Малды асылдандыруда ғылымның жетістігін қолдану маңызды

Dalanews 30 қар. 2017 07:02 978

АҚШ, Канада, Австралия сынды елдерде жануарлар генетикасын зерттеу – оң жолға қойылып, бұл бағыттағы ауқымды шаралар жыл сайын жүзеге асырылып отырады. Қазақстан ТМД елдері деңгейінде ауыл шаруашылығы жануарларының генотипін анықтап, осыған дейін елімізде зерттелмей келе жатқан салаға тыңнан түрен салды. Алматыдағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» Ауыл шаруашылығы жануарларының генетикасы бөлімі ғалымдарының жасаған жұмысы – шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын тудырып отыр. Осы ретте жоба жетекшісі «Ауыл шаруашылығы жануарларын генотиптеу» бөлімінің меңгерушісі, б.ғ.д., профессор Нұрбаев Серік Долдашұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сіздің ұзақ жылдар бойы Ресейде қызмет еткеніңізден хабардармыз. Зейнетке шыққан соң елге оралуыңыздың сыры неде?

– Мен Қатон-Қарағай ауданы Берел ауылында туғанмын. Он жеті жасымда білім қуып Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң ғылым саласында қызмет еттім, әскери биолог болып отставкаға шықтым. Отыз жыл бойы Мәскеуде тұрдым. Елге демалысқа келген сайын мал шаруашылығы саласының ақсаған тұстарын байқап жүрдім. Көкірегімде еліме бір пайдам тисе деген арман оты маздап тұратын. Отставкаға шыққан кезімде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен шақырту алып, ол жерде бір жыл дәріс оқыдым. Алматыдағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтынан» шақырту келгенде, ойланбастан келістім. Бүгінде «Ауыл шаруашылығы жануарларын генотиптеу» бөлімінің жұмысын ары қарай жалғастырып, жобаларымызбен айналысып, жылдар бойы жинақтаған білімім мен тәжірибемді бөлісіп, еліміздің дамуына үлес қосып келемін.

– Елімізге келіп ауқымды жобаны қолға алып жатыр екенсіздер. Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларын генотиптеу дегеніміз не? Оның шаруашылықты дамытуда қандай пайдасы бар?

– Ауыл шаруашылығы министрлігіне Үкімет тарапынан 2014 жылы еттілігі жоғары ауыл шаруашылығы жануарларын генотиптеу, яғни 10 мың эталондық популяцияның мәліметтер базасын құруды бастау туралы тапсырма берілген болатын. Осының негізінде зерттеуге Қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл сиыры, Санта Гертруда тұқымының «Жетісу» етті сиыры, Герефорд сиыры және Абердин-ангус сиыры сынды бес асыл тұқымы зерттелді. Осы жануарлардың генетикалық статусын анықтау – басты мәселе болатын. Өйткені бізге дейін бұл жұмыспен Қазақстанда ешкім айналыспаған.

Ал генотиптеу дегеніміз – жануарлардың тұқым қуалаушылық және өзгергіштік қасиеттерін зерттейтін ғылым. Біздің зерттеуіміздің артықшылығы сол – қандай да бір шаруашылық бұқалар сатып алғысы келсе олар туралы генетикалық паспортты немесе генетикалық тесттің протоколын көре алады. Зерттеуіміздің нәтижесі Астанада Ақпараттық сараптамалық жүйеге енгізіліп, көпшілік қауымға қолжетімді болады.

Жұмысыздың тағы бір артықшылығы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында аталған ұйымға мүше елдер арасында ауыл шаруашылығын жандандыру үшін де генетикалық паспорт қажет. Осы арқылы малдың тұқым қуалайтын ауруынының бар-жоқтығы анықталады. Біздің ендігі қадамымыз – жылқы, мүйізді ірі қара мал, түйе, шошқа, қой, ешкі малдарының генетикалық ауруларының тұқым қуалау дәрежесін алдын-ала анықтау. Сонымен қатар жануарлардың генетикалық паспортпен қатар, генетикалық мәліметтерді малдың ұрығынан, эмбриондардан алуға болады.

Бұл жобаданың негізінде тек жануардың генофонды анықталып қана қоймайды, сонымен қатар бұқаның шаруашылықтағы пайдалы мінездемесі сипатталады. Егер мен шаруа болсам аталған базаны қарап, бұқаның қай жерде екенін, оны қайдан сатып алуға болатындығын, ұрығын қайдан табуға болатындығын көре аламын. Олардың ұрығы 10-20 жыл бойы сұйық азотта сақталады, кейіннен жасанды ұрықтандыру жасайды. Бұл зерттеулермен институтымыздың биотехнологтары айналысып жатыр.

– Жоба аясында атқарылған жұмыстарыңыз жайлы айтсаңыз. Алға қойған мақсаттарыңыз қаншалықты орындалды?

– Биыл жобамыздың үшінші жылы жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, 2015 жылы ОҚО Арыс аймағында түйелерге зерттеу жасадық. 2016 жылы Каспий теңізі жағалауы маңында, осы жылы Балқаш өңірін, Алматы, Талдықорған облысы маңындағы түйе шаруашылықтарын зерттейміз. Биыл жұмысымызды қорытындылап, қолдағы бар мәліметтер Ақпараттық сараптама жүйесіне енгізіледі. Ал зерттеуіміз бойынша шетелдік журналдарда жарияланып жатқан мақалаларымызға қытайлықтар, ресейліктер қатты қызығушылық танытып отыр. Тағы да бір айта кетерлігі, жобамыз бүгінде авторлық құқыққа ие болды. Сонымен қатар осы ғылыми жобамыз Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, грант арқылы қаржыландыруға ие болды.

Жобамыз жүзеге асырылғаннан соң алдағы уақытта ара, құс шаруашылықтарын дамытуды қолға алу керек деп санаймын. Мысалы, араның ұяларын бір-бірімен ауыстырып, қанын жаңарту керек. Сонда олардың беретін өнімнің сапасы мен саны артады. Осы секілді елімізде шошқа шаруашылығын қарқынды дамытуға болады. Өзіміз етін жемейміз, бірақ көрші елдерге Қытайға, Ресейге және тағы басқа елдерге экспорттауға болады. Өйткені Қытай мен Ресейде шошқа етіне деген сұраныс өте жоғары. Сол секілді түйе шаруашылығы да аса көңіл бөлуді талап етіп отыр. Пәкістан, Судан, Иран елдері біздің түйе шаруашылығына қызығушылық танытып отыр, сондықтан бұл салада кешенді зерттеулер жасау қажет деп санаймын.

– Ресейде 30 жыл жұмыс істедіңіз, көрші елден ғылым саласында үйренеріміз көп пе?

– Біз Ресейден ғылыми зерттеулердің маңыздылығы жағынан емес, материалдық тұрғыдан қалып келеміз. Қарапайым мысал, біздің зертханамыздағы секвенатор осыдан он жыл бұрын сатып алынған. Ал биотехнология дегеніміз күн санап қарыштап дамып келе жатқан ғылым саласы. Алынған үлгілерімізді толық зерттеуге қаншама уақытымызды жоғалтамыз немесе зерттеу нәтижесін басқа орталықтарда жасатамыз. Мықты материалдық-техникалық базамыз болса, жануардың ұрығын, эмбрионын зерттеп, алдын-ала жынысын, ауруларын, өнімділігін анықтай алар едік. Мысалы, шетелде эмбрионның жынысын екі аптада анықтап жатыр. Қу шөппен ауыз сүрте алмаймыз, ғылымды дамытуға көңіл бөлініп отыр, ендігі жерде бөлінетін қаражат көлемі артса деген тілегіміз бар. Өйткені ғылымға қызығушылық танытатын жастарымыз көп. Бірақ мардымсыз жалақы олардың өмір сүруіне жетпей жатады.

Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде ғылыми орта қалыптасқан. Бұған олардың әлі де ескі Кеңестік жүйемен білім беруі себеп болуы да мүмкін. Сонымен қатар ғылыми зерттеу ұйымдарының желісі бар. Аймақтарда ғылымның дамуы жоғары. Бізде ғылыми ұйымдар негізінен Алматы қаласында орналасқан, Астанада зерттеумен айналысатын орталықтар енді ашылып жатыр. Аймақтардағы ғылыми зерттеу ұйымдары назардан тыс қалып жүр.

Ресейде халық көп болғандықтан ғылымның зерттеу салалары да әр алуан. Әр ғылым саласы бойынша әрқашан ғылыми пікір-таластар болып жатады. Осы ретте ақиқат дегеніміздің өзі ғылыми пікір-таластан пайда болатындығын ескергеніміз жөн.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Арайлым БИМЕНДИЕВА, «ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар