Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ұзақ уақыт бойы пара алып келген шенеуніктердің жасырын байлығын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтерді. Бұл туралы ол Мәжіліс отырысында айтып, Қаржылық мониторинг агенттігіне бірқатар нақты сұрақ қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Соңғы кездері қоғамда бір маңызды мәселе жиі талқыланып жүр. Мен бұл тақырыпта бірнеше мақала жарияладым. Сөз болып отырғаны – кеңейтілген конфискация туралы бастама. Оны қоғам қолдап отыр. Себебі қазіргі жүйеде біреу вагондап ұрлап, соның тек бір қапшық бөлігін ғана қайтарады да, қалғанын жымқырып қалады. Ал енді бір адам аз ғана көлемде ұрлап, тұтқындалып кетеді. Бұл әділетсіздік.
Сондықтан "кеңейтілген конфискация" деген тетікті заңдастыру қажет. Мысалы, шенеунік жылдар бойы пара алып келген делік. Тек ұсталған сәттегі ақшасын ғана мемлекетке қайтарады. Ал қалған $10 млн үйінде жата береді, туған-туыстарының атына жазылған. Мұндай жағдайда, шенеуніктің бүкіл заңсыз байлығын мемлекет меншігіне қайтару керек. Бұл норма заң жобасына ене ме?" – деді Мұрат Әбенов.
Депутат дропперлер мәселесін де көтерді. Яғни алаяқтардың шотына кездейсоқ немесе мәжбүрлі түрде ақша аударып, кейін өзі зардап шегетін делдал азаматтар туралы.
“Алаяқтардың қолына түскен ақшаны қайтара алмай отырмыз. Ұлттық банк бұл қаражаттың жүйеде тұрғанын айтады. Сонда неге қайтарылмайды? Қарапайым халық зардап шегіп жатыр”, – деді ол.
Сонымен қатар Мұрат Әбенов криптовалюта биржаларының әрекетіне де назар аударды. Оның айтуынша, зейнетке шыққан медицина қызметкері Халық банк картасы арқылы белгісіз “Monpay” атты криптобиржаға он шақты транзакция жасаған. Бұл — алаяқтыққа кең жол ашатын алаң.
“Банк деп көрсетіп тұр: ақша қайда кеткені белгілі. Бірақ бұл криптобиржаға неге тосқауыл қойылмайды? Неге оны тоқтатпаймыз?”, – деп ашына айтты депутат.
Мәжілісменнің бұл сауалдарына Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов жауап берді.
“Иә, дропперлікпен күресті күшейту керек. Бұл бағыттағы заң жобасына сәйкес, енді ұялы байланыс операторлары да қаржылық мониторинг субъектісі болады. Яғни, олар ақпаратты міндетті түрде беріп отырады. Осы деректер арқылы талдау жасап, нақты нәтиже шығады деп сенеміз”, – деді ол.