Сағыныш пен өкініш, қуаныш пен қайғы, арман мен үміт, өмір мен өлім, тағы басқалар өмірдің қарама-қарсы қас беттері болса, поэзияның да берік ұстыны. Ой мен сезім поэзияда көркем тілмен, тамаша образдармен өріліп жатуы шарт. Онсыз ой да, сезім де оқырманға толық жетпей, қанаты сынған құстай жер бауырлап, көтеріліп биіктей алмайды.
Жамбылдың бір құдіреті де осында. Ой мен сезімді қайталанбас образға айналдырып, көз алдыңа сөзбен салынған суреттер әкелуінде. Оқушысын да, тыңдаушысын да сөздің сиқырына бөлеп, тұтқындап алады. Поэтикалық қуат еріксіз өзіне бағындырып, Жамбылдың сөз өрнегін, екпінін алдыңа тосады. Міне, ақындық дейсің. Жамбыл осылай жыр төкпесе, Жамбыл бола ма дейсің.
Бұл қасиет бала Жамбылдың өлеңге алғаш қадам басуынан-ақ көрінеді. Сөздің құдіретін ұғынуда ауыз әдебиетін, халық ақындары туындыларын терең түйсініп, қабылдауының орны ерекше болды. Халық ақындарының өлеңнен дауыл туғызған шығармашылығы Жамбыл үшін үлкен мектепке айналды. Сондықтан да оның шығармашылығындағы суреткерлік халық ақындарының туындыларындағы өктем сарын-интонациямен, сөз өрнектерімен тікелей сабақтасып жатуы бір жағы заңдылық еді.
Жігіт-желең кезінде қызға қырындап айтқан «Кәмшат қыз» өлеңінде:
Айдынның ақ шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім, – дейді өктемденіп. Асқақтап сөйлеп, өзін көтермелеп айту бір жағы жас Жамбылдың қыз алдындағы өр мінезін танытса, екіншіден шаршы топтың алдында өзін биіктетіп сөйлейтін халық ақындары дәстүрінің көрінісі. Осы өлеңінде тәкаппарсынған қызға тағы бір жағы қалжыңдап:
Солмай ма көктемдегі әдемі гүл?
Оңбай ма арудағы ал қызыл түр?
Еңкейіп екіндіге күн құласа
Көріксіз көрінбей ме дүние бір? – деп ойын әрі қарай өткірлей түседі. Мұндағы ишара-базына да өлеңді көріктендіріп әр берген. Табиғаттың құбылысымен байланыстырып әдемі образ жасайды. Дүние қанша сұлу болғанмен, екіндіде жаратылыстың көркемдігін қараңғылықтың тұмшалай түсетіні бар. Әрине, ақын табиғаттың осы сәтін айтумен шектеліп отырған жоқ, ішкі базына-ойын ишарамен астарлаған. Бүгін сұлумын, көріктімін деп тәкаппарсынғанмен, сән-салтанатың мәңгілік емес, уақыт та сенің бұл ажарыңды тайдырады, жастық шақта ойна да күл дегенді астарлап жеткізеді.
Жалпы, бұл өлең әдемі қыздың портретін, сән-салтанатын суреттеуге құрылады. Сондықтан да образға бай, ақын сөзбен сурет жасайды. Бір қарағанда көп өлеңнің бірі тәрізді көрінгенмен, шын мәнінде жас Жамбылдың ақындық қырын аша түсетін туынды.
Жамбылдың төңкеріске дейінгі өлеңдерінің басты бір саласы – сатиралық туындылар. Сатиралық туындының шарты – ақынның Тілеміс ақынға баға бергеніндей – «тілі мірдің оғындай, тиіп кетсе күйдірген, сексеуілдің шоғындай» – болу керек. Ақынның мұндай туындыларының адресі анық. «Абышқа», «Мөңке туралы», «Шалтабайға», «Қалиға», «Көкімге», «Кәдірбайдың төбеті», «Есенәлі мешкейге» болып нақтыланып келеді. Сөз жоқ, ақынның өлеңдері мұнан көп болған. Кезінде хатқа түспегендіктен ұмытылған. Ал бір-жар өлеңдерінің ұмытылмай есте қалуы осындай сатиралық өткірлігімен байланысты болса керек. Елге белгілі адамдардың ақын тарапынан сыналуы халықтың жадында сақталып қалса керек. Қиянатшыл, сараң, билікқұмар, елдің ақысын жеген пысықай, астамшыл адамдарды өткір сынау Жамбылдың ақындық тұлғасын айшықтай түседі. Оның әділетсіздікке көнбеуі, бетің бар, жүзің бар демей қиянатшылдарды өткір шенеуі ақынның мінезін, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауын білдіреді. Ақынның бұл қасиеті оны халыққа жақындата түскені сөзсіз.
«Мөңке туралы» өлеңінде:
Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде
Үстіне тұз арта келеді.
Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры құдайы жарылқап,
Қалталарын толтырып алады, – деп портрет жасаумен шектелмей, мінез-қылығын, айла-қулығын, құлқын құмарлығын дәл сипаттайды. Жеңіл оқылатын өлең тыңдаушысының жадына оңай жатталып қалатындай ойнақы берілген. Туынды «пысық келеді», «пұшық келеді», «қысып келеді», «ұзарта келеді», «қызарта келеді», «тұз арта келеді», «отырып алады», «қырға салады», «толтырып алады» деп келетін ішкі дыбыстық үйлесімі мол эпифоралық ұйқасқа құрылып, жеңіл оқылғанмен, мазмұнында кейіпкерін қарып түсетін ащы мысқыл мен өткір мінездеу бар. Шағын өлеңде жанғойлық болыс толық бейнесімен көз алдыңа келеді. Шынайылық пен шындық өлеңнің туын көтерген.
«Шалтабайға» өлеңіндегі сатиралық мазмұн бізге Абайдың әйгілі туындысымен таныс. Бірақ бұл Абай өлеңінің көшірмесі емес. Халық қамын ойлаған ақындардың қоғамдағы өрескел, тексіз іс-әрекеттерді бірдей көруі. Қазақ даласына келген отаршылдық ылаңын аңдауы. Соған сәйкес өзгерген психология, жарамсақтық, екіжүзділік, айтқан сөзде тұрмаушылық ата-бабалық қасиеттен айырылу. Жалпы, Ресей патшалығы қазақ даласындағы билікті өзгерту арқылы «бірді бірге айдап салу», «от тастау» әдіс-айласын кеңінен қолданды. Биліктің мақсатты жүргізген осы қарекеті қазақ халқының ұсақтануына, ел ішінде жағымсыз мінез-қылықтардың өршуіне әкеліп соқтырды. Осы сорақылықты Абай да, Жамбыл да көре білді.
Салқын келіп тоң-торыс,
Сыртқа сыздап қарайсың.
«Менен басқа жоқ болыс», –
Деп өзіңді санайсың.
Шарға түсер шағыңда
Қара тер боп сабылдың.
Аялған жоқ малың да,
Ақжем болып шабылдың.
Елге сөзің жеткенше:
«Жамағат!..» деп жалындың.
Қол билікке жеткен соң,
Салғырттыққа салындың, – дейді ақын «Шалтабайға» деген өлеңінде. Абайда болыс өзін өзі әшкерелесе, Жамбылда екі жүзді, тойымсыз болыс ақын тарапынан мінезделеді. Суырыпсалма ақындардың өлең шығарудағы сүйенетін басты қазығының бірі – ырғақ заңдылығына берік бағынуы, сақтауы болса керек. Ырғақ өлшемдеріне әбден дағдыланған халық ақындарының ауызша туындыларында ырғақтың бұзылуы жекелеген жағдайда болмаса, көбіне байқалмайды. Жамбылдың «Шалтабайға» деген өлеңінде де ырғақ (4 буын + 3 буын) берік сақталған. Ырғақтың берік сақталуы өз ыңғайында өлеңнің айтылуына, интонациясына айрықша ықпал жасайды. Сондай-ақ әдебиет теориясындағы ассонанс, аллитерация да (дауысты, дауыссыз дыбыстардың бірыңғай айтылуы) өлеңнің көркемдік қуатын, әуезділігін арттырған. «Салқын келіп», «сыртқа сыздап», «санайсың», «сабылдың», «салғырттыққа салындың», «шарға түсер», «шағыңда», «шабылдың», «аялған жоқ», «ақ жем болып», «жеткенше», «жеткен соң», «жамағат деп», «жалындың» деп келетін бірыңғай дыбыспен айтылатын сөздерді таңдауда ақын тапқырлық жасаған. Дәстүрлі ауыз әдебиеті үлгісін сақтай отырып, жаңғырту Жамбыл өлеңінен байқалады.
Төңкеріске дейінгі заманда ақындықтың биік шыңы – айтыс ақыны болып танылу еді. Айтыс ақыны шаршы топтың алдында халық атынан сөйлейді. Мұнда сөз сайысымен қатар, дүниетаным, азаматтық ұстаным сынға түседі. Бірі ру ақыны дәрежесінен көтеріле алмай жатса, бірі халық ақыны болып, көкжиегін кеңейтеді. Ру атынан сөйлеу, өз руының жақсылығын, байлығын асыра айту барлық ақынға, оның ішінде Жамбылға да тән.
Айтыс өнерінде Жамбылдың сөз өрнегі айшықтала көрінеді. Оның Айкүміс, Бөлек қыздармен сөз қақтығысуынан тапқырлық пен ұтқыр сөйлеу байқалады. Айкүміске: «Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің, Томпайған төсіңдегі өртеңгірді» деп жастыққа тән қайырыммен образды, әрі ұтымды айтады. Менменсінген Бөлек қызға да: «Не қылсаң да кетпеймін мен қасыңнан, Сүйкімді боп барасың алғашқыңнан. Ат тістесе атымды қуанамын, Тәңірімнің ісі деп жармастырған» деп қалыспайды.
Жамбылдың Сары ақынмен қағысуында, Майкөт ақынмен дидарласуында да өзіндік тұлғасы даралана көрінеді. Сары ақынмен сөз қағысуында:
Сарекемді састырып
Сүйекемнен сүрінген, –
Сізге жауап берейін
Жақтырсаңыз, бүгін мен.
Ақындарды жеңгенде
Ісіңіз оңға жүгірген.
Сүйекемді көргенде,
Жүрегіңіз түңілген, – деп шындықты тіке айтса, Майкөт ақынның алдында оған ілтипатын, құрметін ашық білдіреді:
Сіз бе еді? – ақын аға Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген.
Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,
Именіп өзге ақындар бәйпектеген, – дейді. Өзінен асқан шын жүйрікті құрметтеу – адамдықтың, азаматтықтың белгісі. Бұл тұрғыдан келгенде, Жамбыл іштарлық жасамайды. Майкөт ақынның батасын алады.
Жамбылдың Құлмамбетпен, Сарбас ақындармен айтысында қарсыластары осал ақын болып көрінбейді. Олар да өлеңнен дауыл соқтырғанда, бет қаратпайды.
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды? – деп өлең төгуі Құлмамбет ақынның арынын танытады. Арқасы қыза келе, жырды түйдек-түйдек төккен ол:
Болғанда мен ақсұңқар, сен бір тауық,
Сен әтеш айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан
Оқтаулы ақ беренге қарсы шауып, – дейді. Осы айтыстың талдануында көбіне Жамбыл ақынға көңіл аударылып, Құлмамбеттің ақындық қуаты тасада қалып жататын жайы бар. Шын мәнінде, Құлмамбет те – арынды ақын. Жоғарыдағы сөз саптауында образ дейсіз бе, екпінді интонация дейсіз бе, өлеңнің жымдасқан ұйқасы дейсіз бе – қарсыласынан кем соғып жатқан жоқ. Құлан аян Құлмамбет пен Жамбыл ақынның айтысының құндылығы да сол – мықты ақындардың айтысып, өнерін бірінен бірі асырып, сөзден найзағай ойнатуында болар.
Сөз орайында бүйірі қызған Жамбыл да тоқтамай арындайды.
Сөйлесем өлеңімді түптен бермен,
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден.
Мылтықта түтеп тұрған мен бір пестон
Асықсаң ажалыңа келші бермен.
Шүу десе жүйрік озар мынау қолдан,
Демей көр, ескі аруақ алып қолдан.
Қарасай дем бере гөр, менің бабам,
Сөйлейін будақтатып оң мен солдан.
Құлмамбет сен жақсы да, мен жаман ба?
Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?
Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсің бас аманға!
Айтыстағы өлең жолдарынан ыңғайымен айтылған айшықты образ, ата-баба аруағынан қуат тілеген дүниетаным, антоним сөздерді қабат-қабат қолданып, өзін қарсыласымен салыстыра көтермелеген асқақтық көрінеді. Құлмамбет ақынның жоғарыда келтірілген түйдек-түйдек, дауылдай қуатты өлең жолдарынан соң, анау-мынау ақынның мысы басылып, төменшектеп қалуы көбіне табиғи жай болса, Жамбыл ақынның артықшылығы мысы басылмақ түгілі, онан сайын аруақтанып, батылданып, тынысының ашылып сөз төгуі дер едік. Айтыстағы ең басты сәттің бірі – психологиялық шабуыл. Сол психологиялық шабуылға төтеп беру ақыннан жүректің батылдығын, өз өзіне сенімділікті талап етеді. Жамбылдың арынға арын қосып, одан асып өрши, күшейе бастауы – шын ақындық қуатының көрінісі болатын.
А, Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлмамбет,
Қу пәлекет арман кет!
Үдей соққан дауылды өлең нөсері қарсыласын осылайша бас көтертпей төпелейді. Айтыс – көпшілік алдында орындалатын көпқырлы өнер. Мұнда ақын Әбділда Тәжібаев жазғандай, театр өнерінің элементтері мол. Ал сөздің тыңдаушысына әсер-ықпалы да айтыс өнерінде ерекше бағаланады. Айтыстың бұл тұсында Жамбыл ақын сөз ойнатып, ішкі ұйқас пен еспе қайталауды, дыбыс үндесуін, градацияны шебер пайдаланып керемет жыр толқынын туғызады. Айтыстағы осы өлең жолдарынан ақын қиялының ұшқырлығы және өзіне дейінгі әдеби дәстүрді жаңғырта қолдануы байқалады.
Бір жылдары «Жамбыл деген ақын жоқ, Жамбыл қолдан жасалынған» деген арыз сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеуге дейін жол тартқан. Бұл күншілдік, Жамбылдың әлемге жайылып кеткен атақ-даңқын көреалмаушылық болатын. Жоғарыдағы біз келтірген өлең жолдары, жалпы тұтас мұрасы Жамбылдың үздік халық ақыны, жыраулар поэзиясының соңғы толқыны болғанын танытады. Кеңес үкіметінің саясаты Жамбылды мінбе ақынына айналдырды. Бірақ оған ақынды айыптаудың еш негізі жоқ. Осы аралықта жыр дүлдүлінің тағы бір қыры алдыңнан шығады. Ол – қасындағы хатшыларынан алынған жай мәліметті құдіретті жырға айналдыра білуі. Ақынның туған жерді, Отанды, еңбек адамын үлкен сүйіспеншілікпен жырлаған асқақ туындылары, көңіл күй жырлары әлі де сырын да, сынын да жоғалтпаған көркем дүниелер болып саналады.
Жамбыл сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «Феномен!».
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
Дереккөзі: Egemen Qazaqstan газеті