Кимнің серіктесі Олег Новачукқа 1,647 млрд теңге дивидент төленеді

Кәмшат Тілеухан 08 қар. 2024 16:53 3386

Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген Finaccord Limited инвестициялық-қаржы компаниясы өзінің жалғыз акционері Олег Новачукке 1,647 млрд теңге дивидент төлейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы мәлімет Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды.

Finaccord Limited-тің 2023 жылдың қорытындысы бойынша жаратылмаған табысы 14,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінен 4,8 млрд теңге бұған дейін де компанияның жалғыз акционеріне дивиденд ретінде төленген болатын.  

"Компанияның жаратылмаған табысынан артылған бөлік 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 9,99 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты компанияның жаратылмаған пайдасының қалдық 1,6 млрд теңгесін (3 3,3 млн доллар) 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша акционердің  дивиденті деп жариялау туралы шешім қабылданды", делінген компания хабарламасында.

2023 жылы Finaccord Limited компаниясының таза табысы 2 млрд теңгені құрады. Компания 2022 жылы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген және акционердің инвестицияларын қоса алғанда, реттелмейтін инвестициялық қызметпен және өз инвестицияларын басқарумен айналысады.

Олег Новачук туралы аз-кем мәлімет

Ол Forbes бойынша Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 34-ші орында (2 265 млн доллар) тұр. Сондай-ақ ол Nova Resources B.V. директорлар кеңесінің төрағасы, сол арқылы Kaz Minerals-тағы 36,5% үлесін басқарып, Владимир Киммен (үлесі - 63,5%) қатар тұрған бақылаушы акционерлердің бірі болып табылады. 

"Жасыратыны жоқ, Новачуктың бүкіл бизнесі Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің рейтингі басына тұрған Владимир Киммен тығыз байланысты. Ким 2022 жылы Finaccord Limited-ті құрды, бірақ үш айдан кейін, 2023 жылдың қаңтарында оны қандай да бір себептермен Новачукқа тапсырды. Айтқандай, Олег Николаевич Ресейдегі алтын өндірісімен айналысатын Баим жобасына қол жеткізбей тұрғанда, бір жыл бұрын 2022 жылдың маусымында құрылған Trianon Limited компаниясының тең төрағасы атанды. Ал 2018 жылдан бері бұл активті ресейлік Роман Абрамович пен Александр Абрамованың  құрылымдарынан сатып алған KAZ Minerals иелік етіп келген. Бірақ 2023 жылы санкциялар қаупіне байланысты оны еншілес компанияға беру туралы шешім қабылданды. Ол үшін, тіпті  Ресей президенті Владимир Путиннің рұқсатын алу қажет болған. Мамыр айының соңында Trianon Limited Баим жобасынан біржолата құтылды. Олар оны ресейлік "Северная Аврора"жабық инвестициялық қорына сатты.  Оның өзге активтері туралы мәлімет жоқтың қасы.  Kaz Minerals-та Владимир Ким президент әрі атқарушы емес директор лауазымдарын атқарады. Олег Новачук KAZ Minerals директорлар кеңесін басқарады. Сонымен "Ким Новачук" серіктестігі артында не жатқаны жайлы, өкінішке қарай, ешкім ешнәрсе айтпайды" деп жазады қоғам белсендісі Берік Жағыпаров желіде.

Алдында Кеңес Рақышев активтерін неге сатып жатқанын жазған болатынбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар