Вячеслав Ким қаржы нарығын бақылау агенттігіне Jusan Bank акцияларының 97,5 пайызын сатып алуға өтініш бергенін Kursiv.Media-ға растапты. Оның айтуынша, қадағалаушы мекеме өтінішті тексеріп шыққаннан кейін шешім қабылдайды, деп жазады Dalanews.kz.
Ол бұл келісімнің Kaspi.kz-ке түк қатысы жоқ екенін де нақтылапты.
Апта басында Кимнің Jusan Bank-ті сатып алғалы жатқаны туралы БАҚ-тарда ақпарат тараған. Бірақ ол кезде компания бұған қатысты ешқандай түсініктеме бермеді. Жалпы, Кимнің Jusan Bank-ке қызығып жүргені туралы мәлімет алғаш рет 2024 жылғы қыркүйекте пайда болған. Бұл туралы Bloomberg өз дереккөздеріне сүйене отырып хабарлаған.
Айта кетсек,Jusan Bank - Қазақстанның банк саласында алтыншы орында тұрған ірі қаржы мекемесі. Оның 2024 жылғы таза табысы 11,3% артып, 156,7 млрд теңге болған. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Jusan Bank акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке (Ахметжан Есімовтің күйеубаласы) тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде, ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы басқарады.
Бұған дейін сайтымызда "Кимнің серіктесі Олег Новачукқа 1,647 млрд теңге дивидент төленеді" деген материал жарияланған.