Кеше, жексенбіде Тәжікстанда қатты жер сілкінісі болып, еліміздің оңтүстік өңірлері де оның толқынын сезді. Бұл Қытай сейсмологтардың күні кеше Орталық Азияда қатты жер сілкінісі болуы мүмкін екендігі туралы ескертуін растай түскендей. Одан бөлек әлеуметтік желіде табиғи апаттың осы бір түрін бізге жақындатушылар да пайда болған. ҚР ТЖМ халықты сабырға шақырып, бұл ақпараттарды белгілі бір деңгейде жоққа шығаруда. Ал осындай жағымсыз ақпараттар аясында Алматы қаласы маңындағы елдімекендерде жер телімі бағасы қымбаттап шыға келгенінің куәсі болып отырмыз, деп жазады Dalanews.kz.
Алдымен Қытай дабыл қақты
Онда да Мьянмада болған 7,9 балдық зілзаладан бірнеше күн бұрын. Сейсмологтар соңғы 150 жылдағы деректерді зерттеп, Қытай мен оған жақын аймақтарда жер сілкінісі қаупі жоғары болатын алты негізгі кезеңді анықтаған. Олар бұл кезеңдердің Жердің айналу жылдамдығы мен тектоникалық кернеудің өзгерістерімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Мамандардың пікірінше, қазір аймақ жаңа сейсмикалық белсенді кезеңнің бастапқы фазасына өтіп жатқан болуы мүмкін. Осыған байланысты қытайлық сейсмологтар Қытайда және көршілес аймақтарда магнитудасы 8-ге дейін жететін жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертті.
Одан бөлек, әлеуметтік желіде осы сипаттағы сыбысты үдетуші маман-сымақтардың да жазбасы пайда бола бастаған. Мәселен, солардың біреуі мынау...
Бұл жаңалықтардан кейін бір жыл бұрын әбден дүрбелеңге салынған алматылықтардан тағы да маза қашты. Еліміздегі Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы дүрбелеңге себеп жоқ екенін мәлімдеп, хабарлама таратуда.
Қазақстан мамандары не дейді?
Олардың айтуынша, Қытай мамандары жариялаған ақпарат тек Қытайдың аумақтарына – Лонгменьшань аймағында орналасқан Сычуань және Юньнань провинцияларына, сондай-ақ Шығыс Гималайға қатысты.
"Бұл өңірлер Қазақстаннан мыңдаған шақырым жерде орналасқан және мүлдем басқа сейсмикалық белдеуге жатады. Бұл зерттеу біздің еліміздің аумағымен ешқандай байланысы жоқ. Оның үстіне зерттеу ғылыми-гипотетикалық, нақты болжам емес. Ғалымдар белгілі бір жер сілкінісін болжамайды, олар бір геологиялық жарылым шеңберіндегі оқиғалардың циклдік сипатын талдайды. Кері ойды растайтын тақырыптар сенімсіз және адамды жаңылыстырады", – дейді сейсмологтар.
Орталық "Қытайдағы жойқын жер сілкінісі Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз" деген тұжырыммен де келіспейді.
"Тіпті, ең күшті жер сілкінісі де Қазақстанға әсер етуі мүмкін болатындай, зерттеуде көрсетілген өңірлер біздің аумағымыздан тым алыс орналасқан. СБЗҰҒО азаматтарды сабыр сақтап, дүрбелеңге түспеуге және бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлеуметтік желілерде таратылатын жарияланымдарға сыни көзқараспен қарауға шақырады", делінген хабарламада.
Жер телімдерінің бағасы көтерілгені рас па?
Бұл жағымсыз хабарламалар аясында жер сілкінісіне бейім Алматы қаласы маңындағы елдімекендерде жер үй мен жер телімдерінің бағасы бұрқ етіп көтерілген. "Крыша" сайтында жер телімін сатушылар бұрынғы бағаны біртіндеп жаңалап жатыр. Онда да қымбаттату тұрғысында. Мәселен, осыған дейін 8 сотығы 18 млн теңге болған Тұздыбастаудың (бұрынғы Калинин) элиталы ауданындағы жер телімінің бағасы 23-25 млн теңгеге дейін қымбаттаған. Сол секілді күні кеше 7 млн теңге болған Айғаным ауылындағы (ГРЭС жақ) 8 сотық жер телімі 8 млн теңге болыпты.
"Біз осы ауылға келгенде, яғни 12 жыл бұрын 8 сотық жер телімін 1 млн 200 мың теңгеге сатып алғанбыз. 5 жылдан соң газ келіп, баға бірден 4 млн теңгеге көтерілді. Былтыр Алматыда қатты жер сілкінгенде баға 7 млн теңгеге бір-ақ көтерілді. Сөйтіп қазақ-ұйғыр аралас ауыл едік, қазір арамызда орыстардың да қарасы көбейген. Олар, өтірік-шыны қайсы екенін білмеймін, әйтеуір зілзалаға түрткі жер асты тақтатастары жоқ болғандықтан осы араны таңдағандарын айтады. Қазір баға тағы 1 млн теңгеге көтерілді", - дейді "Айғаным" ауылының тұрғыны Қазбек.
Қалай дегенмен де Мьянмадағы, одан соң кешегі Тәжікстандағы жер сілкінісі бұл табиғи құбылыс кезеңінің белсенді фазада екенін аңғартқандай. Айтқандай, ресми деректер бойынша, Тәжікстанда бір күнде үш рет тіркелген жер сілкінісі кезінде бір бала қаза тауып, 30 үй, оның ішінде бір мектеп жартылай бүлінгені айтылады. Бұл жер сілкінісі толқынын Астана, Тараз, Кентау, Түркістан, Қазақстанның оңтүстігіндегі 20 шақты елдімекеннің және Өзбекстан мен Қырғызстанның тұрғындары да сезген.