Алматы облысында экс-депутат 2,6 млрд теңге субсидияны заңсыз алған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Ол ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктерін пайдаланып, бюджет қаржысын заңсыз алу үшін өзіне қарасты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
Күдіктілер өнеркәсіптік таңқурай өсіруге арналған элиталық көшеттер сатып алынғаны туралы жалған құжаттарды уәкілетті органдарға тапсырған. Ол үшін жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау актілері, электрон шот-фактуралар және өзге де құжаттар рәсімделген.
Алайда тергеу барысында құжатта көрсетілген көлемдегі көшеттер жеткізілмегені анықталған. Сонымен қатар, кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге мүмкіндігі болмаған.
Осының салдарынан мемлекеттен 2,6 миллиард теңгеден аса субсидия заңсыз алынған. Тергеу дерегіне сәйкес заңсыз алынған қаражаттың 491 миллион теңгесі қор нарығында инвестицияланған. Ол үшін күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.
Тағы 400 миллион теңге iSolutions Capital микроқаржы ұйымына уақытша қаржылай көмек ретінде аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сондай-ақ, күдікті ұрланған қаражаттың 170 миллион теңгесін Қонаев қаласындағы казинода жұмсаған.
Сот санкциясымен күдіктілердің төрт пәтеріне, үш көлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.