"Бунинге тыйым салу – Қазақстанның Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге берген жауабы бойынша төмендеген тағы бір сатысы. Қазақ үкіметі керісінше тыйымды жойып, Бунинге маңызды зерттеуін, оның ішінде Шыңжаңнан қашқан қазақтар немесе сол жақта туысы ұсталған немесе жоғалғандар жөнінде маңызды жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беруі тиіс " деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.
Тегі орыс АҚШ азаматы 36 жастағы Евгений Бунин 4 қыркүйек күні Бішкектен Алматыға ұшып келгенде, Қазақстан кеден қызметі оны елге кіргізбей, депортациялаған. Кеден қызметі оның Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынғанын мәлімдеген.
Әлі күнге дейін Қазақстан билігі оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.
8 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде HRW "Қазақстанның Қытаймен ортақ шекарасы бар, тығыз экономикалық байланыс та орнатқан. Қазақстан үкіметі бұған дейін Пекинмен қарым-қатынасты бұзбас үшін адам құқығын да құрбан етуге дайын екенін көрсетті" деп атап өтеді.
Ұйым Шыңжаңдағы қысымды айтып жүрген белсенді Серікжан Біләштің Қазақстанда қылмыстық қудалаудан сескеніп, шетелге көшіп кеткенін де еске салады. Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңда жоғалған немесе ұсталған туыстарына іздеу салып, қайтаруды талап еткен азаматтарды жергілікті полицияның қудалап, жауапқа тартқанын да жазады.
"Бунин және өзгелер зерттеп жатқан Шыңжаңдағы түркі тілді халық қолдауға зәру, қудалау немесе қамауға емес. Қазақстан оларды паналату үшін жағдай жасау керек. Буниннің Қазақстанға кіруіне тыйым салу Қазақстан үкіметінің адам құқығы мен заң үстемдігін қолдайтындығына күдікті үдете түседі. Сондықтан бұл шешімнің күші жойылуы тиіс" деді Уильямсон.
Евгений Бунин ұйғыр тілін зерттеумен айналысқан. Өзінің айтуынша, 2018 жылы Қытай билігі оны елден кетуге мәжбүрлеген.
Осыдан кейін Қазақстанға келіп, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін мәселесін көтерген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы қатарында жұмыс істеп, арызданушылардың сөзін ағылшын тіліне аударумен айналысып жүрген.
Ол сондай-ақ, "Шыңжаң құрбандарының дерекқоры" (Xinjiang Victims Database) жобасын бастаған.
Халықаралық қауымдастық Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман халықтарға қысым көрсетіп отыр дейді. Пекин Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр секілді діні ислам түркі халықтарын жаппай лагерьге қамап, оларды мәжбүрлі еңбекке салған, әйелдерге ұрықсыздандыру отасын жасаған деп айыпталып отыр.
2018 жылы БҰҰ Шыңжаң лагерлерінде бір миллионнан астам адам отыр деп мәлімдеген. Қытай бұл айыптарды жоққа шығарады, лагерьлерді "кәсіп баулу орталықтары" деп атайды.