Қанағат ЖҮКЕШЕВ, философ
Кішкентай қоңыз үлкен қоңызға сұрақ қойыпты:
– Әке, біз неге көңде өмір сүреміз? Ана
көбелекті қарашы, алуан түсті гүлдердің үстінде
ұшып жүреді, солардың нәрін сорады.
Әке-қоңыз шатасына былай жауап береді:
Бұл сенің отаның-ғой, жаным-ау, Отаның.
Анекдоттан
Шаруаның өмірін идеалдау зиянды және қауіпті.
М.Ганди
Әдебиетсіз демократия,
демократиясыз әдебиет жоқ.
Ж.Деррида
Қазіргі қазақ мәдениетінің барын бажайлап, өмір тынысын көз алдыға келтіру үшін оны өркениеттердің омырылуы теориясы тұрғысынан талдап бағалау керек. Өркениеттер индустриялы және аграрлы болып бөлініп түскенде, қазақтар олардың даму жағынан артта қалған басқышынан табылды. Демек, ұлттық мәдениеттің сипаты мен рухани дүниеде болып жатқан құбылыстардың сырларын да омырылу сызығының арғы жағындағы жағдайлармен түсіндіргенде оған берілген баға объективті бола алады.
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ КЕЙІПКЕРЛЕР
Қазақстанда сонау XIX ғасырдың өзінде-ақ Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай сынды ақсүйек әулеттерден шыққан ұлылардың қолымен классикалық мәдениеттiң iргетасы қаланған болатын. XX ғасырдың алғашқы жартысында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердiұлы, М.Әуезов және басқа көркемөнер қайраткерлері бұл ұлы миссияны ары қарай жалғастырды. Көпсалалы, көпжанрлы қазақ ұлттық әдебиеті дүниеге келіп, өзге халықтар әдебиеттерімен терезесі тең деңгейде, қанаттас дами бастады. Негізгі жанрлар прозада, поэзияда, драматургияда жаңа есімдер пайда болып, жаңа романдар, поэмалар, пьесалар жарық көріп, халық арасына тарала бастады.
Алайда, қазақ мемлекетінің тәуелділік жағдайда өмір сүруінен, тиісінше, метрополия жүргізіп отырған саясаттың шеңберінен тыс әрекет ете алмауынан, Кеңес билігі орнағаннан кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетінде әр түрлі үрдістер көрініс беріп жатты. Аталған прогресшіл бағытқа қарама-қарсы таптық-идеологиялық бастаулардан тамыр алатын екінші үрдіс пайда болды. Кеңес заманының талабы бойынша, көркем өнер биліктің әлеуметтік саясатының жүзеге асырылуына үлес қосуға міндетті болатын. Сол талапқа сай төменгі таптан шыққан кейбір жазушылар өз сословиесі өкілдерін дәріптеп шығармалар жазды.
Б.Майлин Мырқымбайды, С.Мұқанов Шоқпытты өз заманының қаһармандары ретінде сомдады. Большевиктік идеология тұрғысынан алғанда осындай кейіпкерлерді сомдаған шығармалар қазақ әдебиетінің жетістікті үлгілері болып саналды. Бұдан кейінгі кезеңде қазақ жазушыларының үлкен тобы осы үрдісті жалғастырды. Өз шығармаларына арқау етіп олар жоғарыда аталған кейіпкерлердің рухани ізбасарларын таңдап алды, шаласауатты, есерсоқ, қияли, маскүнем адамдар ұнамды кейіпкерге айналып, үлгі ретінде сипатталатын болды. Осылай қазақ әдебиетінде ұнамды қаһарман ұғымы төңкеріліп түсті.
Солардың бірі О.Боранбаев деген автордың «Әңгүдік» атты шығармасының бас кейіпкері – қолы неге тисе, соны бүлдіретін, істеген ісінде опа жоқ, жүрсе сүрінетін, жүгірсе жығылатын, есі кіресілі-шығасылы әңгүдік, оған қосымша, маскүнем адам. Авторлық ремарка бойынша кейіпкердің ұнамды қасиеті – оның отанын сүйетіні: «ауру, маскүнем бол, тек билікке көз салма, саясаттан аулақ жүр, «отанымды сүйемін» деген ұранның көлеңкесінде итшілеген өміріңді сүре бер. Билік қалай айдаса – солай жүрсең болды, сонда сен жақсысың!» Рухани мешеу, надан, мәдениетсіз, білімсіз адамның «ұнамды» бейнесін жасау кеңестек идеологияның инерциясы ретінде әлі орын алып келеді. Осы шығарма М.Әуезов атындағы Академиялық театрдың репертуарынан мығым орын алып, ұзақ уақыт сахнадан түспеді.
* * *
Ғасырдың екiншi жартысында әдебиет көкжиегінде өз қолтаңбасын алып келген жаңа есімдер көбейе түсті. Ә.Нұрпейісовтың, Ә.Әлімжановтың, Б.Момышұлының, М.Мағауиннің, Қ.Жұмаділовтің, Ә.Кекілбаевтің, Жұбан Молдағалиевтің, Т.Ахтановтың, Қ.Мұхаметжановтың, Х.Ерғалиевтің, Т.Жароковтың, Қ.Бекхожиннің, О.Сүлейменовтың, М.Мақатаевтің және олар қатарлы көптеген өзге жазушылар мен ақындардың шығармалары өз дәуірінің көркемдік деңгейінің эталоны іспетті болды.
1960 жылдардың ішінде Мұрат Әуезовтың идеялық дем беруімен және ұйымдастыруымен Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы пайда болды. Бұл ұйым қазақ жастарының ұлттық санасының өсуіне, республикада және одан тыс жерлерде қоғамдық-саяси ойдың өркендеуіне белгілі деңгейде әсер етті. Бұдан кейінгі кезеңде ұлт-азаттық идеялары қазақ жазушыларының тарихи романдарынан көрініс тапты. Тарихи-патриоттық тақырыпқа қалам тартқандардың алғашқыларының бірі болып С.Сматаев «Елім-ай» романын жазды. 70 жылдар ішінде қазақ прозасында тарихқа назар аудару жаңа импульспен жалғасын тапты. І.Есенберлиннің романдары бұқаралық санада рефлексия тудырып, қолдан қолға өтіп жатты.
Кейінірек кейбір озық ойлы қаламгерлер екінші ұстаз Әл Фараби, Абылай хан, Қабанбай батыр және солар сияқты шынайы ұнамды қаһармандардың бейнелерін сомдаған туындылар берді. Олар аталған кезеңдегi қазақ қауымының талғамы мен талаптарын бiршама қанағаттандыратын едi. Сонысымен оқырмандардың ілтифатына бөленіп, көркем әдебиетте өзіндік із қалдырды.
* * *
XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінде М.Әуезовтың «Абай жолына» еліктеп ірі қоғамдық және мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметін сипаттап жазған дилогиялар мен трилогиялар қаптап кетті: «Аққан жұлдыз», «Ақан сері», «Жаяу Мұса», «Сұлтанмахмұт», «Қызыл жебе», «Мұхтар жолы», т.б. Бұл көптомдықтар авторлардың бейнелерді көркемдікпен көре білгенінен емес, кейіпкер ретінде сомдап отырған қайраткердің беделіне сүйеніп нысанаға жетуді көздеуден туындаған шығармалар болып шықты. Сондықтан олардың ешқайсысы мэтр сомдаған деңгейге жете алмады. Өйткені, еліктеуден туған туындының сапа жағынан ешқашан еліктеткен нұсқаға жете алмайтыны белгілі.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АУЫЛШЫЛДЫҚ ДЕРТІ
Алайда, осы кезеңнен бастап ұлттық мәдениеттің аяқ алысында екінші, негативті үрдіс көрініс бере бастады. XX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде бір оқшау бағыт пайда болды. Ол бағыт 60-жылдардан бастап әдебиетке ауыл мектебін бітіріп келген, балалық шақтарын сонда өткізген, ауыл менталитетін тасушы жазушылардың үлкен шоғырының шығармаларынан көрініс берді. Орыс әдебиетіндегі «шестидесятниктер» дегенге ұқсастырып, қазақ әдебиетшілері оларды «алпысыншыжылдықтар» деп атады. Олар дәуір өлшемімен, қазақ ауылының орта және аға буын оқырмандарының талғамы тұрғысынан шамалағанда бірсыдырғы тәуір шығармалар берді. Ауыл тұрмысын, қарапайым еңбек адамдарының психологиясын шынайы сипаттаған повестерді оқырман қауым жылы қабылдады. Сондықтан, XX ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің жетістікті жылдары деп бағаланды.
Әрине, қазақ «алпысыншыжылдықтары» дарыннан құралақан емес еді, арасында қалам ұстай білетін, қабілеттілері де аз болмады. Олардың әдебиетке деген ынтасы мен құлшынысы да жоғары болды. Олар шығармашылық объект ретінде өздеріне жақын стихия – ауыл тұрмысы тақырыбын таңдады. Жазғандарында өздері күнде көріп жүрген ауыл адамын бейнеледі, сюжетті солардың істеген әрекеттеріне құрды, тек солардың қолайына жағатын, солар сүйсініп оқитын шығармалар жазуға тырысты.
Сырттай қарағанда, ауылдан шыққан адамның өсіп, оқып, жетіліп, жазушы болғаннан кейін өзі өскен ортасы – ауылы жайлы жазуының және кейіпкерді онда тұратын, еңбек ететін адамдар арасынан іздеуінің өзіндік қисыны бар екені де рас. Бірақ осы дәуірдегі қазақ әдебиетіне тереңірек үңілген адам бұл аяда болып жатқан құбылыстардың астарынан жалпы ұлттың рухани дамуына кері ықпалы бар түйткілдердің болып жатқанын аңғарған болар еді.
Ауылшыл жазушылар әлеуметтік өмірде болып жатқан құбылыстарды натуралистік тәсілмен сипаттаудан арыға бара алмады. Олар ауыл адамының соңынан еруді ғана білді. Жазғандарында оқырманмен кері байланысты жүзеге асыруға септігі тиетін, прогресшіл идея, жаңа ой болмады. Шығармаларының фабуласы бірінікі екіншісінікіне ұқсап тұрды, ауыл тұрғындарынан басқа оқырмандарды қызықтыра алмады. Оларға айтылар уәж мұнымен шектелмейді.
Ең бастысы, «алпысыншыжылдықтардың» көркем әдебиет арқылы халықтың санасына сіңірмек идеясы оқшау болды. Олардың көпшілігі қазақтарды ауылдан шығармау, қалаға жібермеу бағытын таңдауымен, әдебиетке, жалпы мәдениетке ғана емес, ұлттың саяси-әлеуметтік өрлеу жолына тосқауыл қойды. Жазғандарының бәрінде негізгі желі ретінде қаланың көлеңкелі жақтарының фонында ауылды идеалдауды ұстанды, жастарды ауылдан кетпеуге, қалаға қоныс аудармауға үгіттеді, шығармаларын өркениеттен қашу идеясын қазақ атаулының санасына сіңіруге бағыштады.
Ол кезде қазақтар дерліктей ауылды елді мекендерде жайғасып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын. Қалада тұратын аз санды қазақтар, тілдік орта болмағандықтан, орысша сөйлеп, тілдік сәйкестілігінен айырылып қалатындай жағдайда өмір сүріп жатты. Қазақтардың өз жерінде ұлттық азшылық жағдайға түсуі, өнеркәсіпті қалалардың дерліктей бәрін өзге ұлт өкілдерінің жайлап алуы, орыс тілінің үстемдігінің жыл өткен сайын арта түсуі, қалада тұратын қазақтардың орыс арасында жұтылып, орыс тіліне ойыса бастауы қазақ мәдениет қайраткерлерінің санасына ұлттық мәдениеттің ендігі өмірлік тыныс алатын жері – тек қана қазақ ауылдары деген түсінікті тудырған едi.
Ұстанған бағыттарының дұрыстығына мығым сенген қазақ жазушыларының дені діттеген нысанаға жету үшін, тіл мен ұлттық мәдениетті сақтап қалу үшін, қайткенде оның белең алып тұрған мәдениеттермен жұтылып кетуін болдырмау үшiн жанталаса қарману күйін кешті, жанкешті әрекеттерге бой алдырды. Олардың қолындағы бірден бір құрал – сөз болатын. Соның өзінде ол сөз коммунистік идеология шеңберінен шықпауы тиіс.
Осы тұста қазақ жазушыларының діттегені бола қалды. Олардың дөйдала кеткен, кесірлі бағытын Қазақстан Үкіметі ұтымды пайдаланып, «қазақ жастарын ауылды жерлерде тұрақтандыру» туралы қаулы шығарып берді. Қазақ ауылшылдарына даңғыл жол осылай ашылды. Әдебиет пен көркем өнер қазақтың ауылдан кетпеуі керек екендігін нәсихаттайтын бірден бір құралға айналды. Жазушылар енді бар шығармашылық қуаты мен жігерін Қазақты ауылдан кетірмеу үшін сарқа жұмасуға белсене кірісіп кетті.
Қазақ жазушылары ауылдың сүреңсіз тұрмысын суреттейтін, оның қаладан «артықшылығын» жан сала дәріптейтін, шаруадан шыққан «ұнамды» кейіпкерлері бар шығармаларды төпеп бере бастады. Сюжеті, идеясы, кейіпкерлері де бірі бірінен аумайтын романдар мен повестерінде олар боранда қасқырмен алысқан шопанның, жер жыртып жүрген механизатордың, фермадағы сауыншының, кеңестік белсенділердің, сүйгенiн қырманда кездесуге шақыратын тракторшының, бiр кесек нанды досымен бөлiсетiн интернат тәрбиеленушiсiнiң, қаладағы «қатыгез» әке-шешесiнен ауылдағы «мейiрiмдi» қарттарға қашып бара жатқан жасөспiрiмнiң бейнелерiн ұнамды қаһармандар сапасында сомдап, ауыл оқырмандарын қызықтыруға тырысты. Мектеп бітіре салып, қой бағуға шыққан комсомол мүшесінің өмірі олардың сүйікті сюжетіне айналды.
Алайда, жазушылар мейірімділік, ақкөңілділік, аңқаулық, жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттерді арқалаған ауыл адамының бейнесінің астында тарих көшінен адасып қалған халықтың қараңғылығы мен артта қалуы дәріптеліп жатқанын сезбеді. Барын салып, жарты ғасыр бойы қала өркениетін оқырман алдында жағымсыз қырынан бейнелеудің түбінде елді қандай орға апарып жығатынын аңғармады. Олардың сипаттауынша, қала – моральдық жағынан азған, мейірімсіз, қатыгез адамдар тұратын, қорқынышты орта. Қалаға бармау керек, барсаң адамшылықтан айырылып қаласың, бойыңдағы ұлттық, отаншылдық сезімдердің бәрі жоғалады.
Бұл тұстағы мәселенің өзектісі ауылшыл авторлардың ойлау стильдерiнiң бiржақтылығында, аймақтық шектеулiлiгiнде, шығармаларының тақырыбында, сомдаған қаһармандарының бейнелерінде ғана емес, бастысы, олар көтерген идеяларында болатын. Олар жазғандарында ауыл өмірін көркемдеп қана қойған жоқ, қазақты ауылдан кетпеуге шақырды, малшылықты дәріптедi, мешеулікті ілтифатпен сипаттады, шығармаларында осы бағытты идеология ретiнде бетке ұстады. Осылай, әдебиеттің ғана емес, тұтастай ұлттық мәдениеттің нысаналайтын идеясы ауыл болып, күллі қазақтың миына сіңіп, санасына бекіп алды. Ауылдың «артықшылығын» пәш етудi дiттеудiң астарында индустриялы қоғамға сірескен, мағынасыз қарсылық жатты. Көркем әдебиетте «ауыл ауруы» немесе «ауылшылдық» деген үрдiс осылай қалыптасты. Бұл жылдары көркем әдебиет арқылы ауылды дәріптеп, әлеуметтің түбінен шыққан «ұнамды» қаһармандарын сомдауда С.Жүнісов, Б.Нұржекеев, Б.Бодаубаев, Б.Мұқаев, Т.Нұрмағамбетов, Қ.Түменбаев, Ә.Сараев, Д.Әшімханов, тағы басқалар ерекше белсенділік көрсетті (қараңыз: Қ.Жүкешев. Қалаға неге қырын қараймыз? Қазақ әдебиеті, 13.01.1984; Ауылшылдықты асқындырмайық. Жұлдыз, № 9.1988; Әлеуметтiк-психологиялық бейiмделу және образ шынайылығы // Уақыт және қаламгер, А.: Жазушы, 1990, 107-124 б.б.).
* * *
Көркем әдебиетте қазақты ауылда тұрақтандыру идеясын бұқараның санасына сіңіруді қазақ жазушылары негiзiнен үш әдеби тәсiлмен:
а) салыстырмалы ассоциация;
ә) тiкелей үгiт;
б) ауылды идеалдау әдiстерiмен жүзеге асырды.
Салыстырмалы ассоциация әдiсi бойынша ауыл мен қала қарама-қарсы алынып, ауылдың жағымды жақтары мен ауыл адамының ұнамды қылықтары қаланың көлеңкелiтұстарымен, қала адамдарының кемшiлiктерiмен қатар ұсынылады. Қала адамдарының «екіжүзділігі», «қатыгездігі», «сұмпайылығы» ауыл адамдарының «адалдығының», «ізгіліктілігінің» астарында әшкереленеді. Қаланың «буырқанған», «қатулы» өмірі ауылдың «ертегідегідей мамыражай» тіршілігінің фонында салыстыра сипатталады.
Екiншi тәсiл бойынша ауыл тура үгiттеледi, қалаға кетiп қалған жасты ауылға шақыру немесе туған ауылдан кетпеу керек екендiгiн автор арсеналындағы троптар мен гиперболаларды жеріне жете пайдалана отырып, көркемдік шеберлікпен нәсихаттайды.
Ауылды идеалдау тәсiлi бойынша ауыл мен қала қатар алынып қарастырылмайды және кетіп қалғандарға «ауылға келiңдер», «қалаға жоламаңдар» деген ашық нәсихат та жүргiзiлмейдi. Ауыл өмiрi мен тұрмысы ғана алынып, оның салттары мен дәстүрлері көңілге қонымды, жүрекке жылы тиетіндей, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнағандай суреттелдi.
В.Г.Белинский «1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас» деген жыл әдебиетін қорытындылаған мақаласында сол кезеңнің өнерінің «аянышты күйі» туралы қынжыла баяндай отырып, «бұл өнер айналасында қайнап жатқан өмірді көрмегендей, барлық тіршілік атаулыға, заманауиға, шындыққа мойын бұрмай, көзін жұмып алып, шабытты келмеске кеткен өткеннен іздейді, содан адамдар баяғыда суынып кеткен, ешкімді қызықтырмайтын, жылытпайтын, іңкәрлік сезімін оятпайтын дайын идеалдарды теріп алады» [Белинский В.Г. Взгляд на русскую литературу 1847 года // ПСС. Т. 10. М.: Издательство академии наук СССР, 1956. 311-б.] деп жазған еді. Тарихи аналогия бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы орыс әдебиетіндегі ахуалдың XX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдебиетінде қайталанып отырғанын осылай алға тартады. Қазақ өнерінің күйін анықтап беретін бұдан артық объективті сипаттаманы іздеп жатудың қажеті жоқ.
Ауылшылдық бағытты бекем ұстанған, оны сүйікті тақырыбына айналдырып алған жазушылардың кейбір уәждері көңіл аударарлықтай. Ауыл және ауыл адамдары туралы бұған дейін айтылып жүрген географиялық тезистерін қайталай келіп, жазушы Ә.Сараев, ауылдың ауасының таза болатынын қайталап ашып, көне ауылды аңсауын алға жайып, онда қоржын үй мен там салу қажеттігі туралы ұсынысын айтты. Бұған қосымша, ол былай деді: жұртымыздың тарихын, әдебиетін, өнерін, ғылымын – барлық рухани байлығын жасаған ауылдан шыққан түлектер болыпты, халқымыздың ел бастаған қайратты ұлдары, қоғам қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырлары да осы ауылдан шығыпты… Табиғатпен етене ауыл өз перзенттеріне ізгілік, адамгершілік қасиеттерімен бірге қабілет, талант дегенді де молынан сыйлаған…» (Қазақ әдебиеті, 16.11.1984).
Осы жерде ақиқат пен абсурдтың қосақтала өріліп кеткені сондай, енді бұлардың аражігін ажыратып алуға тура келеді. Осы екі философиялық ұғымның арасында қандай айырма бар? Сұрақ қаншалықты терең болғанымен, оның жауабы бетте қалқып тұр. Өйткені, даналық әр қашанда қарапайым болады. Ақиқаттан кейін сұрақ тумайды, бәрі бәріне түсінікті болып, орнына келе қалады. Ал абсурдтан кейін, оны естіген адамның ойына жүз сұрақ ұялайды және ол сұрақтардың жауабын табу да оңайға соқпайды. Абсурдтың абсурдтылығын дәлелдеудің қажеті жоқ. Тек абсурдтың авторына сұрақ қою арқылы түпкілікті мағынаның жоқтығына көз жеткізу тиімді.
Егер жазушы Ә.Сараевтың айтқандары ақиқат болса, онда мына сұрақтардың жауабын табу қиынға соқпаса керек. Сұрақтар мыналар: «ауылдан шыққан» дегенді қалай түсінуге болады, ауылды елді мекендерде дүниеге келіп, сонда тұрып, өмір сүріп жатқандарды ма? Ауылда туып, кейін кетіп қалғандарды қай санатқа қосамыз? Қоржын үйдің заманауи жәйлі пәтерлерден қандай артықшылығы бар? «Халқымыздың ел бастаған қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырларының бәрі ауылдан шықса», өздері «қайратты» болса, онда олар ауылдық халық қазақтың отарға түсуіне неге жол берді, халық неге қырылды, неге шетке қашты? Қазақстан барланған табиғи байлықтың қоры бойынша дүние жүзінде алтыншы орында тұр. Солай болса да, қазақ неге кедей, неге бар тауқымет қазақтың басына үйірілген? Ауылдан шыққандардың өзгелерге қарағанда «қабілетті және талантты» (дарынды дегісі келгені болар – Қ.Ж.) болатынын қандай әдіснамамен, кім зерттеген, нәтижелерін қайдан табуға, танысуға болады? Ауылдан шыққан дарындылардың дүниежүзілік ғылымға, техникаға, технологияға қосқан үлесі туралы мәліметтерді қайдан тауып, олармен танысуға болады, статистика қайда? Егер қалалықтар қабілет пен дарыннан кемшін болып туатын болса, онда дүние жүзіндегі қалалық елдер артта қалып, ауылда тұрып мал шаруашылығымен айналысатын елдер (қазақ сияқты) неге тасқа шауып, төске өрлеп кетпеген? «Ауылдан ғалым» қалай шығады? Ауылдың өзінің университеттері мен академиялары бар ма? Ауыл кітаптарды, монографияларды қай баспадан шығарып жатыр? «Ауылдан шыққан түлектер жасаған рухани байлықтың» тұтастай тығырыққа тіреліп отырғанын, тілдің теориялық мәселелерінің бірде бірін шешіп бере алмағанын немен түсіндіруге болады?..
(Басы. Жалғасы бар.)