Нұрәлі Әлиев "Транстелекомдағы" үлесін сатудан бұрын қомақты дивиденд алып үлгерген. Қаңтар айының соңында акционерлер 2023 жылғы таза пайданың 6 млрд теңгесін дивидендке бағыттауды мақұлдаған. Бұл соманың 4,5 млрд теңгесі 31 қаңтарда төленген, деп жазады Dalanews.kz.
Ол тұста Әлиев пен оның серіктесі Дмитрий Покупателевке тиесілі Unit Telecom компаниясы "Транстелекомның" 75 пайызын иеленіп отырған еді.
Егер осы 75 пайыз шамамен тең бөліске түсті деп топшыласақ, онда 4,5 млрд теңгенің жартысы (2,25 млрд теңге) Әлиевтің есеп-шотына аударылған.
Күні кеше ғана Назарбаевтың жиені "Транстелекомдағы" үлесін толық сатқанын мәлімдеген. Әлиевтің кетуімен компанияның директорлар кеңесі жаңарып, құрамға Jusan Mobile өкілдері енді. Ұйымның түпкі бенефициары – кәсіпкер Ғалымжан Есенов.
Әлиевтің қазіргі тұрғылықты мекені Араб Әмірліктері деп тұспалдаймыз. Астана әкімінің орынбасары болған тұста (2014-2016 ж) Нұрәлі шетелдік инвестицияға жауап берген. Сол жылдары Әбу-Даби шейхі Әл-Нақаянмен жиі жүздескен Әлиев өзінің Capital Holding компаниясы арқылы Эмираттағы жылжымайтын мүлікке инвестицияны үйіп-төкті деуге негіз бар.