Нұрәлі Әлиев (Дариға Назарбаеваның баласы) "Транстелеком" АҚ-дағы өз үлесін сатқаннан кейін, компания директорлар кеңесіндегі оның орнына Jusan Mobile-дің үш топ-менеджері келді. Мұны KASE-де жарияланған компания құжатынан көруге болады, деп жазады Dalanews.kz.
Құжаттағы деректерге сәйкес, "Транстелеком" директорлары кеңесінің құрамына 12 ақпанда өзгерістер енгізілген. Кеңес құрамы тізімінен Әлиевпен бірге тағы екі топ менеджердің (Берік Өтемұратов және Эльдар Ғұмаров) аты-жөні сызылған.
Ал Әлиевпен бірге компанияның 75% акциясын өз бақылауында ұстаған Дмитрий Покупателев директорлар кеңесінің төрағасы болып қайта тағайындалды.
Онымен бірге жаңартылған құрамға Jusan Mobile-дің үш өкілі кірді:
- Қайрат Балықбаев - Jusan Mobile Басқармасының төрағасы, бұрын ақпарат және коммуникациялар вице-министрі, Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар дирекциясының басқарушы директоры, сауда және интеграция вице-министрі болған.
- Андрей Марченко - Jusan mobile директорлар кеңесінің төрағасы.
- Нұрлан Арынғазиев - Jusan mobile директорлар кеңесінің мүшесі.
KASE-де жарияланған құжаттағы деректерге сәйкес, директорлар кеңесінің жаңа мүшелері "Unit Telecom" ЖШС акционерінің өкілдері болып табылады. Оның құрылтайшылары ретінде,11 ақпандағы жағдай бойынша, Дмитрий Покупателев пен Нұрәлі Әлиев болып табылады. Бұл деректер жақын арада тағы жаңартылуы тиіс.
Сонымен қатар 13 ақпанда Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновтен Jusan Bank акцияларын сатып алғалы жатқанын растады. Ал Есенов өзінің JV Holding Ltd холдингтік компаниясы арқылы осы сөз етіліп отырған Jusan Mobile -ді басқарады.