Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысында журналистер отырған кабинеттің есігі жабылып қалғаны айтылды. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері БАҚ өкілдерінің кәсіби қызметіне кедергі келтірген.
"Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері журналистердің құқығын шектеп, бізді сот ғимаратынан шығармай, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді. Бұл жағдай кеше де болған, бүгін тағы қайталанды. Біздіңше, мұның мақсаты – журналистердің Әділетханнан сұхбат алуына мүмкіндік бермеу. Егер сот қызметкерлері заң бұзса, оларды кім жауапқа тартады?" – деп жазды Руслан Өтепбай.
Бүгін блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарылады.
Әділетхан Молдахан – қазақстандық заңгер, блогер және бұрынғы полиция қызметкері. Ол әлеуметтік желілерде жол қозғалысы ережелері, құқықтық мәселелер және қоғамда қызу талқыланған оқиғаларға қатысты пікірлерімен танылған. Сонымен бірге құқықтық кеңестер беріп, қоғамдық мәселелерге қатысты пікір білдіріп жүрген.
2026 жылдың наурыз айының соңында Әділетхан Молдахан Алматыда адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына байланысты әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларынан кейін ұсталды.
Кейін оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни "көрінеу жалған ақпарат тарату" дерегімен айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қалалық полиция департаментінің бұрынғы басшылығындағы екі өкіл танылған.