезген. Осыдан үш жыл бұрын қорға аудит жүргізу және премьерді жауапқа тарту туралы бастама көтерген жергілікті жұрт.
Разак ат-тонын ала қашады. «Алмадым, Құдай куә!» дейді ол. Ұлттық қорға қатысты қияс пікір айтқан ақпарат құралдарын қуғындауға көшеді. Бұл мақсатта «фейк-ньюс» атты заңнаманы қолданысқа енгізіп, осы бойынша «Разак мемлекет қаражатын барымталап жүр» деген тілшілердің қыр соңына түседі», – дейді Қажыгелдин.
Малайзияда президент орынтағы атымен жоқ. Премьер басқарады бұл елді.
Қажыгелдиннің айтуынша, қорға қатысты жанжал атақ-дақпыртына дақ жұқтырғанын сезген Разак бұл мәселені мүлдем болмағандай қылудың амалын іздейді. Тілшілерді тұншықтырғасын, елдегі азды-көпті оппозиционермен алысады.
Әлгілер Батыстан араша сұрайды. «Ұлттық қордағы қырғын ақшаның қайда жоғалғанын тергеп-тексеруге қол ұшын созыңдар» деп қолқалайды.
«Журналистермен жауласып, оппозиция өкілдерімен итше ырылдасқан Разак өз-өзіне ор қазды осылайша. Әлемнің алты елінде Малайзияның Ұлттық қорынан ақша жымқыруға қатысты тергеу басталды. Ақпараттық шабуылды айқын меңгерген Батыс басылымдары Разакты үсті-үстіне төпеледі. Премьер жалғыз қалды. Ақыры тағынан тайды. Оппозиция елдегі билікті қолына қаратты», – дейді Қажыгелдин.
Сонымен не керек, Ұлттық қордың ақшасы қайда жоғалғаны белгілі болды. Айтарлықтай бөлігі АҚШ-тан шықты. Разактың уәзірлері басшысына қордың қаражатын Голливудқа құюға кеңес беріпті...
Басты рөлді Ди Каприо сомдайтын «Уолл-Стрит көкжалы» киносын көргеніңіз бар ма? Міне, осы фильм малайзиялықтардың ақшасына түсірілген. Әрине, халық хабарсыз болған бұдан.
Кинодан түскен табыс ақыры түгелдей тәркіленеді.
«Қазақстан халқы осы жағдайдан сабақ алуы керек. Тонаушы билік мемлекеттің түбіне жетеді. Халық әділетсіздік пен жемқорлықтан әбден қажығанда бір жұдырыққа жұмылады. Малайзия соған дәлел.
Премьер Разак Ұлттық қордағы 3 миллиард долларды үптеп кеткен. Ойлап қараңыз, 3 миллиард! Бірақ біз үшін түк емес бұл! Назарбаевтың төңірегіндегі әкімдер мен министрлердің байлығы Разактан артық болмаса, кем емес. Биліктегі ат төбеліндей топ тәуелсіздік жылдары 150 млрд долларды шетке алып шықты. Бұл Разактың ақшасынан 50 есе көп! Қазақ халқы өзінің осы уақытқа дейін қалай тоналғанын, тоналып жатқанын жете түсінбей отыр. Түсінген жағдайда, қазіргі билікті не күтіп отырғанын елестетудің өзі қорқынышты», – дейді еліміздің экс-премьері.
Екіншісі
Халықтан ұрланған ақшаның соңына түскен азғантай оппозиция өкілдерінің Батыстағы заңгерлер, тілшілер, үкіметтік емес ұйымдармен әріптестігі жемісін беруде екен. Қажыгелдин осылай дейді.
Бұл бір күннің шаруасы емес, бірақ.
«Ақпаратты жинастыру, сараптан, сүзгіден өткізу бар, мұның бәрі ұзақ жұмыс. Ұрланған ақша Қазақстанға қайтуы керек. Бұл үшін Батыс елдеріне ақшаны кім, қандай жолмен ұрлағанын дәлелдеу қажетпіз.
Басы ашық бір дүние: қазіргі жүйе жасап тұрғанда желінген ақша елге оралады деп дәмеленбеңіз. Демократиялық ұстанымдағы, жемқорлықтан ада жаңа басшылық билік келгенде ғана қайтады», – дейді ол.
Қажыгелдиннің айтуынша, Разактың жағдайында премьерді айналасы сатып кеткен. Неге? Ұяты оянды ма олардың, әлде елдің сесінен қорықты ма? Біздіңше, ендігі жерде бұл маңызды емес.
«Разак тағынан таймас еді. Егер елді 20 жыл басқарған Малайзияның бұрынғы премьері Махатхир Мохомад қарсы шықпағанда... 15 жыл үнсіздік сақтаған Махатхир кезекті сайлауда Разактың ит терісін басына қаптайды. Халықты қайыршы қылғанын, мемлекетті тонап біткенін айтады. Тіпті оппозицияның қатарына өтіп, бір кездері өзі басқарған билік партиясына қарсы күреске шығады.
Көрдіңіз бе, қалай? Нағыз мемлекетшіл тұлғаның әрекеті бұл! Мемлекеті, халқы үшін барды мұндайға.
Назарбаевқа шетелдегі миллиардтаған долларды елге қайтару үшін жалпы халықтық, жалпы мемлекеттік қозғалыс құрып, соның көшін бастауды үндеп жүргенімізге біраз болады.
Сыртқа ағылған Ұлттық қор мен бюджеттің ақшасында есеп жоқ, әзір. Бұған тоқтау болар қозғалысты да көріп тұрған жоқпыз!» – дейді ол.
Ал...
Ал төрінен көрі жақын Махатхир (қазір ол 92-де) Разактың жемқор жүйесімен білек сыбана күресуге көшеді. Алдымен абақтыда жатқан оппозиция серкесі Анвар Ибрагиммен тізе қосады. Қызығы, Ибрагим абақтыға экономикалық көзқарастары қайшы келіп, дәл осы Махатхирдің тұсында қамалған. Алайда Разакқа қарсы күресте Махатхир Ибрагимнің партиясымен бітімге келіп, ақыры аяғы жеңіп шығады.
«Бұл да сабақ алуға тұрарлық жайт» дейді Қажыгелдин. Қазақстандағы саяси және қоғам қайраткерлері кемшілігі болса мойындап, ал әріптестерінің ағаттығын көрсе кешіре білуі керек. Мәселе мемлекет мүддесіне тірелгенде өкпе-ренішке орын жоқ, болмауы да тиіс» – дейді Әкежан мырза.
Махатхир мақсатына жетті. Қайта премьер болды. Ибрагим абақтыдан шықты. Ал бұрынғы премьердің мәселесі май шаммен қаралуда. Малайзияның күштің құрылымдары Разак пен оның жақын-жұрағатының үйлерін тіміскілеп шығып, алтын-күміске толы байлық тапты.
Айтпақшы, Разактың ет жақындарының арасында Болат Назарбаевтың өгей баласы да бар. Ол – Разактың күйеубаласы. Олар елді тастап кете алмайды. Шығармайды. Жібермейді. Тергеу аяқталғанға дейін...
Бұл біразға созылары анық. АҚШ-тағы ақша басы ғана өйткені. Ұлттық қордың миллиардтары тағы қай жерде тығылғанын анықтау қажет.
«Қазақстандағы коррупционерлерге сабақ бұл. Біліп жүрсін. Жаңа билік келген күнде алдымен тергеу комиссиясын құрады әрі мемлекеттің ақшасына ауыз салғандардың соңына түседі.
Назарбаевтың орнына кім келсе де егер ашық тергеу жүргізіп, сыртқа кеткен ақшаны қайтармаса тағын сақтап қала алмайды.
Қазіргі жағдайда шындықты айтқан журналистерді қудалап жүрген прокуратура мен арнайы құрылымдардың қызметкерлері ертең билік ауысқанда, кешегі жүйенің кезінде түйені түгімен жұтқан жемқорлардың ізін аңдиды», – дейді Қажыгелдин.
Сөзінің соңында экс-премьер барша қазаққа сабақ болар бір дүниені тілге тиек етіпті.
«Малайзияны он жерден сынасақ та, Қазақстанға қарағанда қуатты. Экономикасы алдыңғы қатарлы ел. Тұрмыстық техника, өндіріске арналған түрлі электронды чип өндіруден көш басында тұр. Инфрақұрылымы жетілген. Көлік өндіреді. Білім жүйесі де озық.
«Астана мен Куала-Лумпурды, КLІА әуежайы мен Назарбаев атындағы әуежайды, PETRONAS пен «Қазмұнайгазды», Proton и «Ниваның арасы жер мен көктей.
Мұнайға байланып қалған Малайзия жоқ. Бұл елдің элитасы «қара алтынның арқасында күн көреміз» деген стратегиядан бас тартқан. Керісінше, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытты.
Разак кетті. Халық жемқор басшыны тағынан тайдырды. Бүлінген түгі жоқ. Малайзия ертең-ақ есін жияды. Ертең-ақ аяққа тұрады.
Ал біздің жағдайда мұндай өзгеріс ауыр өтуі мүмкін. Аман-есен еңсереміз, алайда», –деген екен Қажыгелдин.
Күні кеше
Білесіздер, күні кеше «Жаңа Қазақстан» форумы құрылған. Сапында Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Айдос Сарым, Расул Жұмалы және басқа да елге танымал саясаткерлер бар ұйымның негізгі жұмысы - елдің мұңын-мұңдап, жоғын жоқтау.
«Бүгінгі билік барлық салада өзінің дәрменсіздігін танытқанын мойындауымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жөнді орындалмады. Республика билік өзі уәде еткендей, «екінші Кувейтке» айнала қоймады, керісінше, өмір сапасы жөнінен Африканың ең кедей елдері қатарынан бір-ақ шықты.
Биліктің жетістіктері мен табыстары туралы есептерінің жалған екенін экономиканың күйреуі, азып-тозған ауыл мен қалалар, быт-шыт болған жолдар, құлдыраған коммуналдық шаруашылыққа қарап біле беруге болады.
Басқа мемлекеттер мен шетел компанияларымен тиімсіз келісімшарттарға қол қойып, Қазақстан қарызға белшесінен батты.
27 жылғы Тәуелсіздік берген бар мүмкіндікті біз ұтымды пайдалана алмадық. Керісінше, біз 90-жылдардың басында қазіргі биліктің басшылыққа келуіне негіз болған демократия мен бостандықтың, пікір алуандығы мен теңдіктің түпкі принциптерінен біржолата қол үздік.
Шын мәнінде бүгінде биліктің өзі либералды саяси және экономикалық реформалардың басты тежегішіне, бірден-бір кедергісіне айналып отыр.
Бұдан арғы әрекетсіздік пен бәрін де басқа біреу шешіп тастайды дегенге сенушілік – апатқа апаратын жол!», – дейді форум белсенділері.
Қалай ойлайсыз, дұрыс айта ма?
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ