Жетісудағы тәжірибе алаңына қант қызылшасының отандық тұқымы себілді

Dalanews 19 сәу. 2024 10:41 2030

Жетісу облысында ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға бағытталған жоба қолға алынды. Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен отандық тұқымды, сол сияқты интенсивті технологияны қолданудың тәжірибе алаңы ретінде көксулық шаруа қожалығының алқабына 28 гектарға 4 түрлі дақыл екті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы күні «Кең Дала» шаруа қожалығының базасына Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, егіншілікте қолданылатын биологиялық, химиялық қоспаларды және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компаниялар мен олардың дистрибьюторлық ұйымдарының өкілдері, жақын аудандарда тұратын шаруа қожалықтарының жетекшілері жиналды. 

Алқапқа әрқайсысы 7 гектардан 4 түрлі дақыл – қант қызылшасының, сояның, жүгері мен арпанның тұқымы егілді. Бұл ретте қант қызылшасының тұқымы отандық, яғни ғылыми-зерттеу институтының түрлі сорттарды будандастыру арқылы жасап шығарған тұқымның жаңа буыны.

Институттың ғылыми қызметкері Нұрсұлтан Мұсаходжаевтың айтуынша, тұқым елімізде жасалғандықтан, Қазақстанның климаттық ерекшелігіне, топырақ құнарының деңгейіне бірден бейімделе алады.

– Тоқсан жылдық тарихы бар біздің институт соңғы бес жылда қызылша тұқымымен айналыса бастады. Шетелдік тұқым селекциясының бір күрделілігі – қызылшаның аталығы мен аналығын лайықты сәйкестендіру, сол арқылы ары қарай көбейту біршама қиындық туғызады.

Бұл ретте біз аталығын Украинадан, аналығын Америкадан, мұнан соң Франциядан, осылай әр түрін әкеліп, стреске төзімді жетінші-сегізінші буынын шығардық. Кейін бұл төзімді тұқымды қазақстандық аналық тұқыммен будандастырдық.

Біз жасаған тұқым зиянкестерге, ауруларға қарсы препараттармен өңделген. Қазір елімізде қант қызылшасы тұқымының 95% шетелдік, отандық тұқым небары 5 % қолданылады. Біз өзіміздің отандық тұқымдарды неғұрлым сапалы жасап шығарсақ, соғұрлым шаруаларға да, елдің экономикасына да пайдалы, – дейді Н.Мұсаходжаев.

Алқапта қант қызылшасының отандық тұқымы 2 гектарға, шетелдік тұқымдары 5 гектарға егілді, алдағы уақытта бірдей күтіп-бапталып, кейін әр тұқымның өнімділігінің нәтижесі шығарылатын болады.

Сол сияқты соя, арпа, жүгерінің әрқайсысы 7 гектардан егіліп, оларға күтіп-баптау барысында «Август» ЖШС-ның арамшөптермен күресетін гирбицидтері, ауруларға қарсы қолданылатын фунгицидтері, сол сияқты зиянкестермен күресетін инсектицидтері қолданылып, олардың тиімділігі тексерілмек.

Бұл ретте аталмыш серіктестіктің Жетісу өңіріндегі өкілі Ерлан Бекпаевтың айтуынша, бұл ресейлік компания Қазақстандағы шаруашылықтармен 17 жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Ал диқандарға таныстырып, сапасын тәжірибе жүзінде көрсеткелі отырған бұл препараттары бұрынғыдан өзгеше, жаңа түр.

Маманның айтуынша, Жетісу жерінде негізінен шоңайна, көп жылдық қияқ, жатаған бидайық, итқонақ, шырмауық, 4 түрлі алабота, басқа да арамшөптер жиі кездеседі. Препараттардың осы арамшөптерге, жалпы зиянкестерге қарсы күші әлсіремеу үшін, олардың түрлері жыл сайын жаңаланып, өзертіліп отырылады.

Сондықтан жетісулық шаруаларға бұл препараттарды қолданудың нәтижесін көрсету үшін бүгін алқапқа себілген егістік маусым бойы аталмыш компанияның препараттарын пайдалану арқылы күтіп-бапталатын болады, оған компания мамандары да атсалыспақ.

Осы күні қызылша мен жүгері сепкіштер, тракторлар, автопилот жүйесі сияқты ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндіктері таныстырылды. Тәжірибе алаңындағы 28 гектар егістік осындай техникалардың көмегімен атқарылатын болады. Аталмыш техникалардың дені «Кең Дала» шаруа қожалығында бар болғандықтан, тәжірибе алаңы ретінде осы шаруашылық таңдалып алынғанын атап өту керек.

Оның үстіне аталған 4 дақылды өсіруде де «Кең Даланың» тәжірибесі мол. Мәселен, шаруашылық биыл 300 га қант қызылшасы, 200 га арпа, 150 га соя, 100 га жүгері еккелі отыр. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыс істейді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылардың саны 70-80 адамға дейін жетеді. Шаруашылық жетекшісі Қалибек Алпысбаев тәжірибе алаңы болып отырған өз алқабындағы жұмыстар нәтижелі болып, бұл бастама басқа шаруашылықтарға да пайдасын тигізеді деп сенеді.

Шараны ұйымдастырушы Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев бұл бастаманың облыстың аграрлық саласын дамытудағы ықпалы зор болатынын айтты.

– Бүгінгі себілген дақылдардың шығымы қандай болатынын жаз бойы бақылаймыз, нәтижесін салыстырып қараймыз. Қызылшаның отандық тұқымы мен қолданылған препараттардың тиімділігін, ауыл шаруашылығы техникаларының артықшылығын шаруаларға іс жүзінде көрсетсек дейміз. Сол мақсатта шамамен шілде айында осы алқаптың базасында тағы бір семинар жиынын өткізіп, жұмыстың нәтижесін бірге талқылаймыз.

Жалпы кез келген дақылды өсіргенде ғылыми негізге сүйену керек. Сонда ғана егіншілік өнімді болады.

Сондықтан біздің басты мақсатымыз - ғылым мен өндірісті ұштастыру, интенсивті технологияны қолдану деңгейін арттыру, сол арқылы өнімділікке қол жеткізу, өнімнің өзіндік құнын төмендету, сөйтіп шаруашылықтардың табысын арттыруға қол жеткізу, –дейді Н. Кененбаев.

Жалпы биыл облыста егін шаруашылығы бағытына 8 млрд. 550 млн. теңге бөлінді, соның 4,4 млрд. теңгесі басым дақылдарды, 2,6 млрд. теңгесі  минералды тыңайтқыштарды, 1,2 млрд. теңгеге жуығы тұқымдарды, 483 млн. теңгеге жуығы пестицидтерді субсидиялауға қарастырылып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар