Жетісу облысында журналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өтіп жатыр

Қаракөз Амантай 15 қар. 2025 13:00

Бүгін Жетісу облысында белгілі журналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған футбол турнирі басталды. Жыл сайын журналистердің басын қосатын маңызды спорттық іс-шара биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Турнирге Астана, Атырау, Өскемен, Қызылорда, Шымкент, Алматы және Талдықорған қалаларынан сегіз команда қатысып жатыр.

Ұйымдастырушы, журналист Есболат Айдабосын турнирдің мәнін атап өтті.

“Бұл турнир журналистер қауымының бас қосуына, кәсіби байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Командалар бір-екі күн күш сынасып, тәжірибе алмасады. Биыл қатысушылардың дайындық деңгейі де өте жоғары”, – деді ол.

Оның сөзінше, турнирдің жүлде қоры да елеулі.

“Бірінші орын – 1 миллион теңге, екінші орын – 700 мың теңге, үшінші орын – 500 мың, төртінші орын – 200 мың теңге. Сондай-ақ Бейсен Құранбектің ұстаздары Сайын Тұрсынов пен Нұртөле Иманғалиев атындағы арнайы жүлделер бар және алты-жеті номинация бойынша сыйлықтар қарастырылған. Сонымен қатар “Қала мен Дала”, “Жетісу” газеттері және Жетісу телеарнасының арнайы сыйлықтары беріледі”, — деді Айдабосын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар