Атырауда күйеуінің туыстарының алтын әшекейлерін жасырын түрде ломбардқа өткізіп отырған 23 жастағы келінге сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, келін күйеуінің отбасымен бірге тұрған кезде туыстарының алтын сырғалары, сақиналары мен шынжырларын алып, оларды бірнеше рет ломбардқа тапсырған. Ал түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Алғашында жәбірленушілер бағалы бұйымдардың жоғалуын сырттан келген ұрылармен байланыстырған. Алайда кейін алтындардың отбасы мүшелерінің бірі тарапынан алынғаны анықталған.
Сот әйелді кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндеттеді.