"Менікі дұрыс емес". Қазақ тілі үшін сөзге қалған Черчесов алғаш рет пікір білдірді

Кәмшат Тілеухан 19 қаз. 2024 15:23 5997

Қазақ тілі туралы қалжыңдаймын деп, ақырында 738 мың теңге айыппұл арқалап тынған футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов аталған жайтқа қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол ресейлік "Спорт-экспресс" басылымына берген сұқбатында, ол арада қалжыңдағанын, шынында да бөтен ойы болмағанын айтқан.

"Әр кез ел алдына шығып, сөйлеген кезімде не туралы айтып жатқанымды өзім жақсы білемін. Егер менің қалжыңымды дұрыс түсінбеген болса, демек, менікі дұрыс емес", - деді Черчесов.

Айта кетсек, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір: "Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?" деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Одан кейін көпшілік Станислав Черчесовтің мұнысын қазақ тілін кемсітуге балап, әлеуметтік желіде осы сұқбаттың видеосын жаппай бөлісе бастады. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Көп ұзамай Черчесовке айыппұл салынғаны белгілі болды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті. Туризм және спорт министрі осы жағдайлардан соң елді сабырға шақырып, желіде жазба жариялады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар