Кешенді жоспар – жастарға бағыт береді

Dalanews 27 нау. 2023 05:37 1938

«Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын,

Жас болып та көрген күнің құрысын» деген екен, Әбдірахман Жәлел. Расымен, заман талабына сай білім алып немесе өзге бір тірліктің тетігін таба білмесе, қазіргі таңда ешкімге де оңай соқпасы анық.

Салыстырмалы түрде алып қарағанда, Қазақстан – жас мемлекет, қазақстандықтар – жас ұлт. Сондықтан елдегі жастарға қолдау көрсету мемлекетімізде ең өткір де өзекті мәселенің бірі.

Ел тұрғындарының 49 пайызын  29 жасқа дейінгі жастар құраса, 35 жасқа дейінгілер қарасы 59 пайызға жете-қабыл. Статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде 15-35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті қазақстандық жастар – 5,7 миллионға жетсе, балалар мен жасөспірімдер қатары 5,8 миллион шамасында.

Ал бұл жастардың дені қазір немен айналысуда, оларды жұмыспен қамту жолдары қандай, оның ішінде оқымаған жастардың орны қайда? Осы орайда біз еліміздегі жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларға бағдар жасап көрген едік.

Жастарды қолдауға мемлекетімізде 1999 жылы қабылданған жастар саясатының тұжырымдамасы, 2004 жылы «ҚР мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң және өзге де бірқатар құжаттар мен бағдарламалар қабылданып, жүзеге асу үстінде. Бұлар өз кезегінде денсаулық, білім, еңбек және жұмыспен қамту сынды салаларда жастардың құқықтарын қамтамасыз етіп, шығармашылық әлеуеттерін арттыруға мүмкіндік тудырады.


Жастарды қолдауға бағытталған Кешенді жоспардың соңғысы 2020 жылдың желтоқсан айында қабылданыпты. Мұнда «қолжетімді спорттан» бастап, жастарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту, жас ғалымдардың стартап жобаларын демеу секілді түрлі бағытта іс-шаралар жобасы жоспарға енген.

Жоспар 10 бағыт бойынша барлығы 55 тармақты қамтиды. Солардың негізгілерінің бірін атап өтер болсақ, мысалы, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау бойынша 5 көлемді пункт қарастырылған.

Оның біріншісі, жастарды, әсіресе, ауылдық жастарды NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Мұндағы негізгі бағдарламаның бірі – «Жастар тәжірибесі». Бағдарлама оқу орындарын бітірген жұмыссыз түлектерге арналған. Оқуын тәмамдаған кез келген 29 жастан аспаған жас үш жыл ішінде бағдарламаға қатыса алады. Бұрын бағдарлама бойынша жұмыс істеу мерзімі 6 ай болса, кейінгі жылы 12 айға дейін ұзартылды.

Сондай-ақ, жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жұмыс орнына бейімдеу мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бар. Қатысу мерзімі – 12 айдан 18 айға дейін созылады. Мұнда да жас шектеуі  29-ға дейін.

Түлектер үшін тағы бір оңтайлы жобаның бірі ретінде «Ұрпақтар келісімшартын» атап өтуге болады. Жоба мақсаты – зейнет жасына жеткен мамандардың орнын жастармен алмастыру. Бағдарлама аясында жас маман көпжылдық тәжірибесі бар зейнет жасына жақындаған маманмен тәжірибе алмасып, келешекте оның орнын басады.

NEET санатындағы жастар санын азайтып, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қолдау мақсатында  «Zhas Project» жобасы Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстарында іске асып келеді. Жоба бойынша жастар гранттық және тәлімгерлік қолдаудың негізінде өз мақсат, идеяларын жүзеге асыра алады.


Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесі ұдайы өткізіліп келеді. Онда ірі бизнес өкілдері, шағын және орта кәсіпкерлік иелері, мемлекеттік түрлі мекемелер өздеріндегі бос вакансияларға мамандар шақырады.

«Гоннавигация» атты ендігі бір жоба бүгінгі заманға сай, сұранысқа ие мамандықтарға басымдық береді. Жоба шеңберінде онлайн форматта жоғары сынып оқушыларына түрлі шеберлік сағаттары өткізіледі. Мұнда кәсіптік бағдар беру, жобалық ойлау, мансаптық траектория құру, эмоционалдық интеллект, командалық жұмыс, шешендік өнер сынды қабілеттерге баса мән беріліп, солармен жұмыс жасау жағы үйретіледі. Сондай-ақ, экономиканың жетекші салаларының мамандарымен, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің түлектерімен кездесулер өткізіліп тұрады. Аталмыш бағдарлама жоғары сынып оқушыларын мамандық таңдауда психологиялық тұрғыда даярлап, онлайн режимді тестілеуді де ұйымдастырады.

Осы орайда, инклюзивті қоғам құруға және дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау мәселесіне де тоқталмай өтуге болмас. Жастарды жұмысқа тарту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында мұнда да бөлінген гранттардың арқасында бірқатар жобалар іске асуда.

Жыл сайын еңбек нарығына өзінің алғашқы жұмыс орнын іздеп  үш жүз мыңнан астам жас қазақстандық шығады екен. Ал жоғарыдағыдай түрлі, сан саланы қамтитын жобалар белсенді жас үшін өз жұмысын тауып, ары қарай оны тұрақты жұмыс орнына  айналдыру қиынға соқпауы тиіс.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар