Көксу ауданында көшелі істер көп

Dalanews 10 ақп. 2017 07:03 754

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Алматы облысы Көксу ауданы әкімінің дәс­түрлі қорытынды есебі ақпан айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келді. Жиында халықтың әл-ауқатымен қатар, ер­теңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Олар ағым­дағы ұсақ-түйек мәселелерден гөрі жалпыхалықтық мақ­сат­тарға ден қойып, ортақ игілік үшін істелетін жұмыстарға назар аударды.

Алдымен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған топ мәдениет үйінің дәлізінде және екінші қабатында ұйымдастырылған көрмемен танысты. Сонымен қатар жиынға мәслихат хатшысы, мекеме, бөлім басшылары, , округ әкімдері, мектеп және балабақша директорлары, кәсіподақ және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңесі, бұқаралық ақпарат құралдары және аудан тұрғындары қатысты.

Облыста Көксу ауданы­ның өзіндік орны бар. Аудан басшысы Алмас Әділ халық алдындағы есебінде қоғамды демократияландыру арқылы билік пен халық арасын жақын­да­тудың тиімді жолы бүгінгі есепті кездесу екеніне тоқталды. Осыған дейін ауылдық округтерде 10 жи­ын өткізілген. Жұртшылық ол кез­де­сулерде 2016 жылы ұсы­ныл­ған пікір-өтініштердің қалай орындал­ғаны туралы сауал тастап, нәти­жесіне риза пейіл білдірді. Яғни, жыл басынан жеке және заңды тұлғалардан 511 өтініш түсіп, оның 129 қанағаттандырылса, 382-не түсініктеме берілді. Өтініш берушілердің негізгі бөлігін зейнеткерлер мен көпбалалы аналар құрайды. Олардың көтерген мәселелері тұрғын-үй, жол сапасы, жер мәселесі және ауыл шаруашылығына қатысты. Ал аудан әкімінің жеке қабылдауында 196 адам болды. Барлық сын-ескертпелер және өзекті мәселелер тұрақты бақылауға алынып, қажетті шаралар қабылданған.

Аудан әкімі бұл жұмыстар ту­ралы жиналған көпшіліктің алдында есеп беріп, онда аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық, мәдени дамуы жайында кеңінен баяндады.

- Қазіргі кезде ауданның 2016 жылғы даму бағдарламасы бо­йынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Өңірдегі басты бағыт ауылшарушылығы мен өнеркәсіпті дамыту болғандық­тан, өткен жылы өнеркәсіпте 10 млрд. 942 млн. Теңгенің (2015 жылғы көрсеткіш 8253 млн. теңге) өнімі өндіріліп, физикалық индекс көлемі 108,1 пайызды құрады. Көксу қант зауыты 2015 жылы 1558 млн. теңгеге 11,5 мың тонна өнім шығарса, 2016 жылы  3470 млн теңгеге 19,3 мың тонна өнім өндірді. Өнеркәсіп өндірісін арттыру мақсатында 2009 жылдан жұмысын тоқтатқан «Көксу Арна» ЖШС-нің сүт зауыты қайта жаңғыртылып, ағымдағы жылдың мамыр айынан 14 жұмыс орнымен іске қосылды, зауыт құрғақ сүт өнімдерін шығарады. Сонымен қатар, «АрКом.KZ» ЖШС-гі 200,0 млн теңгеге тері илеу зауытын ашу үшін құрал-жабдықтарын сатып алып, зауыт құрылысын жүргізуде.  (Зауыттың қуаттылығы жылына 50 мың дана тері илейді және жаңа 25 жұмыс орыны ашылады).       Нәтижесінде алдағы уақытта өнеркәсіп өнімдерінің тұрақты өсуі жоспарлануда, - деп Алмас Қабдулұлы өнеркәсіп саласында бір жыл ішінде атқарылған игі істерге тоқталды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа жолдаған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында аграрлық салаға баса назар аударғаны белгілі. Соған орай, аудан көлемінде қант қызылшасы 1297 гектарға себіліп, 45984 тонна өнім алынып, орташа өнімділігі 354 ц/т құрады.  Айта кетерлігі, өткен жыды аграрлық сектордыңжалпы өнімі 22 млрд. 295млн. теңгені (2015ж-21769 млн.тг.) құрап, нақты индекс көрсеткіші – 103,1 пайыз. Сонымен қатар, мал шаруашылығының аудан бойынша дамуы жайлы да айтылды жиын барысында. Нақтыласақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспарланған 357 бас, нақты алынғаны 359 бас немесе 100,5 пайыз. «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 3 шаруа қожалығы 1664 бас ұсақ мал алып, нәтижесінде, жоспар 158,5 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы негізінде 220 бас жылқы алынды. Мал шаруашылығында меншіктің барлық түрінде мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жалғастырылып, мал бастарының саны өсіп, мал өнімділігі артты.

- Құрылыс жұмыстары аудан көлемінде бірінші кезекте тұр. Өткен жылы құрылыс көлемі 8 млрд. 150 млн. теңгені құрап (2015 ж-5146 млн.тг), 151,8% пайызға орындалды. Есепті кезеңде 7346 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, (2015ж-8022 ш/м) оның 3341 шаршы метрі бюджет есебінен, 4005 шаршы метрі тұрғындар есебінен. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Балпық би ауылында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және Балпық би ауылының су жүйесінің құрылысы  аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге және қалыпта ұстау мақсатында Талапты ауылында орналасқан Көксу көшесіне, Жамбыл ауылындағы  Жамбыл, Ғарышкер, Балпық би ауылындағы Нұрпейісов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша 1 автобекет тұрғындарға Алматы, Жаркент, Үштөбе қалаларына және аудан ішінде жолаушы тасымалы қызметтерін көрсетуде. 4 автобус жол бағдарымы жүруде. Олар Балпық би-Ақтекше, Балпық би-Мәулембай, Балпық би-Жетіжал, Балпық би-Талдықорған бағыттары бойынша 16 елді-мекендерге қызмет көрсетілуде. Елді-мекендердегі көшелерді жарықтандыру бағдарламасы бойынша Жамбыл ауылының Ғарышкер көшесіне жарықтарды орналастыру жұмыстары жүргізілді, - деді аудан әкімі Алмас Қабдулұлы. Сонымен қатар, аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалар негізінде жұмыспен қамту, әлеуметтік сала, ауызсу мәселесін шешу және автожолдардың сапасын жоғарылату мақсатында жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өңір басшысының жыл ішінде атқарған жұмыстары мен биылғы жылға жоспарлары айтылған соң жарыс сөзге щығушыларға сөз кезегі берілді. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек, Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Рауан Түбекбаев, Т.Исабаев орта мектебінің атынан Раушан Атешова баядама оқып, ауданның көркеюіне аудан басшысының қосып жатқан үлесі зор екендігін жеткізді.

Бірауыздан "қанағаттанарлық" деген баға алған аудан әкімі есебінен соң, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қорытынды сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың дана басшылығымен 25 жыл­да ғасырға пара-пар жұмыс­тар тындырылғанын, әлі де өр­ке­ниет көшіне бет алған қазақстан­дықтар бірлік пен ынтымақ­ты ту етіп, биылғы Жолдауды үл­кен өрлеу үстінде қарсы алып отырғанын атап көрсетті. Аудан әкімінің есебі халықтан қолдау тапқаны нәтижелі еңбектің көрі­нісі екенін айта келе, кейбір тұс­тарда арқауын ширата түсетін мәселелердің бар екенін көлде­нең тартты.

"Биыл облыс бойынша апатты жағдайдағы мектептер санын жою күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 44 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Үшауысымды мектептер болмайды. Бұл - 2017 жылға қойып отырған межеміз", - деді облыс басшысының орынбасары.

- Білім мен денсаулық саласы қашан да өзекті. Ауданның облыс бойынша ҰБТ-і көрсеткіші 77,6 пайыз, ал "Алтын белгі" саны алтау. Білім сапасы - 46 пайыз. Мұғалімдердің 36 пайызы жоғарғы санатты және білікті мамандар. Бұл басқа аудандармен салыстарғанда жоғары көрсеткіш, -деген Жақсылық Мұқашұлы аталған салаға қатысты жұмыстар жасап, мәселені тездетіп шешуді тапсырды.

Жиын соңында Алмас Әділге бірнеше міндеттер жүктеліп, күрмеулі мәселелерді шешу жолында аянбай еңбек ететініне сенім артылды.

 

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ,

Еңлік ҚАБДЕШ,

Алматы облысы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар