Ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын – білім. Білімділер бас қосса, ортақ әңгіме, айтар ой, қозғар тақырып таусылмақ емес. Кейде бір ұлттың екінші бір ұлтты сыйлауы, дос тұтуы өзара екі тұлғаның қарым-қатынасынан басталады. Бұған тарихи мысалдар жеткілікті.
Профессор Лим Че Ван мен елімізге белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰПУ Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Раушанбек Әбсаттаровтың арасындағы сыйластық, достық қарым-қатынас екі университеттің білім саласындағы байланысының артуына зор ықпал етіп отырғанын ҚазҰПУ мен Чоннам арасында орнаған дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік қатынастан білуге болады. Осы жолы Лим Че Ван бастаған қонақтар ҚазҰПУ-де өткен «Әлемдегі диаспоралардың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелге қатысып, өзара пікір алмасты. Профессор Лим Че Ван әлемдегі диаспоралардың орналасу, таралу мәселесінің географиялық жағдайларына баса назар аударып, қазіргі өзекті түйткілдеріне ден қойса, профессор Әбсаттаров еліміздегі диаспоралардың өткен тарихына және бүгінгі хал-ахуалына шолу жасады. Екі ғалымның пікірінше, диаспоралардың әлемдік проблемасын жіті зерттей отырып, әрқайсы ел өзінің саяси-экономикалық мүмкіндігіне қарай оңтайлы реттеудің жолын тапқанда ғана кез келген елдің ішкі жағдайы тұрақты болмақ. Ол үшін нақтылы тәжірибелерден ой түйіп, ғылымға сүйенгені жөн. Профессор Лим Че Ван Қазақстанның 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанғанына қарамастан, тату-тәтті өмірі, ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық сипатта өрбігенін, қазір көптеген елдерге толеранттылық жетіспейтінін баса айтты. Профессор Әбсаттаров болса, Қазақстандағы саяси ахуалдың тұрақтылығы ұлтаралық түсіністіктің арқасы дей келіп, мемлекетқұраушы ұлт – қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі өзге ұлттарға да үлгі болып отырғанын жеткізді. Екі елдің өзге де ғалымдары мен докторант-магистранттары әртүрлі тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салды.
Біз маңызды басқосудың сәтін пайдаланып профессор Лим Че Ваннан арнайы кең көлемде сұхбат алған едік.
– Лим Че Ван мырза, әңгімемізді осы жолғы сапарыңыздан бастағанды жөн көріп отырмыз. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдауларыңыздың себебі неде?
– Біз үшін Орталық Азия елдері жұмбақ үйек болып келгенін несін жасырайын. Кеңес одағы кезінде өзара қарым-қатынас тым қасаң жағдайда болды. Бұл елдер туралы тарихи кітаптардан аздаған ақпарат алғанымызбен, жалпы ішкі жағдайынан беймағлұм едік. Географиялық біліміміз бойынша там-тұмдаған хабар алғанымызбен, қандай халықтар мекен етеді, олардың тілі, діні, тарихы қалай деген сұрақтарға тұщымды жауап ала алмайтынбыз. Кеңес одағы ыдырағаннан бастап Орталық Азия елдерімен таныса бастадық. 1991 жылы алғаш рет Орталық Азия елдерін араладым. Сол кезде Қазақстан туралы жақынырақ білдім. Ол сапарымды мен ешуақыт ұмытпаймын. Сол жолы Абай атындағы университет туралы естігенмін. Нақтылы өзара қарым-қатынасымыз басталғанына шамамен 3-4 жыл болды. Университеттің білім беру деңгейі жоғары шығар деген ойдамын. Себебі, профессор Әбсаттаровты Қазақстан ғана емес, шетелдіктер де таниды. Университет ректоры Серік Пірәлиев мырзаны да елдегі және шетелдегі ғылыми орта жақсы танитынын сырттай білемін. Ректор мырза университеттің халықаралық мәселелеріне айрықша көңіл бөледі екен. Бұл көрегендік. Білім дегеніміз – бірінен бірі үйрену. Университет білімділерді көбірек жинаса, беделді болмақ. Осы университетте жұмыс істейтін елге танымал ғалымдар қаншама. Университеттің білім деңгейі сондағы ұстаздар құрамының біліктілігіне тікелей тәуелді екені анық қой.
ҚазҰПУ магистранттары Чоннам ұлттық университетіне кәсіптік-ғылыми тағылымнан өтуге бірнеше рет барды. Өз басым олардың білімге құштарлығын көріп, бұл елдің болашағы бар екендігіне сендім. Олар өз ұлтының атына кір келтірмеуді ойлайды екен. Бұл жақсы қасиет. Әрқашан ұлтының абыройын ойлаған жастары бар ел жеңістен құралақан қалмайды.
Патриотизм дегеніміз не? Мен бұл сұраққа еліңді үнсіз сүю деп жауап берер едім. Құр сөздің дәуірі өткен. Өз еліңді ісіңмен, қабілетіңмен сүю керек.
– Қазақ елінің саяси жаңаруы мен даму көрсеткішін қалай бағалайсыз?
– Мен Қазақстанды Орталық Азияның көшбасшысы деп білемін. Бұған Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріңіз куә. Мен саясаттанушы ретінде Сіздердің елдегі саяси модернизацияға оң баға берер едім. Дегенмен, Ресей елімен тым жақын қарым-қатынастарыңыз елдің дамуына тежеу болуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Өз басым Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстың нығайғанын қуаттар едім. Бұған әр екі елде мүдделі. Біріншіден, біз алып держава емеспіз. Кез келген елмен мәдени және экономикалық тұрғыдан байланыс орнатуға талпынамыз. Екіншіден, біздің экономикалық әлеуетіміз, ғылыми-технологиялық даму деңгейіміз Ресейге қарағанда әлдеқайда жоғары. Және біз өзара шекараласпайтын, ортақ тарихымыздың нақты көрсеткіші аз халықтармыз ғой. Екі елдің де азиаттық ұлт екеніне қарамастан, мәдени тұрғыдан бір-бірімізге зор ықпал ете қоймасымыз тағы белгілі.
Біз ел емес, жеке адам туралы айталықшы. Мысалы, білімге құштар бір жас дамымаған, технологиясы мүлдем ескірген бір елден барып білім алды делік. Ол бүгінгі ақпараттық тасқынды білмейді. Иә, кәсіби білім алар, аздаған кітаптарды оқыр, ізденер, бірақ бәрібір тосқауылдар мен бөгеттерге жолықпай тұрмайды. Санасы да өзі білім алған ортаға бейімделеді. Сол жас енді өсе келе топ етіп дамыған елге түсті делік. Ол қандай жағдайға тап болуы мүмкін? Технологиялық үдерістерге қарап таңырқауы да, жатырқауы да мүмкін ғой... Ал оны игеру үшін қаншама уақыт керек. Сананы өзгерту мәселесін қайда қоямыз...
– Біз бәрібір Еуразиялық үйектеміз. Ресейден қашып құтылу қиын. Көршілігіміз, ортақ тарихымыз бар. Мұндай жағдайды ескерсек, бізге өзге жол да жоқ деушілер көп. Бұл сылтау ма, әлде шынайы жағдайдан туған ой ма?
– Мен өзге елдің азаматымын. Сондықтан Қазақстанның, қазақ халқының таңдауына қол сұға алмаймын. Тек өз көзқарасымды ғана айтуға мәжбүрмін. Біз ел емес, жеке адам туралы айталықшы. Мысалы, білімге құштар бір жас дамымаған, технологиясы мүлдем ескірген бір елден барып білім алды делік. Ол бүгінгі ақпараттық тасқынды білмейді. Иә, кәсіби білім алар, аздаған кітаптарды оқыр, ізденер, бірақ бәрібір тосқауылдар мен бөгеттерге жолықпай тұрмайды. Санасы да өзі білім алған ортаға бейімделеді. Сол жас енді өсе келе топ етіп дамыған елге түсті делік. Ол қандай жағдайға тап болуы мүмкін? Технологиялық үдерістерге қарап таңырқауы да, жатырқауы да мүмкін ғой... Ал оны игеру үшін қаншама уақыт керек. Сананы өзгерту мәселесін қайда қоямыз...
– Мәселе адаспайтын жолды табуда болып отыр ғой...
– Адасуға болады, бірақ адасқан жерін қайта шиырлауға болмайды. Саясат жылдан жылға күрделеніп барады. Халықаралық принципке сүйенсек, мәңгілік дос жоқ, мәңгілік мүдде бар. Ресей сіздерге жау емес, бірақ шынайы дос та емес, мүдде үшін күресетін әріптестеріңіз. Әріптестік тұрғыдан қарау керек. Кез келген қиын жолдың екінші бір шығар түйіні болады. Тарих – өткенмен ортақтаспайды тек, бүгінмен бірігеді. Бүгінгі ортақ тарих ертеңгі ұрпаққа мирас болып қалады. Ол пайдалы ма, әлде зиянды ма? Ол жағын тап басып айту қиын...
Сіздердің сандарыңыз аз. Солай ойлайсыздар ма?
– Иә, ол да негізгі фактордың бірі.
– Мына еврейлердің жалпы саны қанша?
– 20 миллионға жетпейді.
– Бар-жоғы 16 миллион. Израильде 6 миллион, АҚШ-та 6 миллион. Қалған елдерде төрт-ақ миллион еврей бар. Солар әлемді билеп отыр ғой. АҚШ-тың ең атақты 6 кинокомпаниясының 5-еуі еврейлердің қолында. Бұдан шығатын қорытынды, санның аздығынан сапаның төмендігі жаман. Қазақта мүмкіндік көп. Жері бай әрі кең. Азия мен Еуропаның кіндігіндесіздер. Бұл артықшылық. Кез келген кемшіліктің де өз артықшылығы болады. Соны ұмытпаңыздар.
– Қазақстандағы бірлік нышаны – ұлтаралық татулық екенін жиі айтамыз.Татулықтың басқа өлшемі бар ма?
– Қазақстан халықтарының бірлігі – сіздердің ең басты байлықтарыңыз. Бұған шүбә жоқ. Оны тереңдету керек. Өзара түсіністіктің ұлыстар арасында орнауы өте қиын шаруа. Бұл – өте нәзік құбылыс. Мың күн татудың бір күн қату болуы да ғажап емес. Татулықты орнатудың ең басты принципі – әділеттілік. Қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени әділеттілік. Бір ұлтты көтеру үшін екінші ұлтты тұқырту, бір халықты ренжітпеу үшін екінші ұлысты кемсітудің соңы дискриминацияға алып келеді. Бұл бәріне түсінікті жайт.
Татулықтың екінші бір өлшемі – әр ұлт зиялыларының қарым-қатынасы. Мәдениетті байланыс десеңіз де болады. Бұл жалған ұранмен қалыптаспайды. Уақыт, қоғамдағы өзгерістер, шынайы әлеуметтік бағдарламалардың игілігі тудыратын дүние. Біріншісі басталған елде екіншісі де болады.
– Біз Сіздерді түбіміз, арғы тегіміз бір халықпыз деп іштей жақын тартып тұрамыз. Сіздерде осындай түсінік бар ма?
– Өте дұрыс айтасыз. Бәріміз Алтайдан енші алған халықтармыз. Орал-Алтай тілдер тобына жатамыз. Салт-дәстүріміз де жақын. Менің бір байқағаным, Сіздер өте ақпейіл, қонақжай халықсыздар. Біздің корейлер де сондай. Қонағын ренжітпеуді, жанын салып күтуді мақсат етеді.
Жуырда Кён Жоу деген қаладан археологтар алтын тәж тапты. Ондағы тәждің формасы қазақ жерінен табылған Алтын адаммен өте ұқсас. Сол кезде екі халықтың түбі бір екеніне көзім жетті.
– Қазақстандағы корей диаспорасы біздің ұлтпен байланысы өте жақын халықтың бірі. Олар Қазақстанға жер аударған кезде біздің ұлттың да жағдайы мәз емес еді. Бірақ ешқайсы ұлтты өзекке тепкен жоқ. Бәріне жәрдемдесті. Бұл туралы естіген бе едіңіз?
– Профессор Әбсаттаров Қазақстандағы корейлердің әл-ауқаты, мәдениеті, білім алу жағдайы туралы толыққанды мәлімет берген. Өзім де шетелдерге түрлі жағдайлармен қоныс аударған корей диаспораларын зерттеп келе жатқан ғалыммын. 7 миллион қандасымыз әлемнің әр түкпірінде жүр... Бір елде жағдайы жақсы, екінші бір елде онша мәз емес. Бір елде тілі, діні сақталған, екінші бір елде ассимиляцияға ұшыраған. Мұның бәрі сол елдердегі экономикалық-саяси жағдайға байланысты.
Меніңше, Қазақстандағы корейлер – бақытты корейлер. Кеше ғана Үштөбе стансасына барып қайттық. Жол бойы Әбсаттаров мырза елдің, жердің тарихын әңгімеледі. Қазақстандағы корейлердің ауқатты екенін айтты. Мұны бұрыннан білетін едім...
Үштөбе корей диаспорасының ең алғаш келген легі орналасқан орталық. Оларды пойызбен әкелген де, далаға төгіп кеткен. Не ішер асы, не киер киімі жоқ. Баспана деген түсінік те болмаған. Тірі адам тіршілігін көру керек. Олар сол маңдағы төбелерді қазып, астына сабан-шөп төсеп, айналадағы жерлерден талғажу етер дән іздеп, күн кешіпті. Жеркепелері әлі сақтаулы екен. Жаның түршігеді. Көзіңе жас келеді... Сол халыққа бірден бір көмектескен халық – қазақ. Өздері ашқұрсақ екендеріне қарамай, алдарындағыны бөліп беріпті. Құрт-ірімшік әкеп беріпті. Мұны қазақстандық корейлерден бұрын да естігем. Осы жолы да естідім. Қазақстандағы корейлер Сіздердің жақсылықты ұмытпайды ғой деп ойлаймын. Сталиндік зұлмат саясаттың кесірі миллиондаған адамдарға тиді. Қырылып қалғандары да жетерлік. Тірі қалу үшін күрескен аталарын бүгінгі ұрпақтары ұмытпауға тиіс.
– Қазақстанның Шығыстағы Қытаймен сауда-саттық саласындағы қарым-қатынасымыз қою. Корея мен Жапония елдерімен де техникалық, энергетикалық салада әріптестік орнаттық. Дейтұрғанмен, әлі де болса да бұдан гөрі ауқымды қарым-қатынас жасауға мүмкіндігіміз бар. Сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануға не кедергі деп ойлайсыз?
– Дипломатиялық қарым-қатынас өзара ынтымақтастықтан бөлек, билік өкілдерінің ішкі мәдениетіне, пайым-түсінігіне де байланысты. Бұл ұлттық және қоғамдық тәрбиемен өзектес. Егер қолға алынған, өзара уағдаластық жасалған шаруаның бәрі ойдағыдай жүзеге асса, біздің экономикалық алмасуымыз бұдан гөрі жоғары болар еді. Ниет түзу болғанмен, іске асыру бөлек болып тұр. Осы жағына қайта бір назар аударған жөн. Шенеуніктер арқылы ел аралық мәселеге өзінің ішкі принциптері, мүдделері тұрғысынан қарамағаны жөн.
– Біз Кореяның білім саласындағы жетістіктерін үнемі қадағалап отырамыз. Экономикасы дамыған 20 елдің қатарына енгенінің негізгі тіні неде деп ойлайсыз?
– Білімде. АҚШ Президенті Барак Обамадан: «Кореяның болашағы неде?» деп сұрағанда ол ойланбастан «Білімде» деп жауап қайтарды. Білімнің өзегі – мектеп қабырғасы. Мектепте білім беруде біздің ел алдыңғы бестікке енген. Білімсіз болашақ – қараңғы болашақ. Мен осылай жауап бергенді жөн көремін. Себебі, біздің ұлт та қазақ халқы сияқты отарлауды, езгіні, үнемі теке-тіресті бастан өткерген. Өткеріп те келеді. Тыныштық тек соғыс өртінің тұтануымен өлшенбейтіні секілді, бейбіт күннің де тынымсыз «соғысы» тоқтамайды. Біздің жер асты байлығымыз аз, географиялық орналасуымызда онша қолайлы деп айта алмаймын... Алайда, ұтылмас, адаспас жол табуды басты назарда ұстаумен келеміз. Осындайда жаңбыр астынан құрған жер іздеушінің тәмсілі еске түседі. Тамшылардың арасымен жүру оңай емес...
– Шығыс Солтүстік Азия елдерінің экономикалық дүмпуі бүкіл әлемді өзіне қаратып отыр ғой...
– Шығыс Солтүстік Азия – географиялық ұғым емес, саяси-экономикалық ұғым. Қытай мен Жапония экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси жақтан да жиі «бәсекелеседі». Сол сияқты Қытай мен Корея, Корея мен Жапония да өзара ішкі ымырасын ұмытып, жиі түс шайысып қалады. Егер бұл елдерде өзара шынайы түсіністік орнаса, онда бүгінгіден де жоғары даму деңгейіне жетер едік. Әрине, бұл ұзақ әңгіме.
Қытай, Жапония, АҚШ секілді елдердің арасындағы саяси бәскелестіктің бәрі бізге әсер етеді. Біз осы елдердің ортасынан жол тауып келеміз... Қиын, әрине. Бірақ кез келген қиындықтың өзіндік мүмкіндігі бар. Корея елі қат-қабат қиындықтардың ортасында отырса да, өзінің жолын тапқан ел. Менің ойымша, Еуропа, АҚШ елдеріне қарағанда Шығыс Солтүстік Азия елдерінің даму қарқыны өте жоғары. Мұны соңғы кездері әлем экономикасын шыр айналдырған дағдарыстардан байқауға болады. Осы сынақтардан біздің ел қиналмай өтті. Өйткені, өндіріс пен экономика өте ілкімді байланыста орныққан.
Меніңше, Корея мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ықпалдастық енді басталады. Мен оған сенемін.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.