– Әңгімемізді қазіргі Шыңжаңда болып жатқан оқиғадан бастасақ. Ол жақта қазақтарға қатысты қандай мәселелер орын алып жатыр?
– Өздеріңіз білетіндей, Сириядағы соғыс қимылдары ірі халықаралық мәселеге айналғалы да көп болды. Күнделікті халықаралық хабарлардан ол елде түрлі террористік ұйымдардың ұрыс қимылдарына қатысып жатқанын көріп-біліп жатамыз. Түрлі елдерден Сирияға кетті делінетін адамдардың ішінде Шыңжаңнан барған ұлты ұйғыр біраз адам бар көрінеді. Солардың бару жолдары әртүрлі деп айтылады. Бірақ бұл жерде нақты ақпараттар толық емес. Әлгі адамдар Сирияға жету үшін басқа адамның атымен паспорт жасап өткен. Қытайда осы нәрсе біраз әңгіме болған. Шыңжаң арасын Тәңіртау қақ бөліп, Оңтүстік, Солтүстік болып екіге бөлінеді. Солтүстік Шыңжаңда негізінен қазақтар тұрады, Оңтүстік Шыңжаңды ұйғырлар мекендейді, түрлі қаржылық топтар арқылы біраз адам басқа ұлттың атымен де, қазақтың атымен де паспорт жасап Сирияға шығып кеткен. Осы оқиға себеп болса керек, былтыр тамыз айынан бастап Қытайда бір науқан жүрді: паспорттық тексеру өтті. 2016 жылы қазан айының 30-ы күні Қытайдың орталық партия комитетінің бір басшысы Алматыда жұмыс сапарымен болды. Сол кісімен біз кездесу ұйымдастырдық. Кездесуде бір топ адам барып, Қытай-Қазақстан арасындағы саяси һәм экономикалық жақсы қарым-қатынастарды алға тарта отырып, Қытайдағы және Қазақстанға арғы беттен көшіп келген ағайынның құжат төңірегінде қалыптасқан қиыншылықтарын айттық. Ол кісі: «Қытайдағы құжат тексеру мәселесі Сириядағы жағдайға байланысты. Біз паспортты тексереміз. Ал ол жерде халықаралық заңдылыққа сай, біз ешкімнің ұлтына қарамаймыз. Ұйғыр, қытай, моңғол – бәрін тексеріп, паспортты өз атына жасады ма, жоқ әлде біреудің атына жасады ма, соны нақтылаймыз», – деді.
Өздеріңіз де білесіздер, Қытай – бір партиялы мемлекет. Ал Қытай коммунистері, яғни партия адамы шетелге шығатын болса, оны тексереді. Рұқсатсыз шығуға болмайды. Қытайда шетелге шығып, барған еліне қоныстанып қалған соң, сол елдің азаматтығын алып әрі Қытай азаматтығында да жүрген адамдар болған. Кейін бұл мәселе анықталды да, өкімет қос азаматтыққа қарсы шықты. Біздің Қытайдың қазақтары Қазақстан азаматтығын алған кезде Қытай паспорты мен куәлігін өткізуі керек. Оны біздің ішкі істер министрлігі жиып алады-дағы, оны апарып сыртқы істер министрлігіне өткізеді. Оны сыртқы істер министрлігі Қытайдың елшілігіне өткізеді. Бұл процесс ұзаққа созылады деп естідім. Мамандардың айтуынша, үш жылға кетіп қалуы мүмкін. Ал енді біздің ағайындардың ішінде қос азаматтықпен жүргендері жоқ деп айтуға болады. Елге келген ағайынның ішінде зейнетке шыққан соң көшіп келген кісілер көп. Қытай заңы бойынша, қай елде тұрсаң да, зейнетақыңды алып тұруға қақың бар. Бірақ Шыңжаң Қытайдың орталығынан алыстау, шекарадағы аудан. Бұл жердегі саясат басқаша. Сонымен, Іле Қазақ облысына келгенде «не үшін Қазақстан азаматы Қытайдан зейнетақы алады?» деген мәселе қабырғасынан қойылған. Содан «Қытай азаматтығы бар азаматтар елге келіп, арнайы тіркеуден өтуі қажет» деген соң, Қазақстаннан көп адам жолға шыққан. Біздің есебіміз бойынша, мұндай адамдардың саны Іле Қазақ облысының сегіз аудан, екі қаласын қоса алғанда – 16-17 мың адам. Сөйтіп, биыл қаңтар айында осы адамдар шекарада жиналып, бөгеліп қалған. Осы хабарды естігеннен кейін олар бізге телефон соқты. Содан кейін мен Қытай консулына телефон соғып, жағдайды айттым. Ол кісі «материалыңды жазбаша бер» деді. Сосын біз қаңтардың 26-сында жазбаша хат жаздық. Консул «біз бұл жағдайды білмейміз, мұны елшілікке жазыңыздар» деді. Содан кейін біз біраз хат жаздық. Бірінші хатты Алматыдағы консулдыққа, бір нұсқасын Астанадағы елшілікке, одан кейін Үрімшідегі үкіметтің сыртқы істер министрлігі бар, соған жаздық. Осылай қозғау салған соң Қытайдың бас консулының орынбасары бізді қабылдады. Соған төрт адам кіріп шықтық. Екінші рет тағы қабылдады. Іс созыла бастады. Қайтадан хат жаздық. Қытайдың баспасөз құралдарына да шықтық. Алматыдағы бас консул бізді қайта қабылдады. Ол жолы біз 14 жастағы Аққанат деген қызды алып бардық. Ол қыздың әкесі Қытайда жұмыс істейді. Шешесі зейнетке шығып, Алматыға қызын әкеліп оқытып жатқан-ды. Қаңтар айында «Қытай азаматтары қайта келіп, тіркеуден өтуі тиіс» дегенді естіп, шешесі арғы бетке өткен, содан паспортын жиып алған соң бері келе алмай қалған. Қыз баратын жері, қарайтын адамы жоқ, Алматыда жалғыз қалған. Осындай адамдар өте көп деп консулға айттық. Ол кісілер ойлана бастады. Одан кейін де тоқтаусыз хат жазып тұрдық. Ақыры осы іс бойынша Қытайдан бір комиссия келетін болды. Комиссия келді де.
Тағы оқи отырыңыз
https://dalanews.kz/27893
– Қытай азаматтығынан шығып, Қазақстан азаматтығын алса да зейнетақы ала бере ме?
– Ала береді. Кезінде Пекинде оқып, қызмет істеп жүргенімде біздің бірнеше мұғаліміміз Америкаға, Гонконгқа көшіп кетті. Сол кісілердің зейнетақысын біздің бухгалтерия поштасына салып жіберетін. Ол осы күнге дейін сақталған нәрсе. Ал әлгі комиссия Астанада бір күн болды.
– Комиссияның құрамында қандай адамдар болды?
– Комиссияны Қытайдың сыртқы істер мекемесінің бірінші хатшысы бастап келді. Құрамында жаңағы хатшының орынбасары, Қытайдың әділет департаменті, ішкі істер департаменті, кадрлар департаменті, Іле Қазақ облысы партия комитеті тәртіп тексеру мекемесінен өкілдер болды. Жалпы, жеті адамдай келді. Біз комиссия қабылдауына 15 адам кірдік. Құжат дайындап алып барған едік, олар қабылдап алды. Мен комиссияға: «Асырасілтеу бар, соны қадағаласаңыз. Қытай заңнамасы бойынша, зейнетке шыққан адамның зейнетақысы қай елде болса да берілуі тиіс», – дедім. Комиссия мүшелерімен ықтиярхат алған адамдар атынан да сөйлестік. Комиссия мүшелері: «Ықтиярхат алып, Қазақстанда тұрып жатқан адамдар қанша дегенмен Қытайдың азаматтары. Олар үшін жауапты Қытай береді. Әрі олардың көбі Қытайдың мемлекеттік қызметкерлері екен. Яғни партия мүшесі. Қазір біздің партиялық тәртіп күшейді. Сонан кейін оның мекемесі олардың қайда жүріп-тұрғанын білуі керек, не істеп жүргенін хабардар болуы тиіс. Және не істеп жүргенін өз мекемесіне мәлімдеп тұруы қажет. Біз ықтиярхатты мүсәдіралаған жоқпыз, олардың паспортын өз мекемесінде уақытша жиып алдық», – деп түсіндірді.
Жалпы, Шыңжаңнан тыныштық кетті ғой. Көптеген террорлар болды. Оның үстіне аймаққа жаңа хатшы келіп, ол өзінің бағдарламасымен келген. Тәртіп күшейген. Осындай істердің зардабы қазақтарға да тиіп жатыр.
– Көп адамдарда Қытайдың паспорты және Қазақстанның ықтиярхаты бар деп отырсыз ғой. Олардың Қазақстан азаматтығына өтпей жүруіне не себеп?
– Мұның енді көптеген себептері бар. Басты бір себебі – қарапайым тұрмыстық жағдай. Ықтиярхат алған адам тегін визасыз жүреді. Бұл біздің елдің істеп отырған қолайлылығы. Бұған дейін көп адамдар азаматтық алсам зейнетақым тоқтап қалады деп қорыққан. Басты себеп – осы.
Сіз куәлікпен жүресіз. Шетелге шығу үшін шетелден шақырту керек. Шақырту келгеннен кейін сегіз мекемеден анықтама жинайсыз. Соның бірі – жергілікті сақшы бөлімінен сотталмаған деген анықтама. Содан кейін қолына паспорт тиеді. Паспорт тигеннен кейін ғана виза жасап Қазақстанға келеді. Ал осы жерде туындап жатқан мәселе – Қытайдан келген қазақтар 2013 жылдан бастап жаңа заң бойынша сотталмағаны туралы анықтама әкелу. Бұрын мұндай анықтаманы этникалық қазақтардан талап етпейтін. 2013 жылы заңда осы мәселе көтерілді. Ал бұл мәселемен Қытайға барса, «біз саған паспорт алған кезде анықтама бергенбіз, болды, шетелге шығып кеткен адамға анықтама бермейміз» дейді. Мұны біз Қазақстан парламентінің депутаттарына түсіндірдік, бірақ олар бізді түсінбеді. Түсінгісі келмеді. Бұл жағдайды кезінде «Нұр Отан» партиясының төрағасына да хат жазып айтқанбыз.
Бұл мәселе парламентте талқыланған кезде «Жебеу» бірлестігі атынан Рахым Айыпұлы, Ауыт Мұхибекұлы екеуі 18 отырысқа қатысты. Біз екі ұсыныс айттық: көші-қон парағынан шығу мен соттылық жөніндегі анықтаманы алып тастау. Артынан көші-қон парағынан шығуды алып тастады. Соттылық дегенді террористер кіріп кетеді деп қалдырып қойды. Құдайға шүкір, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында президенттің өзі ішкі істер министрлігіне былай деп тапсырма берді: «Қытайдағы қазақтарымыздың соттылығы туралы мәселені шекараның ар жағына барып шешіңдер». Қазір, естуімше, сең қозғалды. Жұмыс жүріп жатыр. Содан кейін, өздеріңіз де көрген шығарсыздар, соңғы бір жылда азаматтық алған қандастарымыздың ішінде Қытай қазақтарының саны 63 пайызға дейін көтерілді.
– Осы Қытай мен Қазақстан арасында қандай да бір көші-қон келісімі бар ма?
– Қытай да Қазақстан сияқты көпұлтты, көпдінді ел. Қытайдың өзінің ішкі проблемалары да жеткілікті. Тибеттің, Шыңжаңның мәселелері бар. Оған Гонконг қосылды. Оның сыртында, теңіз жағалау аудандары мен шеткері аудандардың арасында экономикалық, әлеуметтік парықтар зор. О баста көші-қон келісімі болмаған. 2000 жылдардың басында Қытайдан көшіп келгендер көп болды. Кейін ол тоқтап қалды. Ал негізгі Қытайдан келген қазақтар қалай келеді десеңіздер, туыстық жолмен келеді, оқу, саяхат визасымен келеді. Алдымен күйеуі келеді, сосын балаларын, соңында әйелін алып келеді. Не балалары осындай оқуға келеді. 2000 жылдары Қытайдағы қазақ жастарының, мәселен, бір сыныпта 30 бала болса, оның 25-і осы жақта оқыған. Ол жағына Қытай рұқсат берді. Қазақстан үкіметі оларды алып қалып, азаматтығын берді. 2000 жылдарды қазақтардың көшіп-қону дәуірі деуге болады.
Қазір Қазақстан мен Қытай арасында көптеген келісім бар. Бұл жерде біздің дипломаттардың шеберлігі керек. Көші-қон мәселесін дипломаттар кейде көтереді, кейде көтермейді. Мысалы, мұнай-газдың 20 пайызын қытайлар алып отыр. «Теле2» деген байланыс операторында да Қытайдың акциясы бар. Одан басқа, ауылшаруашылық, мұнай өңдеу саласына да Қытай кіріп жатыр. Әр мемлекет ішкі нарықты қорғау үшін сырттан жұмыс күшін кіргізбейді. Қазір бізде заң шыққаннан кейін оның бәрін оралман қазақтар істеп жатыр. Осы жағынан біздің үкімет талап қоюға болады.
– Демек, Қытайға, керісінше, талап қоюға болады ғой?
– Болады, әрине. Біздің ішкі істер министрлігі бұл мәселеден толық хабардар деп айта алмаймын. Біздің сыртқы істер министрлігі осы нәрсемен айналысып жатыр ма? Осыған жаны күйетін адам бар ма, жоқ па – оны да білмеймін. Қазіргі баспасөзден ондай әңгімені естіген жоқпыз. Қытайдың тарихында көп нәрсе үстел басында бітеді. Сол үшін біздің дипломаттар шеберлік көрсетіп, сөйлесуі керек. Дастархан басында дос болып сөйлессе, Қытай да көнеді ғой. Қытайға жүздеген мың адамның бар-жоғы еш әсер етпейді. Енді осының көзін тапса, шарт қойса. Мысалы, Қытаймен бірлескен кәсіпорындарға Қытайдағы қазақтарды жұмысшы ретінде әкелуге келісссөз жүргізсе… Ақтоғайда қытайлар зауыт салды, сол зауытта Қытайдан келген көптеген қазақтар жұмыс істеп жатыр.
– Қытайда отырған қазақтардың Қазақстанға көшуге ықыласы, құлқы бар ма?
– 2000 жылдары Қытайдың әлеуметтік жағдайы бізге жетпейтін. Соңғы 10 жылда Қытай жақсы дамыды. Одан кейін соңғы 5-6 жылда әлеуметтік жағдай жақсарып жатыр. Көбіне біздің малшыларға ақша беріп, үй салып жатыр. Қызметкерлердің айлықтары салыстырмалы түрде тұрақты. 300-500 доллар. Бізбен салыстырғанда өте жоғары, себебі ақша құнсызданғаннан кейін біздің айлығымыздың да құны түсіп кетті ғой. Оған дейін біздің 120 мың теңгеміз мың доллардай болатын. Мұғалімдердің айлығы солай болды.
Жалпы, қазір Қытай үстемдігі күшейіп келеді. Ең жақсы ән айтатын, ең жақсы киім киіп, ең жақсы жұмыс істейтін қытайлар. Біздің жастарға олар үлгі бола бастады. Қытай мәдениеті дамыды. Ол жастарды алып бара жатыр. Енді 20-50 жылдан кейін жастардың көбін сіңіріп кетуі мүмкін. Өйткені мәдениеттің аты – мәдениет. Ақша да, билік те солардың қолында. Қытайда кезінде жоспарлы туыт «бір отбасы – бір бала» заңы болды. 2000 жылдары көп қазақтар осыдан қашып келді. Қазір Қытай оны алып тастады. Бір отбасында екі-үш бала болатын болды. Қытайда экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты мәдениетінің өрлеуіне жастардың көбі қызығып жатыр. Бірақ Қытайда «табиғатты, жайылымды қорғаймыз» деген мақсатта малды жайлауға шығаруға рұқсат бермей отыр. Оның үстіне терроризмге қатысты да қысым күшейді. Ақпарат, баспасөзде сөйлеу жағынан Шыңжаңдағы жағдай ауыр деуге болады. Сондықтан келетіндер әлі көбейеді деп ойлаймын.
Оқи отырыңыз!
https://dalanews.kz/28405
– Көші-қон саласындаы квота мәселесі қалай болып жатыр?
– Квота дегенде, сырттан көшіп келетін қазақтарды солтүстіктен бес облысқа орналастыру туралы пәрмен бар. Былтыр жеті облыс еді. Енді өзіңіз білесіз, адамдардың тұрған орны әртүрлі. Солтүстіктің табиғатына келмейтін, шыдамайтын адамдар бар. Қазір, менің байқауымша, жастар, мемлекеттік қызметкерлер көп келіп жатыр. Олар қалада тұрғысы келеді. Солтүстікке барғысы келмейді. Ал паспорт жасау Қытайда қиын болып тұр. Бұл күндер де өтетін шығар. Болашақта шешіледі деп ойлаймыз. Сол кезде көш көбеюі мүмкін. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін көші-қонға біздің биліктің назары басқаша бола бастады. Алда көштің жаңа дәуірі басталады деп үміттенеміз. Ол үшін біз даяр болуымыз керек. 1962 жылы, совет заманында100 мың қазақ көшіп келді. Бірақ ол кезде қоғам жақсы қараған, отбасыларды аралап жүріп паспорт таратқан. Олар қиналмаған. Бірақ оларды қалаға тұрғызбаған, ауылға, батысқа, солтүстікке жіберген. Бірақ құжат жағынан ешқандай қинамаған. Ал қазір мемлекеттің саясаты дұрыс. Көптеген жеңілдіктер бар.
Соңғы жылдары Қытайда үйдің, жердің бағасы қатты өрледі. Ана жақта үйін, жерін сатса, Қазақстанның кез келген жерінен үй алады. Құжат мәселесі шешілсе, Қытайдан әлі көп адам келеді. Олардың мүмкіндігі зор, себебі ана жақта біраз экономикалық мәселелер бар. Оны халық сезініп отыр. Қазір бәрі баласын осы жақта оқытсақ дейді. Сізге бір қызық айтайын, мен баламды Қытайға оқуға жібердім. Сонда менің курстасым: «Сен балаңды Қытайға оқуға жіберіпсің, мен баламды Қазақстанға оқуға жіберіп жатырмын, бұл қалай болғаны?» – деп сұрады. Сонда мен: «Сен ұрпағыңды сақтап қалу үшін Қазақстанға жіберіп жатырсың, мен баламның өсіп-өркендеуі үшін, жаңа технологиямен тың білім үйрену үшін Қытайға жібердім. Менде балам қазақ тілін ұмытып қалады деген қорқыныш жоқ», – дедім.
Тағы оқи отырыңыз!
https://dalanews.kz/27534
– Қытайдағы қазіргі жастарға тіл жағынан, басқа да жақтан болсын кедергі бар ма?
– Мысалы, Үрімжі, Құлжа, Күйтін, Алтай, Шәуешек сияқты қалаларда балалар қазақша әрең-әрең сөйлейді. Газет-журнал шығады, бірақ қазақ тілі қытайда отбасылық тілге айналды. Қазір Қытайда қытай тілін білмей, еш жерге жұмысқа орналаса алмайсың.
– Қытайда тұрып жатқан қазақтардың қанша үлесі қалалық, қаншасы ауылдық екенін білесіз бе?
– Біздің кішкентай кезімізде арнаулы үкімет қалаға жұмысшы қабылдайтын. Солар барып, бір-екі ай жұмыс істеп қашып кететін. Ал енді Қытай нарыққа өткеннен кейін бұрын компартия түсіре алмаған елді қалаға нарық түсірді. Қазір Қытай қалаларында қазақтар өте көп.
– «Қытайдың мәдениеті жастарға өте қатты ықпал етіп жатыр» дедіңіз. Ал, жалпы, қазақ мәдениетін қытай жастары қай тілде қабылдап жатыр?
– Ол жақта қазақ өнерінің ықпалы өте жақсы деп айтуға болады.
– Қытайдағы қазақ жастары қазақша газет-журнал оқып, теледидар көре ме?
– Мұны енді мақтанып айтуға болады. Бүкіл жастар интернеттен бәрін оқып, елде не болып жатқанын біліп отыр.
– Төте жазумен оқи ма?
– Төте жазумен де, кириллицамен де оқи береді.
– Қазір бізде латын қарпіне өту талқыланып жатыр. Егер латынға өтсе, Қытайдағы қазақтармен байланыс жақсара ма, әлде үзіліп қала ма?
– Қытайда төте жазу болды, біз латынша оқыдық. Енді латынға өтсек тіптен жақсы болады. Себебі Қытайда бастауыштан бастап ағылшын тілін өтеді. Жастар мұның бәрін үйреніп алады. Қытайда зиялылар әрекет етіп жатыр. Егер Қазақстан көшсе, қытай қазақтары да латынға көшпек. Бірақ Пекинде сондай ой бар сияқты. Араб мәдениетін алыстату үшін Қытай үкіметі ұйғырдың да, қазақтың да латын қарпіне көшуіне қарсы болмайды. Осы орайда, Қытай қазақтарының латын қарпіне өту мүмкіндігі жоғары.
– Енді тағы бір сұрайтын нәрсе – Қытай үкіметінің ұйғырларға қатынасы қазақтармен салыстырғанда басқа ғой. Уатсап әлеуметтік желісінде әртүрлі дүниелер тарап жатыр. Оның ішінде діни де, саяси да мәселелер бар. Жалпы, Қытай ұйғыр мен қазақты бірдей көре ме?
– Олай деп айтуға болмайтын шығар. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романында мынадай сюжет бар: Қытайдың бір хатшысы далада қазақ пен ұйғырдың төбелесіп жатқанын көріп, бұлардың да арасында қайшылық бар екен ғой деп қатты қуанады. Сөйтсе, ол екеуін бір ұлт деп ойлайды екен. Түркітілдес ел болғаннан кейін дініміз де, діліміз де бір. Ғасырлар бойы малымызды бағып, егінімізді егіп, бір-біріміздің тұрмыстық кем-кетігімізді толықтырып, мамыражай өмір сүрдік. Әрине, үш аймақ төңкерісінен кейін арамызда түрлі себептерге байланысты мүдде қайшылықтары, түсінбеушіліктер болды. Бірақ жалпы жағдай жақсы.
Соңғы жылдары «Еркін Азия» радиосының (RFA) ұйғыр, қытай қызметі Қытай қазақтарының мәселесін көтере бастады. Азаттық пен «Еркін Азия» радиосы екеуі де демократиялық құндылықтар мен кісілік құқық мәселесін көтереді. Бірақ ашалап қарасақ, екеуінің стилі ұқсамайды. Азаттық нақты фактіге жүгініп, тыңдарманын ойлануға, мәселеге талдау жасауға жетелесе, «Еркін Азия» радиосы, естуімізше, пәленшенің айтуынша деп бастап, тыңдарманын желіктіреді, отқа май құйғандай әсер қалдырады. Сарапшылардың айтуынша, Қытай мен батыстың арасында өткен ғасырдың 80-90 жылдарында басты қайшылық идеология мәселесі болса, бұл күнде басты қайшылық демократия және кісілік құқық мәселесі. Демек, біртабан алға жылжыдық деген сөз. Ішкі Қытай мен Шыңжаңның арасында экономикалық жақтан ғана емес, гуманизм тұрғысынан, заңды сыйлау, заңға бағыну жағынан да көп алшақтық бар. Қазір Шыңжаңдағы жағдай ауыр, дін мәселесі өте ушығып тұр. Ұйғыр халқы біршама діндар халық. Олар қоныстанған өңірлер Жібек жолындағы маңызды бекеттер болғандықтан, тарихта араб-парсының ықпалы өте зор болған.
Қазіргі Whatsapp, Facebook желілерінде тарап жүрген ақпараттарға үңілсек, Қытай қазақтарының мәселесін шиеленістіріп халықаралық мәселеге айналдыру нысайы аңғарылады. Бұдан кім ұтады, кім ұтылады, ойланып көрелік. Пәлен қазақ молда сотталды, баласы Қазақстан азаматтығын алғаны үшін әкесі он жылға сотталды деген ақпарат кезіп жүр, бірақ соттың үкімі жоқ. Оны сұрасаң ешкім білмейді. Қазір Қытайда партиялық органға қарайтын тәртіп тексеру комитеті деген мекеме бар, солар ғана мемлекеттік қызметкерлерді, әсіресе жоғары дәрежелі шенеуніктерді парақорлыққа байланысты прокуратураның рұқсатынсыз оңаша қамап, соңында сотқа өткізеді. Әрине, соты тәуелсіз емес елде күштеп мойындату сынды заңбұзушылықтар болатын шығар, бірақ әлемге ортақ қағиданы олар формалды түрде болса да ұстанады.
Қазақтың көбейгенін, күшейгенін ұнатпайтын көршілеріміз өте көп. Ғасырлар бойы бізді бөліп алып билеп үйренгендер бізді еркін жібергісі келмейді, барлық мүмкіндікті пайдаланып, қазақ көшін тоқтатқысы келеді. Біздің жеріміз кең, байлығымыз мол, экономикамыз көтерілуде. Бізге керегі адам, кемінде 30 миллионнан асып, 50-ді еңсеруіміз керек, сонда ғана ел мен жерге иелік етеміз.
Қазір Тибетке рұқсатсыз ешкім кіре алмайды, азуын айға білеген Америка, жан саны Қытайдан қалыспайтын Үндістан, Нобель сыйлығының иегері Далай Лама да ештеңе істей алмай отыр. Мен мәселенің осы жағына көбірек көңіл бөлгім келеді. Қытай басшысы осы бес жыл ішінде елімізге үш рет келді. «Бір жағалау – бір жол» стратегиясы алғаш рет Назарбаев университетінде ортаға қойылды. Біз неге осы үлкен атмосфераны пайдаланып, іргемізді бекемдеп, кемдігімізді толықтап алмаймыз?! Қазіргі ғасыр технология мен ақпарат ғасыры. «Сыбырлағанды құдай естімей ма?» деген сөз бар. Кеше ғана Қытай қазақтарының әлемді, Қазақстанды тану үшін үлкен көпір болған «Күлтегін», «Сен Қазақ» деген сайттарының жабылуына себепші болғандар, виза, ықтиярхат жасап, талайды тақырға отырғызған суайттар бұл күнде көші-қонның қамқоршысы, жаршысы болып әлеуметтік желі мен баспасөзді шулатып жүр. Арамзаның құйрығы қанша тұтам болса да, түбі бір тұтылады. Тек халқымыз алданып, жастар арандап қалмаса деймін. Біз әрқашан стратегиялық бағыттан ұтылмауымыз керек.
– Сөзіңіздің басында Сирияға кеткен адамдар қазақтардың да атынан паспорт жасатып өткен дедіңіз. Ел ішінде «Қазақстанға қазақтың атын жамылып, ұйғырлар келіп жатыр» деген әңгіме бар. Қазақстанға Қытайдан адам өту дегенде осындай проблема бар ма?
– Сіздің айтқаныңыз 90-жылдары болған жағдай ғой. Қазір Қытайда құжатыңыздың ішінде қаныңыздың тобы да жазылады. Алайда 90-жылдары ұлтын өзгерткен жағдайлар болған. Қазіргі кезде оны арнайы бір адамдар жасамаса, қарапайым адамдар жасай алмайды.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, "Жас Алаш" газеті