Мәулен Әшімбаев: «Сыртқы саудада Қазақстанның өз жолы болуы керек»

Қаракөз Амантай 03 мам. 2025 19:52 441

Қазақстан үшін сыртқы сауда жай ғана экономикалық қарым-қатынас емес, ол – ұлттық қауіпсіздік, тәуелсіздік пен елдің стратегиялық орнықты дамуының мәселесі.

Осы тақырып төңірегінде Мәулен Әшімбаев терең де жан-жақты пікір білдіріп, сауда саясатындағы жаңа көзқарастарды ортаға салды. Сенат төрағасы елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін, ең алдымен, әлемдік нарыққа ашық болумен қатар, өз мүддемізді де мықтап қорғауға баса мән беруіміз керек дегенді алға тартты деп жазады Dalanews.kz.

«Қазақстан экономикасын сыртқы нарықтан бөліп қарауға болмайды, бірақ бұл біздің өз мүддемізді ұмыту деген сөз емес. Біз экспортты дамыту, шетелдік инвестиция тарту, отандық тауарларымызды әлемдік нарықтарға шығаруға күш салуымыз керек. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық байланыстарды ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарастыратын уақыт жетті», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, соңғы кезде әлемдік экономикада «экономикалық ұлтшылдық» күшейіп келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан ешкімнің мүддесіне жығылмай, тәуелсіз әрі батыл саясат жүргізуі керек.

«Қазір біз үшін экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету өте маңызды. Экономикалық ұлтшылдық дегенде, біз өз нарығымызды қорғап, отандық кәсіпкерлерді қолдауды айтып отырмыз. Бұл әлемдік тренд. Батыс та, Шығыс та осыны түсініп отыр. Ендеше, бізге де өз жолымызды айқындап алу қажет», – деді ол.

Сенат төрағасы атап өткендей, сыртқы сауданың бір маңызды тұсы – тарифтік саясат. Ол қазір Қазақстанның тарифтік жүйесін қайта қарап, оны шетелдік серіктестермен арадағы сауда балансын жақсартуға бағыттау керек деп есептейді.

«Біз көбіне тарифтерді төмендетуді жақсы нәрсе деп ойлаймыз. Бірақ кез келген тарифтік саясат алдымен өз өндірушілеріміздің мүддесін қорғайтын болуы керек. Әлемнің кез келген елі, мейлі ол АҚШ, Қытай немесе Ресей болсын, өз нарығын қызғыштай қорғайды. Сондықтан тариф саясатын жай экономикалық құрал емес, ұлттық мүдденің басты тетігі ретінде қарастыруымыз керек», – деп түсіндірді Әшімбаев.

Ол сұхбат барысында сыртқы сауда саясатын іске асыруда экономикалық дипломатияның рөлі артып келе жатқанын тілге тиек етті. Осы тұрғыда Әшімбаевтың пікірінше, елшілер мен дипломатиялық қызметтің негізгі миссиясы – сауда қарым-қатынастарын нығайту, отандық экспортты ілгерілету болуы тиіс.

«Қазақстан елшілерінің жұмысы тек саяси емес, экономикалық сипатта да болуы керек. Олар отырған елдерде Қазақстанның өнімдерін таныстыру, отандық экспортшыларға қолдау көрсету, жаңа нарықтарға жол ашуға көмектесу – дипломатияның негізгі бағытына айналуы қажет. Экономикалық дипломатия – біздің сыртқы саясатымыздың басты бір бағыты», – дейді ол.

Сенат төрағасы әлемдік нарықта қазақстандық өнімдерді бәсекеге қабілетті ету үшін сапа мәселесін бірінші орынға қою қажеттігін де ерекше атап өтті.

«Шетелдік тұтынушылардың талабы өте жоғары. Біздің өнімдеріміз сапалы болмаса, қанша насихаттасақ та нәтиже болмайды. Сондықтан экспортқа бағытталған өнімнің сапасы – біздің басты міндетіміз. Бұл бағытта отандық өндірушілерді сапа стандарттарына бейімдеу, сертификаттау, қолдау көрсету механизмдерін күшейтуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат барысында Әшімбаев қазақстандық экспортты қолдау үшін мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалуы керектігін айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі салаларында әлеуеттің жоғары екенін тілге тиек етті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдері – біздің экспорттық потенциалымыздың маңызды бөлігі. Бірақ біз шикізат күйінде ғана экспортқа шығарумен шектеліп отырмыз. Оның орнына дайын өнімді экспорттауға көшсек, қосылған құн өзімізде қалады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты қолдау шаралары қажет. Біздің мақсатымыз – отандық кәсіпкерлердің әлемдік нарыққа дайын өніммен шығуына жағдай жасау», – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сөз соңында сыртқы сауда саясатын жаңаша құрып, Қазақстанның өз жолын табуы керектігін тағы бір мәрте атап өтті.

«Біз ешкімнің жолын көшірмейміз. Өзіміздің ұлттық ерекшелігіміз бен экономикалық әлеуетімізге негізделген дербес сыртқы сауда стратегиясын құруымыз керек. Тек сонда ғана Қазақстанның экономикасы күшейіп, тәуелсіздігі нығая түседі», – деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар