Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Тіл сарайында өткен «Латын графикасындағы жазудың тиімділігі» атты дөңгелек үстелде жаңа әліпбиге қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.
Басқосуды ақын, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым ашып, жүргізді. Өз сөзінде ол Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қоя отырып болашағымызға деген үлкен әрі нақты қадам жасап отырғандығын айтты. Сонымен қатар бұл ұлтымыздың рухани кодексі екенін және бастаманың мәні зор, мақтанарлық нәрсе деді.
Жаңа әліпбиге қатысты өткізіліп отырған басқосу барысында ақын, аудармашы, Халықаралық әдеби сыйлығының иегері Жүкел Хамай: «Біз латынға жаңадан келіп жатқан жоқпыз, онымен қайта қауышудамыз. Яғни, өткенімізді жаңғыртып, рухани жаңғыру жолына түсіп келеміз. 1929-1940 жылдары қолданылған латын қарпіне өзгерістер енгізу арқылы жаңа кезеңге аяқ басқалы отырмыз», – деді. Бұл жайында кең ауқымда пікір білдірген ақын ағамыз латын әліпбиіне көшу түркі әлемімен қарым-қатынасымызды нығайтып, достығымызды үдете түсетінін де айтты.
– Сыртта жүрген бауырларымыз бұл бастаманы қолдап, қуануда. Ендеше, біз де сол қуанышқа ортақ болып, ел болашағы үшін жасалып жатқан жаңалықты қуаттайық, – деді Ж. Хамай.
Елбасымыз латын графикасына көшудің негізгі нұсқасын бекітті. Ендігі жерде талқылауға емес, осы нұсқаны мүмкіндігінше қалай қолданысқа енгізу мәселесіне тереңнен үңілуіміз қажет деді жиынға қатысушылар.
Басқосудың кезекті сөзін ақын, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас алды.
«Ғалымдар бірнеше үлгідегі графиканы тиянақты талқыдан өткізді. Нәтижесінде көптеген ұсыныс ескеріліп, апострофтар арқылы жасалған графикалық нұсқасы тиімді деп табылды. Ғалымдармен бас қосқан Елбасы латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтіп, көп ұзамай қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Жалпы, осы қаріпке дүниежүзіндегі xалықтардың 70 пайызы көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшу соны нығайта түседі» – деді ол.
«Елбасының Жарлығын және шешімін қолдаушылардың бірімін», – дейді жиында сөз алған ардагер ұстаз Пәрменбек Жұмабайұлы. Оның айтуынша, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған шешім . Қазақ тілі өте бай тіл, латынға көшу арқылы біз соны көрсете аламыз. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз.
Дөңгелек үстел басында облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мұхит Тоқтасын қазақ тілінің латын қарпіне көшкенін қос қолдап қолдайтынын, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арылатынын айтты.
Жиынды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина қорытындылап, латын графикасына қатысты ойларын ортаға салған қатысушыларға алғысын білдірді.