Мажарстанның OTP Bank-і Қазақстан нарығына енуі мүмкін

Кәмшат Тілеухан 03 қаз. 2025 11:21

Мажарстанның OTP Bank-і Қазақстан нарығына енуі мүмкін. Бұған дейін бұл ретте тек болжамдар келтірілсе, енді мұны елшілік ресми түрде растап, бүгінгі таңда келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Ақордада Венгриядағы Қазақстанның Төтенше және уәкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы айтты.

"Бүгінде бірқатар ірі мажар компанияларымен келіссөздер жалғасуда. Оның ішінде осы елдің ірі банкі — OTP Bank-тің Қазақстан нарығына шығуы бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанға мажарлық телекоммуникациялық және ғарыштық IT-компания да келді. Олардың Астанаға сапары барысында "Қазақстан ғарыш сапары", "Қазақтелекоммен" бірлескен жобалары, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер қолға алынды. Сонымен қатар, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін MOL компаниясы еліміздің газ секторына ірі инвестициялар құю ниеті бойынша келіссөздер жүргізуде", деп Kazinform Абзал Сапарбекұлының сөзін келтіреді.

Айта кетсек, алдымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) басшысы Мәдина Әбілқасымова  Шығыс Еуропадағы банктердің бірі Қазақстанда ірі банктердің бірін сатып алуды жоспарлап отырғанын айтқан еді.

Ал танымал қаржыгер Ғалым Құсайынов бұл арада сатып алушы – мажарлық OTP Bank (Венгрия), ал сатылымға қойылғаны ForteBank болуы мүмкін екенін айтып, өз болжамымен бөліскен.

"Егер еліміздегі ірі деген 10 банкті алып қарастырсақ, Халық тым үлкен, ал Каспий болса, тым қымбатқа түседі, керісінше олар өздері банк сатып алып жатыр, БЦК да емес, өйткені олардың акционерлерін мен жақсы танимын, Жусан болса, оны жуырда ғана саттық, Еуразиялық банк дейік десек, әй қайдам, олардың өз басында проблемасы жетерлік. "Берекені" қатарлықтарға бердік. Сонда РБК мен Форте қалады. Егер сатып алушы ОТР деп қарастырсақ, өйткені біздің нарыққа келуге ниетті сол ғана, ал ол бөлшек қызметпен айналысатын банк, демек, бұл HSB-ны сатып алған Форте болады", деп жазды маман Threads-тегі парақшасында.

Сондай-ақ сатылымға Forte емес, Еуразиялық банк қойылуы мүмкін деген болжам да бар.

Айта кетсек, күні кеше елімізге ресми сапармен Мажарстан президенті Тамаш Шуйок келген болатын. Екі ел арасындағы 2024 жылы тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жетіп, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскен (164,5 миллион доллар. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар