Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты қыздың полицияда жауап беріп отырған сәті түсірілген видеоның таралуына байланысты ресми шағым жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
Видеоны құқық қорғау органдарынан жұмыстан босатылған бұрынғы қызметкер таратқан. Кадрларда марқұм Нұрай күдіктіге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтады. Осыған байланысты жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов бұрынғы полиция қызметкеріне істегі құпия дәлелдерді жария таратқаны үшін шағым түсірді.
"Бұл жағдай біз үшін тосын жаңалық болған жоқ. Біздің ойымызша, бұл видео - тергеу барысында ұсынылуы тиіс дәлелдердің бірі және ресми тергеу аяқталғанға дейін жария етілмеуі керек. Мұнда тергеу құпиясы бұзылған. Мұндай жағдайда заңда тиісті шаралар, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Біз шағым түсірдік, енді тергеу органдары бұл жайтқа құқықтық баға береді", - деді Нұрпейісов.
Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Еске салайық, бұған дейін полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.
Сонымен қатар, Президент Ұлттық құрылтайда шымкенттік Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді.
