Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" АҚ директорлар кеңесі төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Нұрәлі Әлиев Instagram-да мәлімдеді. Оның айтуынша, акционерлер құрамынан шығып, компания сатылуына байланысты директорлар кеңесі төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдаған.
"Транстелеком" - қазақстандық ірі байланыс операторларының бірі, телекоммуникация және IT-қызметтермен айналысады. Forbes мәліметтері бойынша Unit Telecom арқылы компания акцияларының 75 пайызына иелік етушілер - Нұрәлі Әлиев пен Дмитрий Покупателев. Қалған 25 пайызы "Қазақстан темір жолында". Бұрын компания мемлекетке тиесілі болды. 2015 жылы "Транстелеком" 9 миллиард теңгеге жекешелендірілгені хабарланды.
2022 жылғы сәуірде Үкіметке "Транстелекомды" сату жөніндегі мәміле салдарынан мемлекетке келтірілген залал мәселесін зерттеу ұсынылды.
Бұған дейін танымал британ журналисі Жоанна Лиллис “Қара көлеңке” дейтін еңбегінде қанды Қаңтарға дейін "Нұрәлі атасы мен анасының қалқасынан (опекасынан) шығып, әулеттің саяси доминациясын ұзарту миссиясын өз мойнына алуға тас-түйін дайын отырғанын" жазған болатын.
КНБ-ның экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев та осы мәліметті растап, "Дариға билікті басып алуды көздеді" деген пікір білдірген.
Dalainside телеграм арнасына белгілі болғандай, “шетел асқан активті қайтару туралы” заң күшіне енгелі Әлиевтың PR қызметі мен шетел лоббистері Нұрәлінің ұнамды бейнесін қалыптастыруға шұғыл кіріскен.
Мәселен былтыр: “Назарбаевтың немересі жабайы табиғаттың жанашыры. Қар барысының қамқоршысы, түз тағысын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан адам...” деген бағытты контент күрт көбейген еді.
Біздіңше, мұның астарында саяси және қаржылық стратегия жатыр. Әлтуристің образын сомдайтын Нұрәлі осы арқылы шетелдегі активін заңдастыра алады әрі салықтық жеңілдіктерге ие болады.
Әлиевтің қазіргі тұрғылықты мекені Араб Әмірліктері деп тұспалдаймыз. Астана әкімінің орынбасары болған тұста (2014-2016 ж) Нұрәлі шетелдік инвестицияға жауап берген. Сол жылдары Абу-Дабидың шейхі Әл-Нақаянмен жиі жүздескен Әлиев өзінің Capital Holding компаниясы арқылы Емираттағы жылжымайтын мүлікке инвестицияны үйіп-төкті деуге негіз бар. Capital Holding бертінге дейін даңқты боксшы Геннадий Головкинге демеуші болғанын білеміз.