2014 жылы Мемлекеттік хатшы қызметінен ауысып, Ресейге Елші болып кеткенде саяси сарапшылар Марат Тәжиннің саяси аренадағы беделі күрт өсіп кеткендіктен, оны шетке ысырды деп болжаған болатын. Бір тобы ол енді қайтіп жоғары қызметке келмеуі мүмкін десе, енді бір тобы араға аз уақыт салып қайта оралады деген пікірлерін ортаға салған. Бұған негізгі себеп, оның Мемлекеттік хатшы болып тұрған кездегі ауқымды жобалары мен сараптамалық баяндамаларының ел арасында айрықша талқылануы еді. Әсіресе, «Тарих толқынында» атты жобасы елдің назарына ілігіп, газет-журнал мен телеарналар Тәжин бастаған істі іліп әкеткен-тін. Телеарналардан арнайы бағдарламалар ашылып, газеттерден осы тақырыпта айдарлар жұмыс істеп, қазақ тарихын түгендеу жолына жұмыла кіріскен мезетте оның бұл ауқымды бастамасы белгілі бір тұлғаларға ұнамай қалды деп те тұжырым жасаған. Көп өтпей бұл бағдарлама үзіліп, Тәжиннің өзі Ресейге елші болып кетті.
Марат Тәжин туралы сөз болғанда, оның саяси аналитик ретінде өзін өте сақ әрі ширақ ұстайтынын айтатындар көп. Кейбір лауазым иелері «Қазақстан – 2030» стратегиясының негізгі тұжырымын өзге емес, дәл осы Марат Тәжин мен марқұм Алтынбек Сәрсенбаев бірігіп жасаған деп жатады. Қазақстанның бүгінгі саяси бағыт-бағдарының авторларының бірі осы Тәжин деп қарайтындар да жетерлік.
Марат Тәжин ұлттық қауіпсіздік саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар саясаткер. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін бірнеше мәрте атқарға жалғыз адам. Сондай-ақ, Президент аппаратының жетекшісінің орынбасары, бірінші орынбасары болып та бірнеше мәрте қызмет етті.
Оны биліктегі ең интеллктуал саясаткер ретінде бағалайтын топ, Марат Мұханбетқазыұлы әлі де болса өз мүмкіндігін толық көрсете алмай жүр деп қарайды. Бұған біздегі саяси элитаның қасаңдығы мен тек бір адамға ғана «бас шұлғу» принципін айрықша мәртебе көретін, алда-жалда өзгеше ойлай бастайтындар шықса, қатаң сынға ұшырауы мүмкін екенін ескертуді ұмытпайтын «президентке адал әрі сөздері өтімді» арнайы топ барлығымен түсіндіреді.
Тәжин осы уақытқа дейін Президент Назарбаевтың кәріне ілікпеген, бірақ кей сәттері «ықпалды топтың» ығыстыруына шарасыз көнген санаулы тіпті жалғыз саясаткер ретінде де аталып қалады. Бұған 2001 жылғы «саяси бұлғақ» - "жас түркілердің" екпінді талабы – «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы кезінде өзімен жақсы сыйлас топпен ермегендігін мысал ететіндер кезігеді. Егер сол кезде жастары 30 бен 40-тың арасындағы қалталы әрі пәрменді топқа ілескен болса, онда Тәжиннің де бүгінгі билік сапында жүруі неғайбыл еді. Айтпақшы, дәл сол 2001 жылы Марат Тәжин Ұлттық қауіпсіздік комитетін бір жылға жетер-жетпес уақыт басқарды. Көп өтпей Президент Назарбаев оны өз қасына – Президент аппаратына шақырып алды. Мұның да бізге беймәлім сыры болуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.
Ол туралы айтқанда, 2006 жылы қастандықпен мерт болған Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың есімі қоса аталады. Білетіндер, Тәжин мен Сәрсенбаевтың достығы сонау 1990 жылдардың басында басталғанын, екеуі бірін-бірі сатпағанын, қай кезде болса да бір-бірін қорғағанын айтады. Алтынбек Сәрсенбаев туралы деректі фильмде билік өкілдері ішінен тек осы Марат Тәжиннің ғана пікір білдіруге құлық танытып, досының білімі мен біліктілігін жоғары бағалап, ойын ашық айтқаны да бұл пікірдің дұрыстығын көрсетсе керек.
Ол Алтынбек Сәрсенбаевты қанша сыйлағанымен, «Ақ жол» партиясы туралы нақты пікірін айтқан емес. 2004-05 жылдары оппозициялық партия түрлі сын-сынаққа түсіп, әртүрлі арандатушылыққа тап болған кезде де М. Тәжин бұл істен бойын аулақ ұстады. Ол сол уақытта Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрді. Бұл қызмет елдегі ішкі және сыртқы саясаттың схемасын толық білуге әрі оны жасауға мүмкіндік беретін беделді лауазым деуге болады. Демек, Тәжин өзін саяси ойындардың атқарушысы емес, оның салдары мен болашағын болжаушы аналитик болып отыруды құп көретін секілді.
Мұханбетқазыұлы елге оралуы билік сапында біраз ауыс-түйіс болу мүмкін екенін аңғартады дейтіндер де көп. Әсіресе, 2017 жылы Астанада ЭКСПО-ның өту барысын қадағалайтын білікті мамандар керек. Шетелмен жұмыс істеу тәжірибесі бар Тәжин секілді сақа кадрлар бұл шараны ойдағыдай атқаруға ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, Президенттің билікті бөлу туралы ұсынысы да жайдан жай емес. Бұған салмақты әрі парасатты шешім аса қажет. Тәжиннің саяси технолог екенін еске алсақ, бұл жұмысты оған сеніп тапсыруға болады.
Билікке Марат Тәжин не үшін керек болды? Оны бұл қызметке қайта әкелудің қандай сыры бар?
Бұл жөнінде Әміржан Қосанов мырза төмендегідей ой білдірді.
[caption id="attachment_22826" align="alignright" width="233"] Ә. Қосанов[/caption]
Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер
Тәжиннің бұл қайта оралуы жай емес! Астарында біраз нәрсе жатыр.
Біріншіден, ішкі саясат секілді мемлекеттің ең басты саласы быт-шыт боп кеткені рас. Оны президенттің өзі де түсінген болар. Ел ішінде боп жатқан әлеуметтік-экономикалық оқиғаларға қоғамдық-саяси тұрғыдан базалық тұғырнама жасау, қабылданып жатқан сан қилы заңдар мен шешімдердің себептеріне үңілу, олардың оң не теріс салдарын болжау ісі тіпті сын көтермейтін деңгейде!
Екіншіден, ішкі саясаттың өзінің тиісті стратегиясы жоқ, өзгеріп жатқан геосаяси ахуалға лайықты жауап беру, ел ішінде боп жатқан соны оқиғалардың алдын-алу деген жұмысты бұл билік ұмытқалы қашан!
Үшіншіден, ішкі саясат, менің байқауымша, кланаралық тартыстың құрбаны, ал кей жағдайда – құралы боп кетті. Ол – мүлдем болмауға тиіс жайт! Мемлекеттің болашағы үшін аса қауіпті жайт! Идеология қолды боп кетсе, мемлекет құриды! Сыртқы және ішкі қауіптер шаш етектен!
Төртіншіден, кеше ғана елбасы «билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу» туралы идея тастап, жұмыс тобын құрып жатыр. Бұл өзі елдің конституциялық негіздеріне өзгеріс жасауды қажет ететін шаруа. Осындай аса маңызды жұмысқа білімді, тәжірибелі, жүйелі түрде, жан-жақты ойлай алатын тұлғаның келуі де заңды. Тәжин болса, ескі гвардияның, орта толқынның және жас ұрпақтың бәрін біледі. Ол осы салада бұрын да болды, Хауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды, ҰҚК-н басқарды, яғни ол топтардың ішіндегі сырт көзге көріне бермейтін ішкі иірімдерден хабардар. Оның үстіне оны нақты бір кланның өкілі деп те айтуға болмас: ол өзін Елбасының сенімді көмекшісі ретінде танытып келеді.
Меніңше, оның Ақорда ғимаратының төріне тағы бір озуының бір себептері осы. Бұл әңгіменің бір құйтырқысы болуы да мүмкін. Тәжин секілді саяси салмағы ауыр тұлғаның потенциалы нағыз әрі тиімді реформалар үшін қажет болды ма әлде саяси реформа секілді маңызды міндетті формальды түрде атқарып, елді, қоғамдық ойды уақытша тыныштандырып, жартыкеш қадамдар жасау үшін ғана керек болды ма – міне, басты сұрақ сол!
Марат Тәжин – Әлеуметтану ғылымдарының докторы. Ол Президент және Министрлер кабинетінде ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, меңгерушісі, ҚР президенті Аппараты басшысының орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының басшысы (1992), ҚР Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі (1994-95), Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары және Президент Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеу орталығының басшысы (1995-99), Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (1999-2000), Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы (2001), Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Президенттің көмекшісі — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (2002), Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары (2002-06), Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды (2006-09). Бұдан кейін Президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қызметтерін атқарды. 2013 жылы бір жылдай уақыт Мемлекет хатшысы болды. 2014 жылы Ресейдегі Қазақстан елшісі болып, қызмет ауыстырған.