Назарбаевқа ренжімеңіздер

Dalanews 11 қар. 2017 05:26 345

Таяуда «Central Asia Monitor» газеті журналисі Сәуле Исабаева мен журналист Арман Құдабаевтың «Казахский национализм: на смену «романтикам» приходят «бунтари»?» деген сұхбаты түрлі ойға жетеледі. Кез келген адам материалмен танысқанда сұхбат алушы мен сұхбат берушінің де қазақ тілін білмейтін, типичный «қала қазақтарына» ұқсатар еді. Әу баста бұл сұхбатты орыстілді журналист алған шығар деген оймен, тұтас газеттің бетін алып жатқан материалдың соңына көз жүгірткенімде сұхбат алушы журналистің есім-сойы – Сәуле Исабаева екенін көрген соң, қала қазақтарының қазақ ұлтшылдығын қалай тәспірлейтіні мені қызықтыра түсті.



Арман Актаевич не дейді?

Сұхбатты оқығанда орыстілді әріптесіміздің сұхбаттасатын адамын дұрыс таңдамағанын бірден байқадым. 2000 жылдардың басында ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде білім алғанымызда Арман Актаевич (журфактың студенттері солай атайтын) ағамыз журфактың ұзын дәлізінде ары-бері шапқылап жүретін.

Сол кезде біреулер «замдеканымыз» Актаевич қазақ ұлтшылдығы жайында әңгіме айтады десе сенбес едік. Қазақша сөйлей алмайтын адам қазақ ұлтшылдығы жайында қалайша әңгіме қозғайды?

Бірақ сұхбатты бастан-аяқ оқып шыққан соң, Арман Актаевичтің әңгімесі әлгі бір орыстардың американың Форд мәшинесін мініп (көлігінің артқы әйнегіне  «На Берлин!» деген жазу бар) алып, iPhone сотканы сығымдай ұстап, орыс патриотизмі жайында әңгіме айтатын әдетін есіме түсіргендей болды. Сұхбатта Арман Актаевич бас жарып, көз шығаратындай бәлендей ештеңе айтпаған. Бәрі әдеттегідей... Бірақ сұхбаттан еліміздегі орыстардан гөрі орыстілді қазақтардың күн өткен сайын өздерін «жайсыз сезініп» жүргенін анық аңғардым.

 

Қазақ тілін қашан үйренесіздер?

Биыл тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асты. Осы жылдар ішінде өзіміздің орыстілді қазақтар қаншалықты қазақ тілін меңгерді? Түк те меңгерген жоқ. 2000 жылдары журфакта оқып жүргенде Арман ағамызды «Арман Актаевич» деп атаушы едік. Ал «Central Asia Monitor» газеті журналисті өз сұхбатында «Арман Актайұлы» деп атапты. Болған, біткен өзгеріс осы ғана.

Еліміз тәуелсіздік алғанда Назарбаев қазақтілді қазақтарға да, орыстілді қазақтарға да теңдей мүмкіндік жасады. Президент қазақ тілін дамытуға қатысты қатал шешім қабылдамады. Сол сияқты орыстілді қауымның ойынан шығып, орыс тіліне де көп мүмкіндік бермегенін білеміз. Екі жаққа тең мүмкіндік жасады. Бұл еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтау үшін қажет еді.
Осыны елдегі орыстілді қазақтар сезінді ме? Жоқ. Мүлде сезінген жоқ. Олар тіл сындыруға ешқашан құлық танытпады. Есесіне таусылмайтын сылтауларын айтып, жұрттың миын ашытып келеді.

Бүгінде қазақтілді қазақ пен орыстілді қазақ білетін бір ақиқат бар. Ол еліміз тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілі алға жылжығаны. Енді бір 15 жылда орыс тіліне деген қажеттілік мүлде жойылады. Мұны орыстілді қазақтар мойындағысы келмейді.

 

Кім «тормоз»?

Тәуелсіздік жылдары қазақ тілі биліктің әкімшілік күшіне арқа сүйемей-ақ табиғи жолмен дамып, өркендеді. Мұны орыстілді қазақтар жақсы біледі. Бірақ олар қазақ тілін үйренуге құлықсыз. Енжар.
Олардың осы бір әрекеті қазақ тілін үйренуге ықылас танытқан өзге ұлттардың ықыласын су сепкендей басып жатқанын ойламайды. Көпке түсінікті қазақ-орыс тілінде айтсақ еліміздегі орыстілді қазақтар қоғамның алға жылжуына «тормоз» болып отыр.

Олар алға ұмтылудың орнына өткенді аңсап, алға басқан қадамымызды кейін тартуда. Президенттің өзі «Қазақпен қазақ – қазақ тілінде сөйлессін» деп айтты ғой. Өкінішке орай, Арман Актаевич менімен қазақ тілінде сөйлесуге әлі дайын емес. Қашанғы күтуге болады?

Қайта олар «бұрынғы «романтиктердің» орнын «бунтарлар» басты» деп аһ ұрып өкініп, билікке реніш айтумен келеді. Басқа-басқа еліміздегі орыстілді қазақтардың Назарбаевқа ренжитіндей жөні жоқ.

 

Төбелес қазақ ұлтшылдығына өлшем болмайды

Енді негізгі әңгімемізге қайта оралсақ. «Central Asia Monitor» газетінде жарық көрген сұхбаттың әлқиссасында «Меняются времена, меняется общество, а вместе с ними трансформируется и сущность казахского национализма. Он уже не такой, каким был, к примеру, десять и даже пять лет назад. Сейчас он представлен множеством разношерстных групп с часто полярными жизненными принципами и социальным статусом» – деп пайымдапты сұхбат алушы әріптесіміз.

Осыдан-ақ орыстілді қазақтардың қазақы ұлтшылдық оларға қатты дискомфорт туғызып отырғанын байқаймыз. Осылайша әріптесіміз «этникалық туыстарына» деген көзқарасын білдіріп қойғанын өзі де байқамай қалған сыңайлы. Бұдан кейін ол қазақ ұлтшылдығы қоғамдық өмірімізде қалай көрініс тауып, «байырғы жұрттың» мазасын қалай қашырып жатқанын Арман Актаевичтың аузымен айтуға тырысыпты.

Ал Арман Актаевич болса, «Әкем-ау, мен қазақ ұлтшылдығы жайында не айталамын, маған адасып келіп отырсың»  деп айтудың орнына Астанадағы Әбу-Даби Плазадағы төбелесті, Божконың соңғы әңгімесін, Алмазбек Атамбаевтың біздің билікке айтқан сынын, тіпті Прайм Плазадағы концерттегі төбелесті бір сызықтың бойына жинап, қазақ ұлтшылдығымен байланыстырып «нечто» бірдеңе айтуға тырысыпты.
Арман Актаевич мырза, қазақтар төбелессе,  оған қазақ ұлтшылдығының қатысы қанаша? Күні кеше ғана Әбу-Даби Плазада орын алған төбелеске ұлтшылдық негіз болды деп бағалауыңыз бұл енді ауыл жастары мен билік арасына от тастау емес пе?

Ол тұрмыстық дау-жанжалдан туған дүние ғой. Алматыда жатып, Астанадағы төбелеске бұлайша баға беруіңізге не түрткі болды? Сіз ойлағандай Алматыдағы Прайм Плазадағы төбелестен де қазақ ұлтшылдығының ізін байқай алмадым. Төбелес болған жерде қазақ қоғамы ұлтшыл ретінде танитын Дос Көшімді көріп, осылай десеңіз,  ойлануға болар еді.

 

Бунтар мен романтиктер хақында

Айтпақшы, Арман Актаевич Прайм Палазда Қайрат Нұртастың әнін тыңдаймыз деп келген жүздеген қазақ жастары мен Астанадағы Әбу-Даби Плазда үндістермен жаға жыртысқан күзетшілерді «бунтарь» деп атаса, Кеңес заманда Мәскеудің бетіне самал болып соға алмаған қазақ зиялыларын ұлтшыл «романтиктер» деп бағалапты.

Өз басым Қайраттың әнін тыңдауға жиналған жастарды «бунтарь» емес, «фанат» деп атаған болар едім. Демократиясы дамыған Еуропада ірі концерттерде, футбол ойындарында мұндай төбелестер жиі болып тұратынын білесіз. Бірақ мұндай оқиғадан кейін төбелескен жастарды ұлтшыл, бунтарь деп айыптағанын көрмек түгілі, естімейсіз. Сонда бұл не өлшем? Шамасы Арман Актаевич, оңы мен солын танымаған ауыл жастарын билікке қарсы айдап салып,  Қазақстандағы орыс тілінің ғұмырын ұзартамын десеңіз қатты қателесесіз.

Арман Актаевич романтиктер мен бунтарьлардың ара жігін ажыратып бергеннен кейін журналист «То есть вы хотите сказать, что разумного/умеренного национализма в Казахстане не получилось? И вместо него стали набирать силу другие течения?» – деп тәуелсіздік жылдары қалыптасқан қазақ ұлтшылдығын жұртқа «ұрда жық» ағым ретінде түсіндіруге тырысады.

Бұдан Арман Актаевич Алматы мен Астанада орын алған төбелесті тағы да басшылыққа алып, қазақ ұлтшылдығының мәнін түсіндіруге тырысыпты. Осы екі төбелес арқылы қазақ ұлтшылдығына қалай баға беруге болады? Арман Актаевич тіл үшін трамвайдың астына түсуге дейін барған Руза Бейсенбекті қалайша ұмытып кетті екен?

Ал ұлттық мүдде жолында күрес жүргізіп жүрген Дос Көшім, Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Асқар Жұмаділдаевтың әрекеттерін Арман Актаевич неге есепке алмайды?  Қазақ ұлтшылдығына қатысы жоқ төбелестерді ұлтшылдыққа индикатор етіп алудың не қажеті бар еді?

 

Ауыл жастары қалада қалуы керек

Сұхбаттың соңына қарай Арман Актаевич мемлекеттің ауыл жастарына жоғары оқу орындарына түсу үшін жыл сайын беретін квотасын көпсініпті. Ол квота бойынша білім алып, диплом алған жастардың бәрі ауылға қайтып кетпейтініне қынжылыс білдіріпті.

Арман Актаевичке салсақ, ауыл квотасы бойынша оқуға түскен ауылдан шыққан жастардың бәрі төрт жылдан кейін дипломын қалтасына салып, ауылға аттануы керек екен.

Сонда не, Астана мен Алматы Арман Актаевич секілді жандардың тұруы үшін салынып па? Осы жағын түсіне алмадық. Үкімет ауыл жастарына квота бөлгенде оларға білім беріп,  ауылға қайтаруды көздеген жоқ.

Қайта оларды қалада тұрақтап, жұмыс істеп, еліміздің өсіп, өркендеуіне пайдасын тигізсін деген мақсатты басшылыққа алғаны анық. Арман Актаевич, Үкіметтің ауыл жастарына арналған қандай бағдарламалары барын жетік білмесеңіз, мұндай әңгімені қозғап неңіз бар? Тырманың басын басып, сабы маңдайыңызға сарт етіп тигенін өзіңізде аңғармай отырсыз.

Біліп жүріңіз, Үкіметтің ауыл жастарын ауылға қайтаратын «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарламасы бар. Ұмытпаңыз. Ауыл жастарына бостан-босқа соқтығыса бермеңіз. Әйтпесе ертеңгі күні Қайрат Нұртастың фанаттары сіздің үйдің алдында төбелес ұйымдастыруы мүмкін.

 Нұрлан Жұмахан, журналист.  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар