Оралбек Ботбай: «Ауылдан шықпаған қарияларға Нұр-Сұлтанды көрсетіп, батасын алдым"

Dalanews 26 мам. 2021 10:08 1582

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Қошқар ата ауылынан шыққан кәсіпкер Оралбек Қожамжарұлы еліміздегі қалталы азаматтарды қарапайым халыққа қолұшын созуға шақырды.  «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген тәмсілді өмірлік ұраныма айналдырып келемін кәсіпкер туған ауылының жолын жөндеп, көшелеріне күннен қуат алатын жарық шамдар орнатқан.

Табысының белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтын кәсіпкер

күннен қуат алатын шамдарды Ақтау, Шымкент және Тараз қалаларында да орнатуға өз үлесін қосқан.

– Ақылды шамдарды еліміздің бірқатар өңіріне орнаттым. Ол шамдар кеш батқанда автоматты түрде жанады, таң атқанда қайта өшеді. Күннен энергия алатын шамдарды шығарумен айналысатын зауыт құрылысын бастауға жер алып қойдым. Ақылды шамдардың бір ерекшелігі – 70% үнем жасайды, сосын әр бағанада сим-карта, интернет, радар, қуаттағыш сынды 14 түрлі қондырғы бар.

Туған ауылым Қошқар атада 19 шақырым аумаққа 480 дана жарық шам орнаттық, ауылдың ойдым-шұқырға айналған жолын жөндетіп, мектеп салдым. «Жақсылығыңды судағы балық қана білсін» демей ме, бірақ кейде пайдалы істер өзгелерге де үлгілі болса дейсің. Одан бөлек, пойызға, ұшаққа мініп көрмеген ауыл тұрғындарын Алматы, Нұр-Сұлтан сынды қалаларға саяхатқа жіберіп тұрамын. Ақтөбеден 60 жетім баланы былтырғы жылы «Балдәурен» демалыс орнына жібергенмін. Жылына ауылымдағы мектеп оқушыларының үш-төртеуінің оқу ақысын жабуға жәрдемдесемін, - деді ол.


Кәсіпкердің айтуынша, пандемия кезінде көмекке мұқтаж жандардың қатары көбейген.

– Әлемді жайлаған коронавирус індеті ел тұрғындарының қарапайым ғана медициналық бетпердеден бастап, дәрі-дәрмек, азық-түлікке мұқтаж екенін көрсетті.  Бүкіл әлемнің басындағы жағдай болған соң, шағым айта алмаймыз. Мемлекет өз кезегінде кәсіпкерлерді де, қазақстандықтарды да қолдауға тырысып жатыр.  Пандемия кезінде қарапайым халықтың жұмыссыз қалғанын көзім көрді. Үкіметтен 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Десе де бұл кірісінен айырылған отбасылардың мұқтажын толық өтей алмай отыр. Талай адамға жұмыс беруші ретінде өзім де қоластымдағы мамандардың ешқайсысын қысқартпауға тырысып, бір-бір үйді асырап отырған жандардың нан табуына септігімді тигіздім. Коронавирусты инфекция өршіген тұста халыққа тегін бетперде таратып, Ираннан дәрі-дәрмектер алдырдық. Ауруы асқынған жандарға тегін дәрі жеткіздік, – дейді Оралбек Қожамжарұлы.

Кейіпкеріміз кейде жағдайы бола тұрып, ақша сұрайтындардың да кездесетінін жасырмады.

– Еліміздің әр түкпірінен көмек сұрайтындар арасынан алаяқтар да табылып жатыр. Алғашында қаржыдан қысылып тұрғандарды тексермей-ақ, көмек беретінмін. Бірде Жамбыл облысынан бір келіншек телефон шалып, мүлде жағдайы жоқ екенін айтты. Дәріханаға баратын ақшасы болмай, ауруы асқынып, балалары қараусыз қалғанын жеткізген соң, жүрегім ауырып кетті. Дереу сол өңірдегі таныс азаматтарға хабарласып, бірлесіп қолұшын берейік деп ұсыныс тастадым. Анықтай келгенде, жаңағы көмекке мұқтажбыз деген әйел екі шаштаразы, астында Lexus маркалы көлігі, коттеджі бар адам болып шықты. Осы жағдай маған үлкен сабақ болып, содан бері көмек көрсететін жандарды тексеріп алатын болдым. Әр нәрсе адамның ниетінен ғой, адамдардың пейілі тарылмасын. Кез-келген қиыншылықтың аяқталар кезі бар, – дейді Оралбек.

Оралбектің табысының белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдыруына бала кездегі көрген қиындықтары әсер еткен.

– Көпбалалы отбасынан шыққан соң, бір кісідей қиналған сәттеріміз болды. Әпкем екеуміз төрт жыл бойы бір пальтоны алма-кезек киетінбіз. Түске дейін пальтоны әпкем, түстен кейін мен сабаққа киіп баратын едім. Менің бизнестегі жолым сол бала күннен басталды десем, артық айтқандық болмас. Тау етегінде өскен қозықұйрықты қалаға әкеліп сататынбыз. Кейін сол ақшаны жинап, қалада оқитын студент аға-әпкелеріме салып жіберетінмін.


Кәсіп жасауға деген икемділігім мені осы күнге дейін жолдан тайдырған жоқ. Өзімнен артылғанын жастарға, қарияларға бергенді жөн көремін. ­­­­­­ Олардың батасынан артық ештеңе жоқ. Ал студенттерге берген көмегімді болашаққа салынған инвестиция деп білемін. Себебі, бізге білімді, мықты кадрлар керек. Ауыл көшелеріне жарық орнатып, жол салып бергенде арқамнан жүк түскендей болды. Себебі, әр адам өзінің туған ауылына қарыздар. Шама келсе, туған ауылдың көркеюіне атсалысу керек. Әр кәсіпкер инвестицияны туған ауылына салып, жол жөндеп, көпір орнатып, ауыл балаларына футбол алаңын салып, ауыл оқушылары үшін қолжетімсіз кітаптарды тегін таратса, игілік деген осы емес пе?! – деді ол.

Бір кездері Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген кәсіпкер сахнада жүрмесем де, өнер мен спортта  жүрген жастарға демеушілік жасап тұрамын дейді.

– Өнер академиясын бітіргенмен, ол саладан алыстап кеттім. Кәсіптің бірнеше түрімен айналысып көрдім. Кейбірінен жақсы пайда тапсам, енді бірінен банкрот болған кездер де болды. Әсіресе, спирт өнімдерімен айналысқан маған жақпайтынына көзім жетті. Өнер сахнасында жүрмесем де, өнердің, спорттың дамуына өз үлесімді қосып келемін. Әйгілі Шолпан Жандарбекованың курсынан бітіріп шыққанымды мақтан тұтамын. Бекжан Тұрыс, Ғани Құлжанов секілді елге танымал курстастарыммен байланысым үзілген емес, – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар