Жетісу облысында жол құрылысына қатысты дау: әкімдік ресми жауап берді

Ақтоты Жапатова 14 қар. 2025 21:00

Жетісу облысы Алакөл ауданында «Қабанбай–Көктұма» автожолындағы орташа жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты қоғамда туған сыннан кейін облыстық әкімдік ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әкімдік мәліметінше, жолдың 20–40 шақырым аралығын жөндеу бойынша «ЗаРа Гранд» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Жобаға сай, 20 шақырымға суық асфальт жамылғысын төсеу, су өткізу құбырларын ауыстыру, жол таңбалары мен белгілерді орнату жоспарланған.

Қазіргі атқарылған жұмыстар:

  • 20 шақырымға созылған ескі асфальт қабаты толық қырылған;
  • бір нүктеде су өткізгіш құбыр ауыстырылған.

Алайда әкімдік мердігердің жұмысына қатысты бірқатар елеулі мәселелерді атап өтті. Басқарма жол жөндеу жұмыстарын толық әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстап отырғандықтан, асфальт төсеу жұмыстарына әзірге ешқандай төлем жасалмаған.

Сонымен қатар ауа райының қолайсыз кезінде асфальт төсеуді тоқтату жөнінде мердігерге ресми ескертпе хат жіберілген, алайда компания бұл нұсқауды орындамаған.

«Жөндеу жұмыстарының баяу жүруіне байланысты мердігерге қосымша техника тарту және жұмыс қарқынын күшейту туралы үш рет ресми ескерту хат жолданды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Келісімшарт бойынша жолды толық аяқтау мерзімі – 2025 жылдың қарашасы. Әкімдік мердігер компания осы талапты орындамаса, оны жосықсыз мердігер ретінде тану туралы талап арыз Жетісу облысының мамандандырылған экономикалық сотына жолданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін қоғам өкілдері мердігердің қар мен батпақта технология бұза отырып жол салуын және бақылаудың әлсіздігін сынға алған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар