Ұранхаев Тоқаевтың сынынан қандай сабақ алды?

Dalanews 14 мау. 2023 14:26 901

Абай облысындағы алапат орман өртінің соңы қайғылы жағдайға алып келді. 60 мың гектарды шарпыған өрт 14 азаматтың өмірін қиды. Қазақ елі 12 маусым күні өршіген отпен жалаңқол алысып, бейбіт заманда опат болған орман қызметкерлерін еске алып, аза тұтты. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғалы 12-ші рет аза тұтуы екен.  

Өрттің шығуына не себеп?

Табиғи апат па, әлде адам факторынан туындады ма?

Өрт ұшқындап, жан-жағына тарай бастағанда жергілікті басшылық, Төтенше жағдайлар министрлігі, орман шаруашылығына жауапты мекемелер неге бейқам қараған? Неге жедел шешім қабылдап, қызметтік міндетін орындап, өртті ауыздықтауға күш салмады?

Әрине, айтуға оңай, десек те дәл осы өрт бастау алғанда ауқымы ұлғайып, азаматтардың ажал құшуына әкелетінінен қауіптенген адам болмағаны ма?

...

Абай облысындағы өрттен кейін президент дереу Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатты. Оның орнына тағайындалған Сырым Шәріпханов оқиға орнына барып, өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруге кірісіп кетті.



Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Абай облысындағы өртке байланысты жауапты тұлғаларға, соның ішінде экс-министр Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді. Ол ол ма,  премьер-министр Ә.Смайылов 10 күн ішінде  оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырса, оның бірінші орынбасары Роман Скляр «Өрт үшін кінәлілер жазаланады. Қазір прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Оның аясында барлық кінәлі адамның жауапкершілігі анықталады»,  – деп қадап айтты.

Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандары «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізуге кірісіп кетті.


...

Ал жаңадан құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс берген президент шұғыл әрекеттің болмағанын, жергілікті басшылықтың мәселеден тыс қалғанын бетіне басты.



«Қателік көп. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді баяндадыңыз. Сондықтан  жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын.  Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек», – деп облыс әкіміне тағы бір мүмкіндік бергендей болды.

Абай облысының құрылғанына бір жыл енді толды.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысына қараған аумақтағы қордаланған мәселе сол күйінде жаңа облысқа көшкен. Өйткені 2014 жылдан бастап күні кешеге дейін Д.Ахметов қазіргі Абай облысына да жауапты болып келді. Өртті ауыздықтауға кесірін тигізген кемшіліктің көбі Ахметов 6 жыл әкім боп тұрған кезде жіберілген болуы мүмкін. Сол себептен де президент Абай облысының әкімі Ұранхаевты қызметінен алған жоқ. «Тағайындалғанына көп болмағанын ескеріп», сөгіспен шектелді.

Ал Ұранхаевқа дейін аймақты кім басқарды? Әрине, Даниал Ахметов. Президент осыны меңзеген сияқты. Демек, орман өртіне тек Юрий Ильин, Зүлфия Сүлейменова, Нұрлан Ұранхаев қана емес, Даниал Ахметовтің де жауапқа тартылуы мүмкін бе?


Бұл тұрғыда Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев: «Істің шеңберінде өз қызметтеріне салғырт, немқұрайлы қарап, осындай ауыр зардапқа жол берген барлық лауазым иелері жауапқа тартылады. Бұл іске байланысты басқарушы органдар ғана емес, басқа да өкілдер тергеуге алынады. Өрт аяқталған соң, барлығы тергеледі», – деп жауап беруі де тегін емес.

Дегенмен, Абай облысының әкімі осы сыннан сабақ алды ма? Қазір қимылы ширады ма? Президент берген тапсырмалардың орындалу барысы қалай? Ол қызметі мен абыройын сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып жатыр ма?

 

Облыс әкімі үдеден шығып келе ме?


Кеше Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкімет отырысында ормандағы өрт сөндіру жұмыстары қалай жүріп жатқаны жөнінде баяндап, елді мекендерге қауіп жоқ екенін жеткізді.



«Қазіргі таңда өрт сөндіру жұмыстары екі бағытта жалғасып жатыр. Шығыста өрт тоқтату үшін жеке құрамнан 300-ден астам адам, 30-дан астам бірлік техника, екінші бағыт бойынша 200-ден астам жеке құрам және 40-тан астам бірлік техника жұмыс істеуде. Жалпы, өртті жоюға 1532 адам, 321 техника және 14 тік ұшақ жұмылдырылды. Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанармай жіберді», – деген ол өрт салдарынан 3 үй және 2 техника өртеніп кеткенін және өрт кезінде уланып қалған азаматтардың жағдайы жақсарғанын айтты.

Алайда, облыс әкімі өңірдегі өртке қатысты мәлімдеме жасап, тілсіз жау әлі ауыздықталмай тұрғанын мәлімдеді.

«Біріншіден, облыс территориясындағы алапат өрт әлі басылған жоқ. Өрт сөндірушілер арнайы техникаларды қолданып, тілсіз жаумен күндіз-түні күресіп жатыр. Жақын аумақтағы ауылдарға қауіп жоқ, бұл біздің бақылауымызда. Жақын елдімекендердің тұрғындарын эвакуацияладық, азаматтарымызға қажетті азық-түлік жеткілікті.

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қажетті шараларды қолға алудамыз. Үкіметпен бірлесіп, өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына материалдық жағынан толық көмектесуді қамтамасыз етеміз», – деді Нұрлан Ұранхаев.

Ал бүгін өрт алаңы айтарлықтай қысқарғаны мәлім болды.

Өрт сөндіру жұмысы тәулік бойы екі бағытта, атап айтқанда Жерновка, Шүлбі және Каштак ауылы аумағында жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған.


Айта кету керек, қазір өртті сөндіруге ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігнен, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен қосымша 1800 жуық адам, 350 астам техника жұмылдырылып, өткен тәулікте барлығы 535 рет көлемі 1 600-ға жуық тоннадан астам су ағызылды. Өрт басталғалы бері барлығы 1450 рет көлемі 4 000 тоннадан астам су жұмсалған.

Сондай-ақ, үш эвакуациялық пунктке 189 адам орналастырылса, Семейде 800 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін 9 пункт жабдықталған. Абай облысының Талица, Половинки және Бұлақ ауылдарының тұрғындары Семей қаласындағы колледж жатақханаларына уақытша жайғасып, тиісті көмек алып жатыр. Ал балалар үшін мектеп лагері жұмыс істеп, қалалық мұражайларға және ойын-сауық орталықтарына тегін сапарлар ұйымдастырылуда. Семей теміржол ауруханасының дәрігерлері екі ауысымда кезекшілік етіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев эвакуациялық пункттерге барып, тұрғындардың қал-жағдайымен танысып, өрттің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.



«Елді мекендерге өрт қауіп төндірмейді. Сіздерді қатты түтін болғандықтан ғана эвакуациялауға тура келді. Өртпен күрес жалғасуда. Әрине, желдің екпіні жағдайды қиындатады», – деп түсіндірді облыс әкімі.

Демек, облыс басшылығы қол қусырып отырған жоқ. Қазір қам-қарекетсіз отыратын кез де емес. Жедел шаралар өрттің елді мекендерге таралуына жол бермеді. Бәлкім, әкім Ұранхаевтың өзін көрсететін сәт енді туған шығар? Ол сыннан қорытынды шығарып, өртті ауыздықтауға тұтас командасын жұмылдыра алса, бұл сынықтан да сүрінбей өтер. Алайда, айдың-күннің аманында опат болған 14 орман қызметкерін «Құрмет» орденімен марапаттасақ та, ойсыраған орнын қалай, немен толтырамыз?

Жұқамыр ШӨКЕ 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар