Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының ресми және іскерлік делегациясы Ресей Федерациясының Қорған облысына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл жайлы СҚО әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Еліміз бен көршілес мемлекеттің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық нығая түсуде. Соңғы бес жылда СҚО мен РФ арасындағы тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 700 миллион АҚШ долларына жетті. Алайда, бұл әлеуеттің шегі емес. Қорған облысының губернаторы Вадим Шумковпен өткен кездесуде екіжақты әріптестікті одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды. Осы мақсатта сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды", - деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бизнес-бастамалар мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл тақырыптар шекаралас екі облыстың іскер топтарымен өткен диалогтың өзегіне айналды. СҚО мен Қорған облысының кәсіпкерлері B2B форматында мәселелерге нақтырақ тоқталды.
Бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды: Қорған облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен СҚО-ның кәсіпкерлер палатасы арасындағы келісім, «Солтүстік» ӘКК жанындағы инвесторларды қолдау және инновацияларды дамыту орталығы мен «Агрокомплекс Кургансемена» ЖШҚ арасындағы меморандум, сондай-ақ «Кургандормаш» АҚ мен «Қызылжар» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Коммуналдық және арнайы техника шығаратын «Кургандормаш» «Қызылжар» аймағында кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Өндірістік әлеуетті тереңірек зерделеу мақсатында СҚО делегациясы «Кургандормаш», "Курганстальмост", «Вездеходы Бурлак» кәсіпорындары мен индустриялық паркке барды. Бұл нысандар өнеркәсіптік кооперация мен технология алмасу тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар Қорғанда тұратын қазақтармен жылы кездесу өтті. Жүздесу барысында қолдау, білім беру және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері қозғалды.
Сапар соңында облыс әкімі Қорғандық әріптестерге мазмұнды бағдарлама үшін алғысын білдірді. Бұл сапар мен қол қойылған меморандумдар мен келісімдер өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып, серіктестікке жаңа серпін бермек.