Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау елордадағы тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің жұмысына шағымданды, деп хабарлайды Dalanews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттың сөзінше, Астана тұрғындары қоқысты түріне қарай бөліп тастағанымен, оны шығаратын компаниялар бәрібір араластырып, бір техникаға тиеп әкетеді. Мұндай жағдай халықтың сұрыптауға деген сенімін толықтай жойып отырғанын айтты.
«Үйде тамақ қалдықтары мен қатты қалдықтарды бөлек жинаймыз. Бірақ таңертең балам екі контейнердегі қоқысты бір ғана көлікке араластырып тиеп жатқанын көрген. Сонда бөлек жинаудың мәні қанша?» – деді депутат.
Ол бұл жүйенің қағаз жүзінде ғана бар екенін көрсететін нақты мысал екенін жеткізді.
Сонымен қатар Нұргүл Тау қалдықтарды жинау, іріктеу және қайта өңдеу жұмысымен айналысатын операторларға бөлінетін қаржының толық төленбейтінін де сынға алды. Оның айтуынша, 2024 жылға қарастырылған 7,5 млрд теңгенің тек 4,6 млрд теңгесі ғана аударылған.
«Қаражаттың толық бөлінбеуі компаниялардың жұмысына кері әсер етеді. Ақша жетпеген соң ең тиімсіз әдіс – қоқысты өртеу тәсіліне қайта оралып отырмыз», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, Астана маңындағы полигондарда заңсыз қоқыс орындарының саны күрт артқан. Ол журналистермен бірге бірнеше полигонды аралап шыққанын, жағдайдың тым күрделі екенін айтты.
«Елдің басшылығы отырған қаланың дәл іргесінде қоқыс тау болып жиналып жатыр. Бұл – өте ұят жағдай. Астана күннен-күнге қоқысқа көміліп барады», – деді Нұргүл Тау.
Ол сондай-ақ Экологиялық кодексте бұрыннан белгіленген қалдықтарды басқару тұжырымдамасын қайта-қайта өзгертіп, жаңа нұсқа әзірлеуге уақыт жоғалтудың қажеті жоқ екенін айтты. Ең маңыздысы – бар құжатты дұрыстап орындау.
«Құжат дайын тұр. Енді оны жыл сайын жаңартпай, нақты іске көшу керек. Астана маңын тазалау жұмысы әлі орындалмай жатыр», – деді депутат.
Сонымен бірге ол «Таза Қазақстан» акцияларынан кейін жиналған қалдықтардың да қайда жіберілетіні анық емес екенін, кейде ол қоқыс қайтадан рұқсат етілмеген үйінділерге айналып кететінін айтты.
Нұргүл Тау Экология және табиғи ресурстар министрлігін қалдықтарды сұрыптау жүйесін күшейтуге, операторларға қаражат бөлуді реттеуге және қаланың айналасындағы заңсыз полигондарды жедел жоюға бағытталған нақты шараларды қабылдауға шақырды.
