Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесінде күтпеген өзгеріс болды. Прокурор соттан айыптау бабын қайта саралауды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгінгі сот отырысында Әділетхан Молдахан соңғы сөзін айтуы тиіс болған. Алайда оған дейін прокурор сөз алып, сотталушыға тағылған айыптың өзгертілгенін мәлімдеді.
Бұған дейін блогерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған болатын.
Енді мемлекеттік айыптаушы істі осы баптың 3-бөлігі бойынша қарауды ұсынды. Аталған норма көрінеу жалған ақпарат тарату салдарынан ірі залал келтірілген немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларға қатысты қолданылады.
Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адамға бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Прокурордың өтінішінен кейін сот істі кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Әділетхан Молдаханға қатысты келесі сот отырысы 9 шілдеде өтеді.