Кейде ерлі-зайыптыларға қатар отырып сөйлесу жетіспейді
– Отбасылық сот жобасы жайлы айта кетіңізші. Қашаннан бастап іске қосылды? Мақсаты қандай?
– Жоғарғы сот 2018 жылдың қыркүйегінде "Отбасылық сот" жобасын іске қосқан болатын. Бұл жобаның ерекшелігі: істі қарастыру барысында психологтың да қатысуы және судьяның мамандануы. Негізі отбасылық соттар Қазақстанда ресми түрде қыркүйек айынан бастап ашылды. Оған дейін пилоттық жоба ретінде танылған аталмыш соттар өзінің қоғамға қажеттілігін осы жылдар ішінде дәлелдеді.
Атап өтер жайт, осыған дейін осы қызметті атқарып келген кәмелетке жасы толмағандардың мамандандырылған соты да бар еді. Қазір олардың қызметтері кеңіді. Дегенмен бұл дер кезінде қолға алынған жұмыс болды деп айтар едім.
Себебі соңғы кездері елімізде ажырасу істері көбейіп кетті. Өйткені қоғамда жұмыссыздық көп, одан қалды инфляция, дағдарыс адамдардың жүйкесіне кері әсер етіп жатыр. Сәйкесінше ерлі-зайыптылар түсініспей екіге кетуге дайын тұрады.
Ер адамдар жұмыссыз отырып, жанұясын асыра алмай салы суға кетіп түрлі жаман әдеттерге үйір бола бастайды. Ал әйелдер қауымы жарының мұндай әрекеттерін көтере алмай ажырасуға оқталады. Бұрын ажырасу кәдімгідей ұят болатын. Кезінде де ажырасқандарға шошына қарайтын, ал қазір екінің бірі ажырасуда. Мұны айыптауға да болмайды.
Егер ерлі-зайыптылардың сана сезімдері, өмірге деген көзқарастары екі түрлі болса бірге өмір сүру қиындайды. Бірақ ерлі-зайыптылар отбасын сақтауға тырысып, психологиялық тұрғыда түсінісуге қадам жасап, ортақ келісімдерге келуге тырысса, бір бірінің көзқарастарын, пікірін түсінуге тырысса ажырасушылар саны азаяр еді.
Сондықтан мүмкіндігінше мамандар көмегімен ажырасудың алдын алу мақсатында Отбасылық соттар құрыла бастады. Отбасылық соттардың негізгі мақсаты отбасылық құндылықтарды арттырып, ерлі-зайыптыларға оның маңызын ұқтыру, жанұяларды сақтап қалу, жас жұбайларға барынша психологиялық, моральдық тұрғыдан көмектесуді көздейді.
Кейде ерлі-зайыптыларға жай ғана қатар отырып сөйлесу жетіспей жатады. Екеауара сөйлессе ұрысып қала береді. Ал олардың әңгімесін сырттан тыңдайтын ешкім жоқ. Көбінесе ажырасуға арызды әйелдер береді.
Шын мәнінде олардың мақсаты ажырасып, шаңырақтарын бұзу емес күйеуіне жанайқайын жеткізу, оның назарын өзіне аударып, не қалайтынын ұғындыру болып жатады.
Ажырасам деп қорқытып, оның санасын оятқысы келеді. Сот барысында олардың ойын толық айтуына біз мүмкіндік береміз. Олар ішіндегісін шығарған соң жеңілдеп қалады. Көбінесе әйелдер «Ол неге мені түсінбейді», «менің қиналып жүргенімді неге ұқпайды» деген секілді өзінің қайшыласқан ойының ішінде ренжіп жүре береді. Ал сабыры таусылған кезде барып ажырасуға арыз жазады.
Ал сотта оның әңгімесін тыңдаған жары “осыны сен неге маған айтпайсың өзіме” деп аң таң болып жатады. Негізі әйел адамдар ішкі эмоциясымен, іштей мазалаған ойларымен бөлісіп отыруы керек. Біздің көп ерлі-зайыптыларымызда жай ғана қатар отырып сөйлесу, түсінісу, бір бірін тыңдау жетіспей жатады.
Біз сот отырысы барысында олардың ішіндегісін шығаруына мүмкіндік береміз. Отбасылық соттарда міндетті түрде қазір психолог маман қатысады. Олар ерлі зайыптылармен қалай сөйлесуді біледі, арнайы сол салада білім алған маман болғандықтан қай отбасындағы ерлі зайыптылардың мәселесін қай жағынан шешкен дұрыс екенін жақсы біледі.
Соған сай сұрақтарын қойып, олардың ашылуына, мәселесінің оң шешілуіне ықпал етеді. Мен әлеуметтік желідегі оқырмандарыммен ой бөлісіп, кеңес беру кезінде, жиі айтамын. Ажырасу процесі кезінде ерлі-зайыптыларға үш сұрақ қоямыз.
Алдымен «бір бірлеріңізді сүйіп қосылдыңыздар ма» деп сұраймын. Әрине, олар көп жағдайда үлкен махаббатпен қосылғандар. Сосын «ортақ балаларыңыз аңсап күткен, қалаулы балалар ма» деп сұраймын. Оған да «иә» деп жауап берген кезде, «жұбайлық өмірде тәтті естеліктер, бақытты сәттер болды ма» деген сұраққа кезек беремін. Оған да «иә» деген уақытта, психологиялық тұрғыдан соның барлығын естеріне түсіре отырып, «отбасыларыңызды сақтағыларыңыз келе ме», «жанұяны сақтауға мүмкіндік бар ма» деп сұраймын. Олар сол сәтте көбісі отбасыларын сақтауға тырысқысы келетіндерін білдіріп жатады.
Татуласу кезінде уақыт беру кезінде ер адамға гүл алып, әйелін оңаша тамақтануға шақырып, мәселелерін екеуара шешуді тапсырамыз. Көп жағдайда бұл тәсілдер оң нәтиже беріп жатады. Отбасылық соттар осындай неше түрлі техникаларды оқып, үйреніп, психологиялық жағынан дайындалған мамандардан тұрады.
Отбасылық соттың мақсаты ажырастыру емес, татуластыру
– Бүгінгі күні отбасылық соттар көздеген мақсатына жетіп жатыр ма?
–Отбасылық сотттар көздеген мақсатына жетіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені психологиялық дайындықтары, медиациялық қадамдары көп жағдайда шаңырақтардың шайқалмай, керсінше татуласуына әкеліп жатады.
Отбасылық соттар мен психологтар уақыт өте көп тәжірибе жинап, мүмкіндігінше отбасы жарасымы сыйластықта екенін, отбасы құндылығын сақтап, балаларын тірі жетім етпеу қажеттігін айтып шаңырақтардың сақталуына ықпал етеді. Олар осындай дайындықтан өткен мамандар.
– Сотқа дейін жетіп ажырасу ойынан айнып қалатындар бола ма?
– Бұл өте жиі кездеседі. Өте жиі. Мәселен он адам ажырасуға сотқа арыз түсірсе, сот барысында оның 4-5 арыздарын кері алып кетеді, ал тіпті кейбіреуі ажырасып алып, қайтадан бірге тұрып, сосын қайта жарасып некелерін қидырып жатады. Кейбір ажырасуға арыз бергендер бірнеше рет қиылған некесін бұзуға алып келіп жатады. Ондай оқиғалар да бар. Отбасылық соттың мақсаты ажырастыру емес, тараптарды татуластыру.
Сондықтан татуластыруға уақыт беріп, екі жақтың өзара түсіністігі үшін сұрақтар қойылып, тіпті екі жақ сұрамаса да өзім татуластыруға, ойлануға уақыт берген кездерім болған.
Әлі есімде Жаркентте бір істі қарадым. Ерлі-зайыптылардың бес баласы бар екен. Әйелі ажырасуға арыз беріп, іс сотқа келді. «Күйеуім ақша таппайды» деп шағым айтты.
Екеуі де ажырасуға келісеміз деп тұрып алды, айтқан сөздерінен қайтпай. Ол кезде татуластыруға беретін уақыт максималды үш ай болатын. Қазір бұл мерзім алты айға созылған.
Яғни, бұл да болса ерлі-зайыптылардың қайта жарасып кетуі үшін жасалып отырған жағдай. Сонымен әлгі ерлі-зайыптыларға өздері сұрамаса да үш ай мерзім татуласуға уақыт бердім. Кейін олар татуласып, әңгімелері жарасып үш айдан соң арыздарын кері алып кетуге келді. «Біз ажырасамыз десек те, сіз қосуға тырысып едіңіз, рахмет сол шешіміңіз үшін» деп алғыстарын айтып кетті.
Ажырасуға арыз беретіндердің көбісі жастар
– Жалпы алдарыңызға келетін ерлі зайыптылар негізінен қанша жас аралығында?
– Ажырасуға арыз беретіндердің көбісі жастар. Ересек жастағы адамдардың ішінде ажырасқысы келетіндер өте сирек. Жас жұбайлар дағдарысқа толы алғашқы жылдары отбасылық өмірдегі кейбір қиындықтарға төзбей ажырасуға тырысып жатады. Үш-бес-жеті жылда ажырасып жататындар көп. Ал жеті жыл өткен соң ажырасқысы келетіндер өте сирек.
Менің тәжірибемде бүгін үйлену тойлары болып, ертеңіне ажырасуға арыз берген екі жұп бар. Қазір жастардың бәрі ерке. Бір-бірінің сөздерін көтермейді. Өзімшілдігі басым. Бастарынан сөз асырғысы келмейді. «Мен біреудің ерке қызымын ал ол неге маған осылай дейді» деп сөзге ренжіп қалса да ажырасуға асығады.
Некенің ойыншық емес екенін, отбасының қасиетті нәрсе екенін, отбасылық құндылықтарға құрмет көрсету керек екенін түсінбейді. Отырғызып қойып соны түсіндіреміз. Кейбіреулер түсінеді. Кейбіреулер түсінбейді.
Менде тағы бір мынандай іс болған. Ерлі зайыптылар төрт бес жыл бірге тұрған. Әйел «ішкі ісімізге енем араласады» дейді. Сосын енесін шақырттық. Енесін отырғызып қойып, қатар отырып түсіндірдім. Кішкентай балалары бар екен. Оларға обал болады. «Рас, балаңыз басқа әйел алып келеді, ал ол қандай адам болатынын қайдан білесіз? Мына балалар тірі жетім болады. Әйелге еркек, ер адамға әйел табылады. Ал балаларға өз туған әке шешесінен артық ана, әке табылмайды деп түсіндірдік.
Келесі күні әйел келіп ажырасуға берген арызын қайтып алды. Бұл Жаркентте болған оқиға. Шағын қала болғандықтан кейде олардың ата аналарын да іске араластыруға мәжбүр болып жататынбыз.
– Ажырасуға негізгі себеп не болып жатады?
– Қазіргі таңда ажырасуға негізгі себеп ақшаның жетіспеушілігі дер едім. Ер адам дұрыс ақша таппайды. Әйел бала күтімімен үйде отырады. Сосын ақша жетіспеушілігі басталып, ұрыс керіс көбейеді. Ақыры ақша таппайды екен, одан өзім тұра берейін деп ажырасып кетуге тырысады.
Сосын мінезіміз жараспады деп жазады. Мәселені ашық жазбайды. Осылай бүркемелеп қояды, бірақ сотта түпкі себебін анықтамауымызға да болады. Заңда ондай сілтеме бар. Бірақ біз зерттеп анықтауға тырысамыз.
Кейбір жерде көзге шөп салу орын алып жатады. Бірақ ол сирек кездеседі. Тағы бір себеп ерлі-зайыптылардың өміріне туыстары араласады. Соны көтере алмайды ерлі зайыптылар. Араға біреу түскен соң шаңырақ шайқалады.
Жас қыздар жұбайлық өмірге дайындалуы керек
– Ерекше таң қалдырған жұптардың оқиғасы болды ма?
– Бір жұптардың оқиғасы әлі есімде. Ажырасуға арыз берді. Отбасында он жасқа толмаған екі қызы бар еді. Ата-аналар біреуін әкесімен, екіншісін анасымен қалдыруды шешті. Қоштасу кезінде бір қыз екіншісіне: «Сотта кездесейік” деді. Олардың әкелерінің сотқа қандай талғампаздықпен келгені әлі есімде: ақ түсті салтанатты костюмде, галстукпен. «Мен әйеліме қандай әдемі адамды жоғалтқанын көрсетемін деп шештім» деді ол.
Жалпы қуанышқа орай, ата-аналар татуласты, балаларды бөлудің қажеті болмады. Осы орайда айта кетер жайт, Жоғарғы сот, неке-отбасы дауларының ерекшелігін ескере отырып, отбасы соттарын құру жөніндегі жобаны енгізіп отыр.
Аталмыш соттар отбасын сақтау, некені бұзу, алименттерді өндіріп алу, мүлікті бөлу, балалардың тұратын жеріне талап қою, бір азаматтық іспен анықтау сияқты барлық туындайтын дауларды шешу бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Бұл өзін-өзі ақтаған ХҚКО-ның бір көзі сияқты. Біз дәл қазір осы жобаны тараптардың және олардың кәмелетке толмаған балаларының ыңғайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған отбасылық соттар болады деген үміттеміз. Бір үйдің балалары бір-бірімен сотта кездеспесе екен!
Тағы бір жағдай еске түсіп отыр, ерлі-зайыптылар бірге тұрған кезде ортақ меншікке пәтер сатып алған. Күйеуі мемлекеттік қызметкер болып, қызметтік пәтер алу үшін кезекте тұрған. Сондықтан олар ақылдасып, жаңа пәтерді әйелдің жасы толмаған сіңлісінің атына рәсімдеген.
Уақыт өте келе, аралары суып, ажырасуға бел буады. Сол кезде пәтер туралы дау туындайды. Күйеу жігіт балдызына және оның заңды өкілі – енесіне келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талап қою арызбен сотқа жүгінген. Сотта енесі бұл пәтер өзінің ақшасына, қызына баспана болсын деп алғандығы туралы уәждер келтіріп талаппен келіспей, оны қанағаттандырудан бас тартуды сұрайды.
Екі жақтың осындай келіспеушіліктерінің себептерін түйіндеген сот, жұбайлар бірін-бірі қимайтындарына және жақсы көретіндеріне көз жеткізе отырып, араларында медиация рәсімін бірнеше рет кейінге қалдырады, оларды барынша татуластыруға тырысады, бірақ бұдан нәтиже шықпайды.
Сот барысында тараптар өздерінде пәтер алуға жағдайлары болғанын құжаттармен дәлелдеп, куәгер ретінде сатушыны, нотариусты, екі жақтың туысқандарын жауап беру үшін шақыртты. Іс бірнеше айға созылып кетті. Тараптар іштегі өкініш реніштерін әбден шығарып, сот жарыссөздеріне әбден шаршап келгенде, судья оларға соңғы рет татуласуға ұсыныс жасайды. Сол кезде араларындағы мұз еріп, олар бейбіт келісімге келді. Іс татуласуымен аяқталды. Осындай жағдай жиірек болса ғой, шіркін!
– Отбасы құндылығын қайтсек арттырамыз?
– Жас жұбайларға арналған арнайы мектеп ашуымыз керек. Кейбір қыздар тұрмысқа шыққанда болашақ өмірді басқаша елестетеді. Яғни болмайды. Қазір өзімнің сіңілдерім тұрмысқа шыққанда отырғызып қойып түсіндіремін. Тұрмысқа шығу жаңа отбасыға, тіпті мүмкін мүлдем жаңа бір ауылға немесе қалаға тұрмыс ауыстыру деген сөз.
Ал мұның бәрі қыздың психологиясына белгілі бір деңгейде айтарлықтай уайым, күйзеліс. Егер оған қыз дайын болса онда күйзеліс жеңілдеу өтеді. Ал енді түк дайын болмай барса күйзеліске түсіп, тезірек кеткісі келіп, үнемі көңіл күйі болмай бастайды. Барған жерінде ене тарапынан да түсініспеушіліктер болуы әбден мүмкін екенін түсіндіруіміз керек.
Отбасын құрып, күйеуімен тұрам десе өзімшілдігін жойып, сол үйге сіңісіп кетуге тырысуы керек. Шыдам, төзім керек. Әйелге ғана емес еркектерге де сондай кеңес берілуі керек. Әйеліне қамқор болып, көңіл бөліп мүмкіндігінше сол үйге сіңісіп кетуіне ықпал етуі керек. Ең болмаса жолдасы тарапынан қолдау таппаған қыз ажырасуға асығады.
Ерлі-зайыптылар бір біріне эмоциясын көрсете бермейді, сезімдерімен бөліспейді. «Сені жақсы көрем», «сенсіз өмірім қалай болар ед», «сенің менің өмірімде барың үшін шүкір» деген сөздерді айтпайды. Ризашылығын білдірмейді. Тұрмыстық өмірде әйелдің мойнына түсер жүк ауыр. Ал енді соны ер адамы бөлісе білуі керек.
Қыздың жұбайлық өмір үшін бала босануға бел байлап денсаулығын аямай отырғанын, сол үйге қызмет етіп қайын жұртының көңілінен шығуға тырысып жүргенін бағалай бермейді. Ер адамы ризашылығын айтпайды. Әйтпесе көп қыздар мүмкіндігінше мойын ұсынып, баласы үшін шыдауға тырысып бағатынын байқаймын.
Егер жас жұбайларға арналған арнайы тәрбие, сыйластық, әдеп мектебі ашылып, отбасы құндығын оларға үйретсе, осының барлығына ерлі зайыптыларды алдын ала дайындаса ажырасулар азаяр еді.
Психологиялық көмек берсе отбасылық өмір жеңілдер еді. Жас жұбайларға арналған арнайы мектепте қыздарға тамақ жасауды да үйретсе дұрыс болар еді. Жасы отызға келсе де тамақ жасауды білмейтін қыздар көп. Сол үшін отбасылық өмірді үрейленіп қарсы алады. Мұндай орталықтарда ер мен әйелдің барлық міндеттерін ашып айтса, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіндірсе отбасылық өмір жеңіл тиер еді.
Бақытты жұптардың хикаясы көбірек насихаттау керек
– Сіздің ойыңызша ажырасудың көбеюіне не себеп?
– Жастардың жұбайылық өмірді психологиялық дайындықсыз бастауы, әлеуметтік жағдай да елеулі себеп. Әйел ақша таппайсың дейді. Еркек соған намыстанады. Ал қоғамда жоғары жалақы төлейтін жұмыс сирек. Қымбатшылық. Тапқанын жеткізе алмай, амалсыз отбасын сақтай алмай жатады.
Сосын ерлі-зайыптылардың өзара көңіл бөлмеуі бір біріне ажырасудың бір себебі. Қазір таңнан кешке дейін телефонына үңіліп қасындағы әйеліне көңіл бөлмейтін немесе керсінше, телефонға кіріп алып, жолдасымен әңгімелеспек түгілі ортақ мәселелерін қатар отырып шеше алмайтын жұптар бар. Сосын аралары суып бастайды.
– Ажырасу кезіндегі мүлік бөлісу, балаларының болуы, алимент өндіру секілді туындайтын мәселелер көп. Ажырасудың алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Иә ажырасуға қатысты мәселелер өте көп. Олар және бір бірімен байланысты. Кейбір кездері тараптар ажырасу туралы арызды алимент өндру және мүлікті бөлумен бірге береді. Негізі бір жерде қаралса дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде отбасылық соттардың құрылуын құптаймын.
Ажырасудың алдын алу үшін отбасы құндылықтарын насихаттауға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Бақытты жұптардың хикаясы, отбасылық өмірдың артықшылықтары көп айтылуы керек. Теледидардағы жарнама секілді көп көрсетілуі қажет.
Мемлекеттік саясат осыған бағытталуы тиіс. Егер отбасылық құндылықтарды арттыратын қандай да бір жобалар теледидардан берілсе жақсы болар еді.
Сотқа талап арызды қабылдамай тұрып психологтың кабинетіне кіргізу керек. Мен бұрын Жаркентте жұмыс істегенде бізде бұл тәжірибе болды. Ажырасам деп келгендерді алдымен психологтың, медиатордың кабинетіне кіргізетінбіз. Ол мамандарға кірген ерлі-зайыптылардың отыз пайызы сотқа жүгінбестен кері қайтатын.
Сұқбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА