"34 745 өтінім өңделді". Отбасы банк Наурыз бағдарламасына қатысатындардың тізімін жариялады

Кәмшат Тілеухан 09 сәу. 2025 14:55 382

Тағы 12 мыңнан астам қазақстандық "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасының қатысушысы атанды. Өтініш берушілер мен жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Барлығы 34 745 өтінім өңделді. Оның әрбір үшіншісі қатысушылар тізіміне енді.

"Наурыз" бағдарламасына қатысушылар 2025 жылдың 10 сәуірінен 16 мамырға дейінгі уақыт аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім беруі тиіс. Егер бағдарламаға қатысушы заем бойынша оң мақұлдау алса, онда оның баспана тауып, оны сатып алуға 6 ай уақыты болады. Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша автоматты түрде жүргізілді», деп нақтылайды банктегілер.

Ұпайлар қалай есептеледі?

  • салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
  • тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;
  • балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

"Наурыз" бағдарламаларының шарттары:

  • алғашқы жарна: таза әрлеудегі тұрғын үй сатып алу кезінде 10%-дан және әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алу кезінде 20%-дан бастап;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6% дейін);
  • азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13% дейін);
  • несие мерзімі - 19 жылға дейін.

"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:

  • алғашқы нарықтағы оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бар тұрғын үй;
  • моноқалалар мен ауылдық елдімекендердегі қайталама нарықтағы тұрғын үй, бір жылға бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспауы шарт.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

  • Астана мен Алматы қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.
  • қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ, бір несие шарты аясында сатып алынған бастапқы тұрғын үйді жөндеуге ақша алуға да болады. Жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс.

"Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) бастапқы тұрғын үйді таңдап, брондап, сатып ала алады. Бұл опция бағдарламаның жүзеге асуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған", деп нақтылайды банктегілер.

Аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда осы нысанның құрылыс салушысымен 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

Айта кетсек, 2024 жылы "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша 10 249 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлаған.

Бұған дейін Отбасы банкі өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері үшін "Наурыз жұмыскер" жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосқанын хабарлаған болатын. "Наурыз жұмыскер" "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша баспана аламын деп ақша жинап жүрген 2 134 279 қазақстандық мемлекеттік сыйақы ала алады. Онда да Отбасы банктің әрбір төртінші салымшысы 147 680 теңге көлеміндегі ең жоғары сыйақыға ілінді. 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына 20% мөлшерінде мемлекет сыйақы есептеледі. 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңге болды. Бұл ынталандыруға жататын максималды сома 738 400 теңгені құрайды дегенді білдіреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар