Кеңес Рақышев активтерін неге сатып жатқанын айтты

Кәмшат Тілеухан 07 қаз. 2024 12:04 1791

Fincraft Group басшысы Кеңес Рақышевтың соңғы үш жыл бойында тау-кен саласындағы активтерін біртіндеп сатып, ақшасын мұнай-газ компанияларына инвестициялап жатыр. Соның ішінде кәсіпкердің табысынан гөрі шығыны көп Тимур Құлыбаевқа тиесілі "Шұбаркөл премиумды" сатып алуы, сондай-ақ БТА-ның еншілес компаниясы БТА Украинадағы үлесін сатқаны туралы сыбыс іскерлік ортада біршама сұрақ туғызған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл сұрақтарға Kapital.kz сайтында бүгін жарияланған кәсіпкердің сұқбатында жауаптар беріліпті.

"Мәміле бойынша "Шұбаркөл Премиумының» 50% үлесі қазір маған, 50% - Шухрат Ибрагимовқа тиесілі. Бірақ жобаны Шухраттың командасы толығымен басқарады, өйткені олардың бұл бағытта көбірек тәжірибесі бар. Қазақстандағы ең ірі энергетикалық көмір өндіруші - "Шұбаркөл көмір" Ибрагимовтың ERG тобына кіреді. Менің "Шұбаркөл Премиумдағы" міндетім - болашақта бұл компанияға инвесторлар тарту. Болашақта біз өндіріске арналған жаңартылған жабдықтарды алып келіп, тағы тасқа тың дүниелерді енгізгіміз келеді", - деген ол бұл активті қаншаға сатып алғанын ашып айтпауды жөн көріпті.

- 2024 жылдың маусым айында Сіз "SNRG Capital Eurasia" ЖШС арқылы қазақстандық кәсіпкер Сұлтан Мареновке БТА-ның еншілес компаниясы - БТА Беларусьті саттыңыз. Бірақ, әзірге Сіздің активіңізде БТА Украина әлі де қалып отыр. Қыркүйек айында бұл актив үшін 4 миллиард 546 миллион теңге қолыңызға тигенін айттыңыз. Оны сатып жатырсыз ғой? 

"Біз орталық банктің және монополияға қарсы комитеттің (Украина) рұқсатын күтіп отырмыз.  Осы рұқсатты ала салысымен, біз ресми түрде аталған мәміле туралы жариялаймыз", - деп жауап беріпті Кеңес Рақышев.

Сұқбат соңында ол сатқан активтерінен түскен ақшаны мұнай-газ секторына инвестициялауға мүдделі екенін айтыпты.

Айта кетсек,кәсіпкер Кеңес Рақышевтың да үлесі бар EQUUS Petroleum Limited мұнай-газ компаниясының акциялары 2 қазаннан бастап Астана қор биржасы (AIX) тізімінен алынып тасталды. Fincraft Group 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Equus Petroleum Limited компаниясының 50%-ына иелік етеді. Рақышевтың холдингі бұл үлесті Байқадам Абласанов пен Нұрлан Жұмановтың International Petroleum Holding B. V. компаниясынан сатып алды. Олар 37,67% акцияны өздеріне қалдырды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар