"Наурыз-2025" ипотекалық бағдарламасы бойынша алғашқы заем берілді

Кәмшат Тілеухан 15 сәу. 2025 14:18 343

Бүгінгі таңда Отбасы банк "Наурыз" бағдарламасы бойынша барлығы 1 047 кредиттік өтінімді мақұлдады. Алғашқы заем кісі қолына тиіп те үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылғы "Наурыз" бағдарламасы бойынша алғашқы қолжетімді несиені Батыс Қазақстан облысының 26 жастағы тұрғыны Бексұлтан Қазиуллин ресімдеді. Ол жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істейді. Облыс тұрғыны Оралда бастапқы нарықтан онлайн-ипотека арқылы пәтер сатып алды.

Банк сайтындағы мәліметке сүйенсек,"Наурыз" бағдарламасына қатысушылар тізіміне 12 000 қазақстандық ілінген, оның 4 577-сі немесе 38,1% тұрғын үйге кезекте тұр. Олардың жартысына жуығы (16,8%) халықтың әлеуметтік осал санатына жатады.

Бағдарламаға қатысушылардың көпшілігі республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрады. Бұл - 7880 адам. Облыстық маңызы бар қалалардан бағдарламаға 3 506 адам кірді, тағы 560 банк клиенті аудандарда және 54 салымшы моноқалаларда тұрады. Қатысушылардың басым бөлігі немесе 7 112 адам - 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жас қазақстандықтар. Олар, әдетте үйленген және балалары бар болып келеді. "Наурыз 2025" бағдарламасына қатысушылар пулында 25% - тұрғын үй төлемдерін алушылар, яғни әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

Ең үнемшіл салымшылардың "Наурыз" бағдарламасына қатысушылардың тізіміне ену мүмкіндігі жоғары екенін еске сала кетелік.

Ұпайлар қалай есептеледі?

  • салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
  • тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;
  • балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

Мысалы, 1000 балл жинау үшін салым бойынша сыйақы түрінде Отбасы банкіндегі депозитте 1 млн теңге жинау қажет. Банктегі сыйақы капиталдандырылады, яғни есептелген сыйақыға сыйақы да есептеледі. Сыйақы мөлшері - жылдық 2% (мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып, ЖТСМ 2,4%-дан 14%-ға дейін). Депозитте 1 млн теңге көлемінде сыйақы жинақтау үшін кемінде 5 жыл ішінде 10 миллион теңге жоспарлы түрде жинақтау қажет.

Банктің автоматты жүйесі ұпайларды үлкен мәннен кішіге дейін бағалайды. Биылғы жылы ең жоғары балл 1 421,29, өткен жылы 1 032,44 құрады.

Бұған дейін тағы 12 мыңнан астам қазақстандық "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасының қатысушысы атанғанын жазғанбыз.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар